Жаңа мектеп есігін айқара ашты

Елімізде білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Кешегі Президент Жолдауында да осы салаға айрықша басымдық берілді. Ондағы басты мақсат – әр баланың сапалы, лайықты білім алуына барынша жағдай жасау.
мектеп5
1 қыркүйек –  Әулиекөл ауданындағы Аманқарағай ауылының тұрғындары үшін Білім күні ғана емес, ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Себебі, осы күні ауыл тұрғындары көптен күткен жаңа мектеп есігін айқара ашты. Бірақ, пандемияға байланысты бұл қуанышты ауыл болып қарсы алуға мүмкіндік болмады. Салтанатты шараға тек санаулы ұстаздар мен оқушылар қауымы ғана қатысты. Десе де, салтанатты рәсімге ерекше көңіл-күймен келген бүлдіршіндер ән салып, тақпақ оқып, өз өнерлерін ортаға салды.
мектеп9
Қуанышты шараға ортақтасқан аудан әкімі Ерлан Теменов те ауылдықтар үшін ғана емес, облыс үшін де маңызға ие жаңа нысанның ашылу салтанатымен әрі ұстаздар мен оқушылар қауымын білім күнімен құттықтады.
мектеп2
-Елбасымыз да, Мемлекет басшысы да өскелең ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім алу үшін барлық тиісті жағдайдың жасалуы керектігін айтудан жалыққан емес.  Міне, сол тапсырманы орындау аясында өңірде қазір балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін көптеген жағдай жасалып жатыр. Соның бір жарқын дәлелі, Аманқарағай ауылында көптен күткен жаңа қазақ мектебінің ашылуы. 320 орындық бұл білім ордасы балаларымыздың сапалы білім алуына да оң әсерін тигізері сөзсіз. Әрине, қазіргі жағдайға байланысты оқушылардың онлайн оқуына тура келіп отыр. Дегенмен, бұл қиындықтардың бәрі артта қалып, ауыл балаларының жаңа оқу ордасында білімдерін жалғастырар күн де туар. Осы білім ордасын сапалы әрі уақытында тұрғызып, абаттандыру жұмыстарын да мінсіз атқарған мердігер “Алюминстрой” ЖШС-нің  басшылығына да зор алғыс білдіреміз,  – деді аудан әкімі Е.Теменов.
мектеп
Сондай-ақ, салтанатты жиында “Алюминстрой” ЖШС директоры Дархан Әбдіков, педагогикалық еңбек ардагері Рыскүл Қайыркенқызы және ата-аналар қоғамының өкілі Оразғали Рахметов те құттықтау сөздерін айтып, ұстаздар қауымы мен оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
мектеп7
Содан кейін қонақтар жаңа мектептің сынып бөлмелері мен қызметтік бөлмелерін қарап шықты. Білім ордасының іші-сырты заман талабына сай безендірілген, яғни ауыл балаларының сапалы білім алып, алғырлығын арттыруға мүмкіндік мол.
мектеп3Мектеп директоры Ғалым Ерішевтың айтуынша, оқу ошағы толықтай компьютермен қамтамасыз етілген және интерактивті тақта да қойылған. Әртүрлі спорттық жабдықтармен, мектеп жиһаздарымен, спорт алаңдарымен, жылыжаймен де жабдықталған. Жалпы, жаңа мектепті салуға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған көрінеді.
мектеп8
Айта кетер жәйт, қазіргі таңда Ш.Шаяхметов атындағы Сұлукөл орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар осы жылдың 5 қазанында аяқталуы тиіс.
Әулиекөл ауданы
Аманқарағай кенті
Суреттерді түсірген Шыңғыс Сабыров.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓