Сақтыққа салғырт қарамайық!

Үкімет отырысында облысымыздың әкім Архимед Мұхамбетов екі апта ішінде аймақта пневмониямен ауруы екі есе қысқарғанын хабарлады. Бұл – қуантарлық жағдай. Дегенмен, босаңсып, жайбарақат жүретін уақыт емес қазір. Мемлекет басшысы коронавирус індетіне шалдығушылар мен соның салдарынан болатын өлім-жітімнің көрсеткішін одан әрі төмендетудің маңыздылығын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды. Мен бұған қосыламын. Себебі, жағдайдың түзеліп, тынышталғанын күту керек. Қай кезде болсын, асығып шешім қабылдамаған дұрыс.
WhatsApp Image 2020-07-30 at 10.25.32
Қазір статистика қарап отыратын болдық қой. Біздің өңірде коронавирустық инфекцияның 2354 жағдайы тіркелген, 6 адам қайтыс болыпты. Тұрғындарға ең алдымен санитарлық гигиенаны сақтау, шектеу қойылған елдерге бармаған жөн. Бұл халық үшін, адамның денсаулығы үшін істеліп жатқан жұмыс. Аты жаман аурудың тарауы өте тез. Әлемде қайтыс болған адамдар да көп. Бүкіл құрлықта тарады деуге болады. Демек, бұл өте қатерлі инфекция. Аймағымызда жұқпалы індеттің таралу қаупінің өршуі себепті шектеу шаралары мен карантин енгізілсе де, жергілікті халық өз дегенін істеп әлек. Осы келеңсіздіктің кесірінен күннен-күнге коронавирус ауруына шалдыққан адамдар көбеюде. Жергілікті БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы халық бұл аурудың қаупін өте жақсы білсе де, елемейтін сыңайлы. Көшеде бетперде киіп жүрген адамдар бірен-саран. Қоғамдық орындарда да осы жағдай.
Індеттің тез таралуына әсерін тигізіп жатқаны – той тойлау. Қай заманда да ат шаптырып, той тойлап келе жатқан қазақпыз ғой. Дегенмен де, әр нәрсенің өз уақыты болады. Белді тәуекелге буып, алыс-жақынды шақырып, тойын да жасап, асын да беріп әлек. Бір жағынан қыз ұзатып, ұл үйлендіруді кейінге шегере беру де дұрыс емес шығар. Ересектер екі жастың үлкен өмірге қолұстасып бірге аттанар жолын кеспеген абзал деп білер. Таныс-туысың өмірден озғанда мәңгілік сапарына шығарып салып, қоштасып қалмасаң да қиын. Бірақ қазіргі жағдайды ескеріп, коронавирустан сескеніп барып әрекет ету керек болып тұр қазір. 
Біз – бір халықпыз. Олай болса, жауапкершілігіміз де бір. Мұндай жағдайдан шығу үшін ең қажеті – бәріміздің жауапкершілігіміз.
Осы тұста ақ халатты жандар туралы бірер сөз айтқым келіп отыр. Қазір дәрігерлерге мемлекеттік қолдау шаралары жасалуда. Коронавирустық инфекциямен күресетін қызметкерлерді ынталандыру мақсатында 1,2 млрд теңге көлемінде қосымша төлем жасалыпты. Аудандарға компьютерлік томография, сандық рентген аппараттары, МРТ-аппараттары сатып алынып жатыр. Қазақстан бұған дейін құс тұмауы, шошқа тұмауы сияқты инфекцияға қарсы тұра алды. Біраз тәжірибе жиналды. Біздің медицинаның күші жетеді деп ойлаймын. Облысымызда 1480 адам сауығып шыққан. Дегенмен, дәрігерлерге моральдық тұрғыда қолдау көрсеткен абзал. Оларға да жан жылуы, мейірім жетіспей жатады. Елімізде коронавирус алғаш шыққанда Қазақстан дәрігерлеріне арнап «Айналайын дәрігерім» атты ән жариялаған едім. Әннің сөзін ақын Жақып Қалиев жазған болатын. Бұл ән әлеуметтік желілерге лезде тарап кетті. Көптеген дәрігер алғысын айтып, хабарламалар жіберді. Көпшіліктің үрейін туғызған коронавирус індеті бүгінгі таңда өршіп тұрғанымен, ақ желеңді абзал жандардың арқасында дертінен дер кезінде құлан таза айыққандар да бар.
Облыс тұрғындарын карантин талаптарын орындауға шақырамын. Мемлекет басшысының сөзін тыңдайық. Сақтыққа салғырт қарауға болмайды, қостанайлықтар!
Қалибек Деріпсалдин,
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓