Қ.Тоқаев: “Ойлы да батыл әрекет керек”

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін бейнебайланыс арқылы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Бұл жиында мемлекет басшысы ушығып тұрған көптеген мәселеге тоқталды. Мәселен, бюджетке, экономика мен азаматтардың қауіпсіздігіне шынайы зиян тигізетін заңбұзушылықтарға баса назар аудару керектігін еске салды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды. 200710140853007e«Қазіргі жағдай құқық қорғау органдары тарапынан нақты шешімдер мен әрекетті талап етеді. Осынау күрделі кезеңде бюджетке, экономика мен азаматтардың қауіпсіздігіне шынайы зиян тигізетін заңбұзушылықтарға баса назар аудару керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президент сонымен бірге кейбір әкім ескерту мен қатаң ескерту алғанын еске салды.
«Жалпы бүкіл әкімдер мен министрлер осындай жазаға лайық. Алайда қазір біз әлеуметтік-экономикалық дамудың сыни кезеңінде тұрмыз. Үкімет пен әкімдерге дағдарыстан шығу үшін ойлы да батыл әрекет керек. Себебі дағдарыс ушығатын секілді. Бұл – әлемдік экономиканың болжамы. Ал Қазақстан оның бір бөлігі. Осымен жаздың жартысы өтті. Министрлер, әкімдер, Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне ешқандай еңбек демалысы жоқ. Өйткені, төтенше жағдай орын алып отыр. Демалыс деген сөзді ұмытыңыздар», – деді Президент
Ол сондай-ақ, жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет екенін тілге тиек етті.
«Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек», – деді Мемлекет басшысы.
Коронавирусқа қатысты ахуал жақсармаса Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайтыны да айтылды. Сондай-ақ, кадр мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
«Қазір сапалы жаңа міндеттерді орындау үшін кадрларды ірктеу барынша маңызды міндетке айналады. Жаңа бағдар білімді, табанды, бастамашыл, іскер әрі адал жаңа орындаушыларды көздейді», – деді ҚР Президенті.
Осы ретте Мемлекет басшысы бүгінгі Үкімет отырысына қатысқандар жоғарыда аталған критерийлерге сай келу-келмеуін ойлауы қажеттігін айтты.
«Енді ойланыңыздар: Осы жерде отырған команда аталған критерийлерге сай ма. Үкімет мүшелері, әкімдер өздерінің мүмкіндіктерін парасатты түрде бағалайды деп ойлаймын. Дегенмен, бізде өзін-өзі сынау және мемлекет пайдасы үшін шешім қабылдау қиындау», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы үнем жайында да мәселе қозғай өтті.
«Денсаулық сақтау, білім мен көмірсутегі құрамы аз технологиялар, ғылым мен экология ерекше назарды талап етеді. Басқаша айтқанда, біз экономиканы халыққа бұруымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Мемлекет басшысы осы ретте қаражат тиімді жұмсалуы керектігін ескертті.
«Күмәнді стратегиялар мен бағдарламаларға қаражат пен күшті бағыттауға қақымыз жоқ. Ұлттық экономиканың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылымдық реформаларды қолға алатын уақыт келді», – деді ол.
Мұның сыртында, ол өзінің екінші Жолдауында экономикалық серпінге бастайтын жаңа шараларды ұсынатынын мәлім етті. 
«Бүгін біз пандемия кезінде экономикамызды даму жолына шығаратын маңызды әрі осы кезең үшін шұғыл мәселелерді қарастырдық. Дегенмен, өзімнің екінші Жолдауымда экономикалық серпінге бастайтын жаңа шараларды ұсынатын боламын», – деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Сонымен бірге, Президент қазіргі дағдарыстың шикізаттық сипатта экономикамызға қауіпті екенін және оның барлық атрибуттары көрсетілген жаңа бағыт керектігін айтты.
Президент сөз еткен маңызды мәселелердің бірі алдағы оқу жылын ұйымдастыруға қатысты болды.
«Үкіметке жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл, халқымыздың 99,3 пайызын қамтиды. Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. Мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады», – деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Сонымен бірге, Қ. Тоқаев мектептер балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы іске жарағанын айтты.
«Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс. 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Министрліктің бұл оқиғаға дайындығына күмәнім бар. Балалар қалай оқиды – мектепте немесе қашықта? Мұғалімдердің жаңа оқу жылына дайындығы қандай?», – деп сұрақ қойды Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, видеобайланыс арқылы өткен жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Сондай-ақ, коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин, ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓