Абайлаңыз! Алаяқ!
Рудныйда қарттарды алдап, қалтасын қаққан алаяқтар іздестірілуде. Әккі ұрылар, әсіресе, жалғызбасты жандарды жағалайды. Тек осы жылдың өзінде 4 зейнеткер бар жиған-тергенін алаяқтарға ұстатып, сан соғып қалыпты.
Кеше ғана қылмыскердің құрығына түскен Татьяна (аты өзгертілген) қартайғанда дәл осылай алданамын деп әсте ойламаса керек. 84 жастағы кейуананы өзі есік ашып, үйіне кіргізген қонағы тонап кеткен.
– Бейтаныс ер адам өзін әлеуметтік қызметкермін деп таныстырып, 15 мың теңге көлемінде жәрдемақы әкелгенін айтты. «Ұсақ ақша жоқ еді, мына 20 мың теңгені алып, 5 мыңын қайтып беріңіз» деп өтінді. Қазір карантинге байланысты мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек көп қой. Соның бірі екен деп, ойланбастан артық соммасын қайтып бердім. Кейін байқап қарасам, маған бергені жалған ақша екен. Есімді жиғанша, әлгі жігіт із-түссіз кетті. Қайта арзанға түскеніме шүкіршілік етемін, – дейді кейуана.
Алаяқтар қарттарды алдап-арбау үшін қатты еңбектенбейді де. Көбі кәдімгі қызылмен жазылған ескертуі бар «ойыншық» ақшаны пайдаланатын көрінеді.
– Жыл басында қаламызда дәл осындай алаяқтық фактісі тіркелген болатын. Бүгін«15 мың теңгенің жыры» тағы да қайталанып отыр. Мен барлық ата-әжелерімізді, олардың балалары мен немерелерінсақ болуға шақырамын! Бейтаныс біреуден ақша алудан бұрын оның нақты кім екеніне көз жеткізіп, жеке басын анықтауға тырысыңыз, сізге не керек екенін біліп алыңыз. Күдік туындаса, бірден полицияға «102» нөміріне қоңырау шалған жөн, –дейді Рудный қалалық Полиция басқармасы мүліктік қылмыстарды ашу бөлімінің басшысы Асқар Мағажанов.
Қарттарды сан соқтырып жүрген аялақтардың бұл қолданатын жалғыз әдісі емес. «Гипноз» деген құрық тағы бар. Бұған да ылғы сенгіш зейнеткерлер түссе керек. Мысалы, өткен жылы рудныйлық зейнеткер 500 мың теңгесінен қағылды. Ол өзіне телефон шалып, ақшалай көмек сұраған өтірік «туысқанының» айтқанына сеніп, бейтаныс кісіге қомақты қаржыны ұстатып жіберген. Мұндай жағдайларда қылмыскерді табу өте қиын. Өйткені олар симканы бір мақсатқа ғана пайдаланып, айласын асырған соң көзін жойып отырады.
Айта кетейік, аталған фактілерҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық»талаптарына сәйкес келеді. Бұл бап бойынша қылмыскерге 1000 АЕК көлімінде айыппұл салынады немесе 2 жылға дейін бас бостандығына шектеу қойылып, тіпті мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ