Тәртіпке бағынған құл болмайды!
Қазір коронавирус десе елең етпейтін адам жоқ. Тіпті, жас баланың өзі мұның не екенін жақсы біледі. О баста Қытайдың Ухань қаласынан басталған жұқпалы індет ол жақтағы 80 мыңнан астам адамды дертке шалдықтырып, біртіндеп әлем елдеріне тарала бастады. Ресми ақпараттарға сүйенсек, қазір шартарапта COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны миллионнан асып кеткен. Бүгінде төрткүл әлем осы бір қатерлі вирусқа қарсы жұдырықтай жұмылып, күресіп жатыр. Әлем ғалымдары індетке қарсы вакцина шығаруды қолға алды. Әзірге, нәтиже жоқ. Ал аты жаман індет айылын жияр емес. Күннен күнге өршіп барады. Шетелдегілер сияқты біздің ел де коронавирусқа қарсы күрес шараларын күшейтті. Вирустың ошағына айналған ірі қалаларда 16-наурыздан бастап карантин жарияланған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі халыққа бірнеше рет үндеу жариялап, сақтық шараларын тиісінше қатаң ұстану қажеттігін айтудай-ақ, айтып жүр. Дәрігерлер мен тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Бұл дөңгеленген дүниені дүр сілкіндірген бейдауа дерттің адамзат баласы үшін аса қауіпті екенін білдіреді. Бұдан қалайда сақтанбаса болмайды. Сондықтан, ел ішінде түрлі сақтық шаралары қолға алынғаны белгілі. Қоғамның ең басты құндылығы адам десек, оның бас амандығы үшін кепіл мемлекетке әрбір қазақстандықтың денсаулығы аса маңызды. Демек, қанша жерден экономикалық даму көрсеткіштері төмендесе де, сын сағатта басты байлық үшін бас қатырмасқа болмайды. Біздің ғана ел емес, дүниежүзіндегі жағдай солай.
Қалың көпшілікке белгілі, облыстың бас санитарлық дәрігері В.Нечитайлоның бұйрығына сәйкес өңірде 17-ші сәуірден1-ші мамырға дейін карантин жарияланды. Осыған байланысты көптеген кәсіпорын өз жұмысын уақытша тоқтатты. Білім ошақтары наурыз айынан бері оқушыларды қашықтан оқытып жатыр. Көлік қозғалысы шектелді. Бұл оқшаулау кезеңіндегі ең оңтайлы тәсіл. Тәңірдің өзі сақтанғанды ғана сақтайды. Қазіргі жағдайда дәл осы тәмсілге мойынұсынудан өзге амал жоқ. Бетін әрі қылсын, маңайды минут сайын меңдеп бара жатқан індетке карантиннен басқа қарсы тұрар «қару» болмай тұр, әзірге. Олай дейтін себебіміз, ауруды емдеп жазуға қауқарлы деген дәрігерлердің өзі вирусты жұқтырып алып жатқанын күнделікті естіп, біліп отырмыз. Мұның бәрі бойында сырқат белгісі байқалған адамдармен байланысқа түскеннің кесірі. Бірақ, кейбіреулер осы бір қатерлі індеттен сақтануға немқұрайлы қарайтын сияқты. Билік басындағылардың, құзырлы орган өкілдерінің талабына пысқырар емес. Арты жақсылыққа апармайтынын білсе де, ескертулерге құлақ асқысы келмейді. Соның кесірінен облыс бойынша коронавирус жұқтырғандар саны қырыққа таяды. Бір адамның ауыр дерттен көз жұмғанын білеміз. Күні кешеге дейін біздің өңір республика бойынша індеттен ада жалғыз ғана облыс болса, енді бейдауа кеселге ұшырағандар саны жағынан «көштен қалар емес». Әсіресе, Жітіқара ауданында вирус жұқтырғандар күрт көбейді. О баста ауыр дертке шалдыққан екі қарт кісі ауруханаға жатқызылған еді. Оның бір қайтты, екіншісі ем қабылдап жатыр. Артынша дәл осы ауданда сырқаттанғандар саны біртіндеп көбейе бастады. Тіпті, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы түгел оқшауландырылғаны жөнінде «Қостанай таңы» жазған еді. Үсті-үстіне түсіп жатқан соңғы мәліметтер Арқалықта, Рудныйда, Денисов ауданында, Қостанайда кесел жұқтырғандар анықталғанын көрсетті. Бұл, ортақ талапқа, оңтайлы шешімге бағынбаудың салдары екендігі шүбәсіз. Жаман ауру жер жүзіне таралғалы әлеуметтік желілерде түрлі аудиожазба, видеолар көбейіп кетті. Оның басым бөлігі коронавирус кеселінің «ойдан шығарылғаны», «дүниежүзілік саясаттың ойыны» етіп әспеттеп әлек. Мұның анық-қанығын ешкім білмейді. Мүмкін қатерлі кезеңді өз пайдаларына асыруды көздеуі де бек-мүмкін. Сондықтан, мұндай ұшқары, бостекі әңгімеге ерудің еш қисыны жоқ. Іс насырға шаппасын десек, барлық талапты мүлтіксіз орындау парыз. Тәртіпке бағынған құл болмайды! Бауыржан Момышұлының осы сөзін әркім қазіргідей сын сағатта жүрек түкпіріне түйіп сақтаса, қанекей.