Ешкім көмексіз қалмайды
Төрткүл дүниені тітіреткен індет аптығын басар емес. Әзірге, жер-жаһанды ушықтырған жағдай жақсармай тұр. Минут сайын тарап жатқан жұқпалы дерт бүкіл әлемді үрей құшағына орап тастаған. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде дүние жүзі бойынша миллионгға жуық адам коронвирус жұқтырған көрінеді. Індеттің ауқымы кеңейген сайын қауіп те күшейді. Қазақстан Үкіметі де қарап жатқан жоқ. Сақтық шараларын қамдап жатыр.
Соның бір парасы несиеге қатысты. Карантин уақытында қысқартылған жұмыс күніне байланысты, немесе жұмысы тоқтаған азаматтар берешектерінен қалай құтылады? Көбісінің жұмысы тоқтады. Бірқауым ел жарты күндік жұмыс тәсіліне көшті. Мұның бәрі адамдардың қаржылық жағдайына әсер етері сөзсіз. Үкімет мұны да есепке алып отыр.
Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты банкке берешегі бар қазақстандықтардың барлық несиелерін төлеу кейінге қалдырылды. Күні кеше ТЖ жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында ел Президенті Қ.Тоқаев осындай тапсырма жүктеді. Ол мұндай бастамаға банктердің түсіністікпен қарайтындығына сенім білдірді. Өйткені, карантиннің кесірінен елдегі кәсіпкерлік нысандардың 80%-і жұмысын тоқтатты. Халық табыс көзін жоғалтты. Отбасына кіретін кіріс азайып кетті. Коронавирус азаматтардың денсаулығына ғана емес, тұтастай елдің экономикасын әлсіретіп барады.
Ел аумағында төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты кәсіпкерлер шектеулердің кесірінен келген шығындарын есептеуге кірісті.
Халықтың қаржылық жағдайын оңалтуға бағытталған игі шаралар туралы біз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қостанай қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Әсет Қуанышбаевтан сұрап білген едік.
– Мемлекет басшысының төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру бойынша үстіміздегі жылдың 23 наурыздағы тапсырмасын іске асыру үшін Агенттік 24, 25 және 26 наурызда Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен, екінші деңгейдегі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен талқылау жүргізд. Оның нәтижесі бойынша төтенше жағдай кезеңінде халыққа және кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету шараларын іске асырудың жан-жақты тәртібі бекітілді.
Біріншіден, төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібі екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, ломбардтарды, онлайн-кредиттеу компанияларын, кредиттік серіктестіктерді, оның ішінде бұрын көрсетілген ұйымдарға, заңды тұлғаларға, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға жүктеліп отыр. Негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру кредиттік ұйымдар 2020 жылғы 16 наурызға дейін берген барлық банктік қарыздарға, микрокредиттерге қолданылады және 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы 90 күн кезеңіне беріледі.
Халықтың әлжуаз топтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін банктік қарыз немесе микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді тоқтата тұру өтініштерді растайтын құжаттарды талап етпей және қосымша келісімдерге қол қоймай, қарыз алушының келісімімен жеке тұлғалардың мынадай санаттары үшін жүзеге асырылады: «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына – Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлеріне шалдыққан адамдар, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде көз жұмған адамдардың отбасылары жатады,-дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органда тіркелген жұмыссыздарға көмек көрсетіледі. Жеке тұлғалардың тізімдері кредиттік ұйымдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және кредиттік бюролардың ақпараты негізінде ұсынылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде қаржылық жағдайы нашарлаған жеке тұлғаларға банктік қарыз немесе микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді тоқтата тұру өтініш негізінде, растайтын құжаттарды ұсынбай тұрып карантиннің енгізілуіне байланысты уақытша жұмысқа жарамсыз; ақы төленбей еңбек демалысында жүрген; жұмыстан шыққан, еңбек шартын бұзған және өзге еңбек шартын тоқтатқан; жалақысы немесе өзге кірістері төмендетілген немесе төлеу тоқтатылған; егер қызметкер аумағында төтенше жағдай немесе карантин қолданылатын жерге баруына шектеу қойылуына байланысты жұмыс орнында бола алмаған жағдайда немесе қаржылық жағдайының нашарлауын куәландыратын өзге де себептер бойынша жүзеге асырылады. Қарыз алушының өтініші қаржылық жағдайдың нашарлау себебі көрсетіліп, ол электрондық пошта, «банк-клиент» жүйесі, ұйымның интернет-ресурсы, мобильдік қосымша сияқты байланыс құралдары арқылы жіберіледі. Кредиттік ұйым қарыз алушының өтінішін 10 жұмыс күні ішінде қарайды. Бұл ретте кредиттік ұйым жеке тұлғаның қаржылық жағдайының нашарламағаны туралы ақпарат болған жағдайда бас тарта алады. Төлемдерді тоқтата тұру кезеңінде кредиттік ұйым қарыз алушылар бойынша шағым-талап жұмысын және мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі туралы қарыз алушыны хабардар етуді тоқтатады.
Әсет Қуанышбаевтың айтқанындай, елдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге банктік қарыз немесе микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді тоқтата тұру қарыз алушының өтініші және қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, кредиттік ұйым қызметі төтенше жағдай режимімен шектелген экономика салаларында қызметті жүзеге асыру, оның ішінде сауда секторы, ойын-сауық-сауда орталықтарын жалға алушыларды қоса алғанда, халық тұтынатын тауарлардың дүкендері, тауарлар жеткізу тізбесі, туроператорларды және турагенттер, жолаушылар, жүк тасымалдау секторы, мейрамханалар мен кафелер, қоғамдық тамақтану секторы, тұрмыстық қызмет көрсету секторы, театрларды, кинотеатрларды, фото- және бейне түсіруді, көрмелерді және конференциялар, бос уақытты және демалысты ұйымдастыру, мерекелерді ұйымдастыру, сән салондары мен фитнес орталықтары, не төтенше жағдай кезеңінде сатылған тауарлар және көрсетілген қызметтер көлемінің төмендеуі, сатып алушылардан ақы төлеу мерзімдері кешіктірілгені, тоқтатылғаны, ауыстырылғаны, қызметкерлердің штат санының қысқарғаны расталған кезде немесе басқа объективті себептер бойынша қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.
2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде несиелік ұйымдар төлемдерді тоқтата тұру туралы өтінішті қарағаны және тиісті шарттарды өзгерткені үшін қарыз алушыдан комиссиялар мен өзге де төлемдерді алмайды.