Бір тәулік ішінде 833 адам тексерістен өтті
Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері өңірде коронавирус індетінің тарулына жол бермеу және оның алдын алу бағытында күн сайын орасан зор жұмыстарды атқаруда.
Байланыста болған адамдарды анықтау, шекарадағы кезекшілік және карантинге жіберілген адамдарды бақылау – бұл олардың күнделікті жұмысының бір бөлігі ғана. Үйлерінде күтіп отырған отбасыларына қарамастан, департаменттің ондаған тәжірибелі мамандары өздерінің қызметтік міндеттерін орындау үшін облыс шекарасына шықты. Арнайы костюмдер мен бетперде киген олар кез келген ауа-райы мен тәулікке қарамастан біздің өңірге сырттан келген азаматтарды қарсы алып, тексерістен өткізіп отырады.
Бүгінгі күні мемлекеттік шекарада облыстың алты санитариялық-бақылау пунктінде тәулік бойы келген азаматтар тіркеледі, олар қажеттілігіне қарай карантинге алынып, емдеуге жатқызылады немесе транзиттік жолаушылар жіберілетін көрші өңірлерге жіберіледі. Тек, өткен тәулікте ғана Қостанай облысының шекарасынан өткен 833 адам арнайы тексерістен өткізілді.
Барлығы бақылауға алынды. Үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері мен жолаушыларына елде енгізілген карантиндік шаралар жайлы және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік туралы хабарлама беріледі. Арнайы құрылған мониторингтік топ үлкен жұмыс атқаруда. Облыста күн сайын 40 бригада рейдтік іс-шаралар өткізеді. Мәселен, 20-27 наурыз аралығында 3027 әлеуметтік маңызы бар нысан тексерілді.
Департамент мамандары тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі талаптарды түсіндіріп, оған түсіністікпен қарауға шақыруда. Азаматтар елде қалыптасқан жағдайдың барлық маңыздылығын түсіне отырып, мониторинг топтарының жұмысына түсіністікпен қарайды. Дегенмен, төтенше жағдай талаптарын бұзатындар бар, мәселен Қостанай облысында апта ішінде ғана 25 әкімшілік хаттама жасалған. Бүгінде облыстың барлық ведомстволары мен мекемелері – әкімдіктер, медициналық ұйымдар, күш құрылымдары, шекара қызметтері аталған індетке күреске жұмылдырылған.
28 наурызда Қостанай облысында 97 адам ауруханаға жатқызылды. ТМД елдерінен 1868 адам, басқа елдерден келген 22 адам үй карантинінде. Өзін-өзі оқшаулаудағы (карантин) барлық адамдарды емдеу ұйымдары күн сайын тексеруде, сондай-ақ 600-ден астам адам қоңырау шалу алу арқылы бақылауға алынған. Ал, үйде карантин ережелерін сақтамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.