Шектеуге шекесінен қарағандар
Төтенше жағдай мерзімінде көпшілік жиналатын ойын-сауық, көңіл көтеру орындарының жұмыс тәртібіне шектеу енгізілгені белгілі. Бірақ аймағымызда бұл тәртіп әлі сақталмай отыр. Өткен тәулікте өңірімізде төтенше жағдай режимін бұзған 10 оқиға тіркелді. Олардың барлығы – дәмханалар. Бұл жөнінде облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Қостанайда 3, Жітіқарада 3, Рудныйда 2, Қостанай ауданында 1, Амангелді ауданында 1 дерек анықталды. Дәмханалардың қожайындары әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұл облыс ымыздағы төтенше жағдай режимін бұзудың алғашқы дерегі емес.
Ал бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде дәл осы мәселені алға тартып, шектеулердің жиі бұзылатынын сынаған болатын. Мемлекет басшысы 16 наурыздан бері Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында төтенше жағдай режимін бұзудың 18 дерегі анықталғанын атап өтті.