Журналистер денсаулығын тексертті
Бүгін облыстық Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының мамандары артериалды гипертонияның, инсульттың, қан диабеті, әйелдер арасындағы сүт безі ауруының алдын алу, тұрғындарды Саламатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында алғаш рет “Қостанай таңы” газетінде акция өткізді. Айтулы іс-шараға көршіміз “Костанайские новости” газетінің тілшілері де ерекше ықылас танытты.
Шара барысында елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын дәріптеп жүріп, өздерінің жағдайын ұмытып кететін тілшілер қауымының өз денсаулығы жайында толық мәлімет алып, сырқаттарын анықтап алуына барлық жағдайлар жасалды. Мәселен, орталық мамандары гипертония, инсульт, қант диабеті, сүт безі обырының алдын алудың маңыздылығын түсіндірсе, ал қалалық №1 емхана дәрігерлері акцияға қатысушылардың артериалды және көз қан қысымын өлшеп, қандағы қант, холестерин мөлшерін анықтады. Сондай-ақ, қыз-келіншектер маммологқа тегін қаралу мүмкіндігіне ие болды.
-Біздің орталықтың ғана емес, жалпы өңірдің тыныс-тіршілігін насихаттап, халықтың жоғын жоқтап, мұңын жырлап жүрген тілшілер қауымының да бір мезет өздерінің денсаулығына көңіл бөліп, редакциядан шықпай-ақ тегін қаралуына мүмкіндік туғызу масқатында біз бүгінгі іс-шараны өткізіп жатырмыз. Біздің мамандар мен дәрігерлер тілшілердің денсаулығын тексеріп, оларға дұрыс тамақтану тәртібі, жалпы саламатты өмір салтын ұстанудың қағидаларымен бөлісуде. Жасыратыны жоқ, қазір көбіміз дәрігерге уақытылы қаралмаймыз. Тіпті, жәй ғана ауру деп қан қысымы сияқты дерттерге де көңіл бөлмей жатамыз. Бүгінгі шараға қатысып жатқан журналистер арасында да қан қысымы жоғарылары кездесіп жатыр. Біз оларға өздерінің жергілікті учаскелік дәрігерлеріне қаралуға кеңес берудеміз, – дейді терапевт дәрігер Мәділхан Есжанов.
Орталық мамандары акцияға қатысушыларға күнделікті күйбең тірлікті ұмытып, біруақ өз денсаулықтарына көңіл бөлуге кеңес берді. Дәрігерлік тексеруден өткендердің ішінде 4 адам жоғары артериалды қан қысымы және 12 адам холестерин, ал 6 адам қандағы қант мөлшерінің көбеюі бойынша арнайы мамандарға жіберілді. Сондай-ақ, маммалог дәрігер 10 әйелге қайтадан дәрігерлік тексерістен өтуге анықтама берді.
-Бүгінде халық арасында жүрек-қан тамырлары ауруы, өкпе рагі, сүт безі обыры сияқты аурулар алдыңғы орынға шығып отыр. Әсіресе, нәзік жандылар арасында сүт безінің аурулары жасарып барады. Көбіне әйелдер адамдар отбасы, жұмыс деп жүріп өз денсаулықтарына көңіл бөлмейді. Дәрігерге де уақытылы қаралмайды. Мәселен, өткенде бір мемлекеттік мекемеде осындай алдын алу акциясын өткіздік. Сонда қаншама әйелде осы аурудың алғашқы белгілері анықталды. Тіпті, өздері де білмей келген. Міне, сондықтан осындай шараларды өткізгенде міндетті түрде қатысқан абзал, – дейді №1 қалалық емхананың маммологы Наталья Белякова.
Шара соңында қаламгерлер денсаулықтарына мұқият қарап, дәрігерлік ақыл-кеңестерін айтып, сауықтыру шаралары туралы бағыт-бағдар берген маман-дәрігерлерге алғыстарын білдірді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ, “Қостанай таңы” газетінің тілшісі:
-Бүгінгідей акция біздің редакцияда ғана емес, жалпы тілшілер арасында бірінші рет ұйымдастырылып жатыр. Біз бұған өте қуаныштымыз. Себебі, күнделікті жұмыстан бас алмайсың, тіпті ауырып жүрсек те дәрігерге баруға уақыт жоқ деп кейінге шегере береміз ғой. Ал, мынадай акциялардың арқасында денсаулығымызды бір тексертіп аламыз. Осы іс-шараны ұйымдастырып жатқан орталық мамандарына айтар алғысымыз зор. Жылына бір рет болса да, осылай журналистер арасында акция өткізіп тұрса қандай ғанибет.
Инна ПЕДАН, “Костанайские новости” газетінің сайт редакторы:
-Мұндай іс-шаралардың “Қазпошта”, “Март”, “Емшан” сияқты қоғамдық орындарда өткізіліп жүргенін талай рет көрдік те, жаздық та. Ал, бүгін біздің әріптестеріміздің арасында да өткізіліп жатыр дегенді естігенде қатты қуандық. Себебі, мұндай акция тілшілер арасында алғаш рет өткізіліп жатыр. Өзіміз қаншама рет осындай акцияларды, жалпы денсаулық саласына қатысты іс-шараларды қалдырмай жазамыз. Бірақ, ешқашан мұндай іс-шараларға қатысып, денсаулығымызға көңіл бөлуді де білмейміз. Ал, бүгінгі өткізіліп жатқан шара біз сияқты жұмысбасты қызметкерлер үшін өте тиімді. Сондықтан, бүгінгі шараны алдағы уақытта да жалғастыруымыз керек. Орталық мамандары мен “Қостанай таңы” газетіне айтар алғысымыз шексіз.