27 студент қызылша жұқтырды
Арқалық қаласында 27 студент қызылшамен ауырып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақпаратты агенттік тілшісіне Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі растады. Қазір Арқалық қаласында қызылшаның 29 жағдайы тіркелді. Сырқаттанып қалғандардың 27-і – Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері.
«Барлық науқас Арқалық өңірлік ауруханасының инфекциялық бөлімінде жатыр. Науқастарды оқшаулау және емдеу үшін жағдай жасалған. Ауыр науқастар жоқ, 12 науқас ауруханадан шығарылды. Қызылшаға қарсы қосымша иммундау кампаниясы үнемі жүреді. Қостанай облысында қызылшамен ауырған науқас соңғы рет 2019 жылдың шілде айында тіркелді», – деді ведомствоның баспасөз хатшысы Сәуле Манасқызы.
Қостанай облысының басқа өңірлерде қызылша тіркелмеген. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің және Арқалық қалалық басқармасының мамандары эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Арқалық қаласы оқу орындарының студенттері арасында тиісті шара қабылданды.
Қазіргі мәлімет бойынша 698 тұрғын егілді.