Жас әншінің жетістігі
Ауыл жастарының спорт, мәдени-рухани шаралармен қамтылуы, бос уақытының тиімді ұйымдастырылуы Жастар жылы миссиясының бір бағыты болды. Нәтижесінде шалғай ауылдардың жастары үшін баспана салынып, өнер, спорт додалары өтті. Оңтүстіктегі Амангелді ауданында да қыруар жұмыс атқарылды. Әсіресе, мәдениет саласында жаңалық жетерлік.
2019 жылы ауданның үздік әншісі болып Нұрсұлтан Мұхтаров танылған еді. Сапарғали Ахметжанов, Ғазиза Жұмекенова, Қалибек Деріпсалдин, Лиза Мизамбаева, Анар Мұздаханова, Сүндет Байғожин сынды өнер тұлғаларының ізін басып келе жатқан жас әнші ақпан айының басында «Арман-ай» атты жеке шығармашылық кешін өткізді. Бұл кеш аудандық мәдени демалыс орталықтарының 2020 жылға жоспарланған іс-шараларының басы болды. Бүгінде аудандық мәдениет үйінде қызмет ететін өнерпаздың ән кешіне Амангелді ауданының басшылығы қатысты. Нұрсұлтан Мұхтаровқа аудан әкімінің алғыс хаты берілді.
Сонымен қатар, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі және Амангелді аудандық мәдениет үйінің кураторы Айгерім Борашқызы басшы Дәмер Елтайұлының құттықтау хатын тапсырды. Нұрсұлтанға өнердегі аға-апалары белгілі музыкант, ұстаз Сапарғали Ахметжанов, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Ғазиза Жұмекенова, ҚР мәдениет қайраткері, күйші-домбырашы Анар Мұздаханова, ақын Саят Әбенов пен әнші Әсет Ақдәулеттер бейнеқұттықтау жолдады. «Арман-ай» кешін есімі облысқа белгілі өнер иесі Нұрдана Тұрысбек жүргізді.
Бүгінде Нұрсұлтан Мұхтаровтың репертуарында 30-дан астам ән бар. Ол эстрада жұлдыздары мен халық шығармашылығын орындап жүр. Әншілік өнері мектеп қабырғасында байқалған.
– Әр әнші үлкен сахналарда өлең айтуды армандайды ғой. Байғабыл орта мектебінде жүріп, мектепішілік, аудандық байқауларда жоғарғы орындардан көрініп жүрдік. Менің бірінші шығармашылық кешім де «Арман-ай» деп аталды. Бұған қолдау білдірген аудан басшылығына, «Қостанай таңы» газетінің басшысы Жанұзақ Аязбекұлына, облыстық халық шығармашылығы орталығына алғысымды білдіремін, – деп ағынан жарылды әнші жігіт.
Шығармашылық ән кешінде Нұрсұлтанның әріптестері, достары, жерлестері де өнер көрсетті. Облыс көлеміне танымал дарынды әнші Фариза Жоламанова кеш қонағы болды. Бір жарым сағаттық кеште Нұрсұлтан халық әнін, жергілікті композитор Қ Деріпсалдиннің және қазақ эстрадасының хит әндерін орындады. Концерттің ажарын «Мереке» бишілер тобы аша түсті. Жетекшісі – Д. Молдашева. Кешке облыстық «Қостанай таңы» газеті ақпараттық қолдау көрсетті.
Әр әншінің биікке көтерілуі – еңбегінің жемісі. Екіншіден, өнер иесіне өнер ұстазы бағыт-бағдар беруі заңдылық. Бұл тұста Лиза Мизамбаеваның есімі еске түсетіні сөзсіз. Лиза Таутанқызы – нешеме әншіні биік деңгейге шығарған әдіскер, өнер тәлімгері. Ол тәуелсіздік алған сонау тоқсаныншы жылдардан бастап мәдениет, өнер саласында еңбек етіп келеді.
– Мақсатым – өнер жолына түскен жас өскінге дұрыс бағдар беру. Осынау мақсат-міндетіме барынша адалдық танытамын. Жалпы, 1991 жылдан бері аудандық мәдениет үйінде жұмыс істеймін. Осы салада алғаш өнерге деген қызығушылық, мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға баулыған ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі музыкант Сапарғали Ахметжанов еді. Міне, сол ұстазымның бағыт сілтеуімен өнердің, мәдениеттің сүрлеуінде жүрген жайымыз бар. Нұрсұлтанға да қолдан келгенше рухани қолдауымызды аямай келеміз. Оның болашағы зор. Алдағы уақытта үлкен сахналардан көрінетініне сенемін, – дейді Лиза Таутанқызы.
«Арман-ай» кешінің соңында аудандық мәдениет үйінің директоры Олжас Қылдыбаев жас әншіге естелік сыйлық тапсырды. Ал былтыр аудан бойынша мәдениет саласында атқарылған шаралар, жеткен жетістіктер туралы Амангелді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сағынғали Сейдин «Қостанай таңына» сұхбат берді. Сұхбатты газеттің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев