Үлкен қадамның екінші кезеңі
«Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының 98 қадамында көрсетілгендей, бірінші кезең бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қостанай облысындағы тұрғын саны 2 мыңнан асатын 45 ауылдық округ жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген болатын. Екінші кезең бойынша биылғы жыл басынан адам саны 2 мыңға жетпейтін 159 ауылдық аймақ осындай басқару деңгейіне көшірілді. Қазіргі таңда екінші кезеңнің жоспарлары бекітілуде. Қазынашылық департаментіне 199 жергілікті өзін-өзі басқарушы қаржылық жоспарын ұсынды, 161 жоспар жүктелді. Бұл туралы аймақ әкімдігінде өткен жиында облыстық қазынашылық департаментінің басшысы Ерлан Ошақбаев баяндады.
Қазіргі таңда облыстық қазынашылық департаментінің қалалар мен аудандардағы басқармаларында 889 мемлекеттік, 204 мемлекеттік өзін-өзі басқару мекемесі, 12 квазимемлекеттік, 13 мемлекеттік сатып алу субъекті қызмет алады. Айына орта есеппен 65 мың төлем екшеуден өтеді.
– Тек өткен жылы «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесінде 871,9 мыңның үстінде құжат қабылданса, соның 25,1 мыңнан астамы орындалмастан кері қайтарылды. Олардың көбі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, білім, полиция салаларына тиесілі. Аудан-қалалар арасында құжаттардың жиі кері қайтарылатындары – Жітіқара, Арқалық, Қостанай, Науырзым, Қарабалық өңірлері. Бұған БКК (бюджет классификациясының коды), ТБК (төлем белгілеу коды) дұрыс қолданбау, расталған құжаттар мен төлем шоттарының сәйкес келмеуі, төлемнің қате немесе шалағай белгіленуі, қордың жеткіліксіздігі себеп, – деді Е.Ошақбаев.
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов жиынға қатысып отырған басқарма-департамент, аумақтық құрылым басшыларына ең бастысы мемлекеттік сатып алу байқауын уақытынан кешіктірмей, заң аясында сапалы өткізуді тапсырды. Тіпті, жол, құрылыс салалары да көктем, жазды күтпей, қазірден қамдану керек. Осы салаларда байқау жеңімпаздары анықтала салысымен, техника, қиыршық тас, аязға, ылғалға төзімді құрылыс материалдарын жинақтап дайындай беруге болады деді.