Аймақта қандай хабар бар?

Қалың қардан қауіп көп
Облыста. Қостанай облысы тасқын қаупі төніп тұрған өңірлер қатарына енді. Бұған қардың шамадан тыс көп түсуі себеп. Атап айтқанда, Қостанай, Ұзынкөл, Әулиекөл, Сарыкөл, Қарасу аудандарында мөлшерден екі есеге жақын қар түскен. Бұның өзі 20 қаңтарға тиесілі деректер. Соңғы уақыттағы толассыз боранды есепке алсақ, қар қалыңдығы тіптен биіктей түскені анық. Мамандар өзен учаскелерінде өлшеу жұмыстарын бастағалы отыр.
 
Бөлімде – жаңа басшы
Қостанай. Қала әкімдігінің ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жаңа басшы тағайындалды. Бөлім тізгінін Наурызбай Мусин ұстады. Оны қала әкімі Қайрат Ахметов ұжымға таныстырды. Қала басшысы оған ТКШ-ны цифрландыру бағытын мықтап қолға алуды тапсырды. Н.Мусин бұған дейін Тұрғын үй қатынастары бөлімін басқарған еді.
 
Қар астынан қазып алды
Амангелді. Қар құрсауында қалып қойған екі жұмысшы құтқарылды. Операция Ақсай ауылынан 35 шақырым жерде өтті. Жұмысшылар жеркепеде тәулік бойы көмек күтіп отырған. Жолдың мүлдем көрінбеуі мамандардың жұмысын қиындатты. Соған қарамастан олар адамдарды бір тәуліктен соң қар астынан қазып алды. Олар Ақсай елді мекеніне жеткізілді.
 
Өңір тарихы – жаңа кітапта
Амангелді. А.Иманов музейіне 50 жыл толуына орай шығарылған «Уақытпен үндескен өңір» атты жинақтың тұсаукесері өтті. Аудан әкімі мекеме ұжымын құттықтап, жаңа кітаптың тұсауын кесті. Музей басшысы Сахан Оңжанұлы жинақта қамтылған барлық бөлімдермен, бұрын еш жерде жарияланбаған тың деректерді көпшілікке таныстырды. Шара аясында «Аудан тарихы – музей суреттерінде» атты фотокөрме ашылды. Бұл деректердің бәрі осы музей қорынан алынған.
 
Сәбиге көмекке келді
Әулиекөл. Чернигов ауылдық округінің әкімі әулиекөлдік құтқарушыларға жүгініп, Харьков ауылының науқасқатып қалған 3 жасар тұрғынына көмектесуді сұраған. Бұл ауыл аудан орталығынан 45 шақырым жерде. Жолды қалың қар басқан. Құтқарушылар тобы шұғыл түрде баланы "Қостанай-Әулиекөл-Сұрған" бағытындағы тазартылған жолға шығарып, жедел жәрдем көлігіне жеткізіп берді.
 
Халық алдында – ауыл әкімдері
Қарабалық. Белоглин, Станционный ауылдық округтерінің әкімдері және Қарабалық кентінің әкімі халық алдында есеп беру кездесулерін өткізді. Әкімдер ауылдың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, 2020 жылға арналған жоспарлармен бөлісті. Аталған елді мекендердің басшыларына аудан әкімі Н.Өтегенов нақты тапсырмалар беріледі.
 
Ауылдасын мерт етті
Сарыкөл. Ауданның 41 жастағы тұрғыны кісі өліміне айыпты. Ол ауылдасына пышақ салған. Күдікті қылмысқа өзін қорғау үшін барғанын айтып отыр. Бірлесіп спирттік ішімдік ішкен олардың арасында кикілжің басталып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталған. Айыпталушының бұған дейін істі болғаны анықталды. Жұмыссыз, ішімдікке салынған қандықол қылмысын толық мойындамады. Бұл іс алдағы уақытта сотта қайта қаралады.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓