18 жасқа дейін тегін

Тегін дәрілер 5 жасқа дейінгі балаларға беріліп келсе, биылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар дәрімен ақысыз қамтамасыз етіледі. Бұл туралы "Информбюро" сайты жазады.дәрі
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға тегін дәрі-дәрмек беріліп бастады. Қазақстанда бұған дейін тегін дәрілер 5 жасқа дейінгі балаларға беріліп келген. Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша дәрі алатын балалардың жасы ұлғайтылды. "СҚ-Фармация" ЖШС басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің айтуынша, балаларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 192 дәрінің тізімі жасалған.
"Бұл дәрілер 18 жасқа дейінгі балаларды амбулаториялық деңгейде қамтамасыз ету тізіміне енгізілді. Қазірге дейін оның 157-сі сатып алынды. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің тегін дәрі-дәрмек санын көбейту туралы бұйрығы Әділет министрлігінде тіркеліп жатыр", – деді Берік Шәріп.
 
Қандай ауру түрлері бойынша тегін дәрі беріледі?
Бұдан былай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы пациенттер 64 ауру түрі немесе 700 диагноз бойынша тегін дәрімен қамтамасыз етілмекші. Берік Шәріптің айтуынша, аталған 64 аурудың қатарында паразиттік, ас қорыту, жүйке жүйесі, жүрек-қан тамыры, көру, есту және тыныс алу мүшелері, несеп жүйесі және басқа аурулар бар. Осы мақсатта дәрімен қамтамасыз етуге арналған препараттар тізімі бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы сатып алынатын 225 атауға дейін көбейтіледі. Оның 161-і ересектерге, ал 192-сі балаларға арналған.
Сондай-ақ, брифингте өткен жылы дәрі-дәрмекке бөлінген бюджет 100 миллиард теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 190 миллиард теңгеге дейін өскені белгілі болды. Қазірге дейін құны 4,4 млрд теңге болатын дәрі-дәрмек медициналық мекемелерге таратылған. Қалғаны барлық өңірлерге cәуір айының басына дейін жеткізілмек.
 
Тегін дәріні қалай алуға болады?
Учаскелік дәрігер науқастың диагнозына қарай тегін дәрілер тізімін жазып береді. Науқас жеке куәлігін алып, электронды түрде тағайындалған рецепт бойынша өзі тіркелген емхананың дәріханасына келеді. Мемлекет тарапынан берілетін тегін дәрі-дәрмекті осы дәріханадан ала алады.
 
"Қымбат дәрілер тегін берілмей жатыр" деген жалған сөз
Берік Шәріп кей жерлерде дәрілердің иесіне жетпей жататынын Қазақстандағы тегін дәрі алатын жандар санының көптігімен байланыстырады. Оның сөзінше, бүгінде мұндай жандардың саны 2 миллионға жуық болса, алдағы уақытта тізімнің кеңеюіне байланысты 3,5 миллионға дейін жетуі мүмкін.
Брифингке қатысқан мамандар ел ішіндегі "қымбат дәрілер науқастарға тегін берілмей жатыр" деген сөзді жоққа шығарды. Олар "онкологиялық ауруға шалдыққан жандарға бір данасы 1 миллион теңге тұратын дәріні тегін беріп жүрміз" деген уәж айтты.
 
Тегін дәрі алмай қалсаңыз, қайда хабарласу қажет?
Дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмаған жандар 1439 нөміріне қоңырау шалып, шағымдана алады. Қоңырау шалу тегін.
Сондай-ақ, науқас өзіне берілген препаратты пайдасыз деп тапса, Дәрілік заттар медициналық бұйымдарды сараптау орталығына онлайн түрде шағым жаза алады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓