Күн шуағын төккен күн Қостанай шаһарының 135 жылдығы жоғары дәрежеде өтті

Жалпы, мерекеге тоқталар болсақ, қала күні кең көлемде аталып өтілді.
Мерекелік думанға облыс басшысы Н.Садуақасов және қала әкімі А.Ахметжанов қатысты.
Олар орталық саябақ, өлкетану мұражайы, Сити-орталықтағы шаралармен танысып, жұртшылықты мейраммен құттықтады.

Ал, өлкетану мұражайының ауласындағы тірі мұражай талай көрерменнің таңдайын қақтырды. Онда облыстық қазақ және орыс драма театрларының әртістері мен мұражай қызметкерлері Қостанайдың өткені мен бүгінгі тарихына байланысты қойылымдар қойды.

Самал Серікқызы,
аспаз:
– Нан қазақ елінің киелі тағамдарының бірі. Өз шаһарымыздың күнінен шет қалмай үлесімді қосқаныма шексіз қуаныштымын. Баршаңызды осынау айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Қостанай қаласының сәулеті жылдан-жылға арта берсін.

Қала қүніне орай тағы бір ерекше тарту – бұл "Жастар" бульварында орналасқан салтанат сарайының ашылуы.
Жалпы ауданы 1926,6 шаршы метрді құрайтын 2 қабатты ғимараттың бой көтеруіне 374 млн 157 мың теңге жұмсалды. "Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының маңызды жобаларының бірі болып отырған нысанды "Сыл" жауапкершілігі шек-теулі серіктестігі салып шықты.
Айгүл Сейдахметова,
"Орталықтандырылған қалалық кітапхана жүйесі" ММ директоры:
– Қостанай жұртшылығы шаһардың 135 жыл мерей тойын тойлады. Өткен кезеңде Тобыл өзенінің жағасында бой көтерген сәулетті қаламыз күн санап құлпырып, жаңа кейіпке енуде. Бүгінгі қала күні мерекесімен барша жұртшылықты шын жүректен құттықтаймын.
Қостанайдың туған күніне арналған шаралар өзінің ауқымдылығымен дараланды. Той-думан шаһардың барлық аудандарында таңсәріден басталды. Қаланың шет аудандарына арнайы үлкен экрандар қойылып, басты алаңдағы бағдарламалар тікелей көрсетілді. Түс ауа спорттың жұдырықтасу түрінен жарыс өтіп,
спортшылар өз бақтарын сынады.

Мерекелік думанның сәнін облыс орталығының мемлекеттік мекемелері мен жеке кәсіпорындары қызметкерлерінің басын біріктірген шеру келтірді десек артық айтқандық емес. Шеруге қатысушылар соңғы кезде тұрғындардың сүйікті орнына айналған " Шағала" жағалау демалыс саябағынан басталып, Таран, Алтынсарин көшелерінен өтіп, Әл-Фараби даңғылы арқылы облыстық әкімдік алдындағы құрылған сахнаның жанына келіп тоқтады.
Бұдан кейін өңіріміздің және облыс орталығының дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ азаматтарға "Қостанай облысының құрметті азаматы", "Қостанай қаласының құрметті азаматы" атақтарының төс белгісі және куәліктері тапсырылды.

Мешіт ҒАЗИЗ.
Суреттерді түсірген
Айбек ЖҮЗБАЙ,
Бағдат АХМЕТБЕКОВ.