Қақаған қыста далада қалды
Қыс ортасында баспанасы өртеніп, далада қалған отбасы қайырымды жандардан көмек сұрайды. Науырзым ауданынан көшіп келген Вадик Хаматнуров Затобалдағы бұл үйге биыл қол жеткізіпті. Өкінішке қарай, қуаныштары ұзаққа созылмаған отбасы шарасыздықтан көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр болып отыр.
Бұл төтенше жағдай туралы "Инстаграм" желісінің sarkissan_official есімді тұтынушысы жазба қалдырған. Айтуынша, тілсіз жау жалмаған баспана оның туған апасына тиесілі екен. Ол оқиғаның 25 желтоқсанда Затобол кентінде болғанын баяндайды.
"Бәрі кенеттен болды. Аспалы шамның сымдарының тұйықталуы салдарынан керме төбеге алау әп-сәтте жайылып үлгерді, – дейді жазба авторы. – Душта жуынып жатқан 4 және 8 жастағы екі бала, апам, оның күйеуі және зейнет жасындағы құдағи таңданарлық жағдайда аман қалды! Бәрі жалаңаш күйінде далаға жүгіріп шықты, балалар үсті-бастары дымқыл күйінде қар үстінде жүрді. Қолқа қабатын ыстан сытылуды ғана ойлап, киім-кешек алуға сәт те уақыт болған жоқ".
Абыр-сабырда көршілер өрт сөндіру қызметін шақырған, бұл кезде төргі бөлменің екі терезесі шағылып, алау өршелене түскен. Үйдің шатырының жанып кеткенін суреттен байқауға болады… Ең қиыны, отбасы аш-жалаңаш, панасыз, пұл-мүліксіз көшеде қалды. Бұл үйге олар осы жылдың қыркүйек айында "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы сарыла жүріп қол жеткізіпті. Автордың сөзінше, апасы қалаға жақын маңнан жаңа баспана үшін 15 жыл бойы ақша жинаған. Оның үстіне, отағасының 3-топтағы мүгедек екені тағы бар… Ал банктің берер бар көмегі – 6 млн теңгенің 1 млн теңгесіне кешіріммен қарау. Төлем жасауды кейінге қалдыру мүмкін емес көрінеді.
"Қайырымды жандардың барлығынан жәрдем сұраймыз. Қазір оларға көмектің қандай түрі де қажет: құрылысшылар қолғабыс етсе, бәлкім қандай да бір дүкен материал алуға жеңілдік бере алар. Өйткені, олардың үйдің ішін қалыпқа келтірмек түгел, төбесін, терезелерді жөндеуге еш мүмкіндігі жоқ, уақытша паналар тұрақтары да жоқ. Әлеуметтік көмек көрсету мекемелеріне жүгіндік, уақытша баспана беруден бас тартты, – дейді ағынан жарылған автор. – Әр 200 теңге, кез келген құрылыс материалы, тамақ, киім-кешек, азық-түлік үлкен көмек болар еді… Амал нешік, тағдырдың Жаңа жыл алдындағы "тартуы" осы болды".
Егер кім де кім жәріленуші отбасыға көмек қолын созғысы келсе, мына нөмір арқылы байланысуға болады: 8 705 215 33 40 Натела.
"Каспий голд" картасының нөмірі: 5169 4971 0715 7525