Жаңа жүйеге көшуге дайынбыз ба?
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өз жұмысын бастайды. Қазіргі уақытта МӘМС енгізуге дайындық кезеңі аяқталуда. Дегенмен, облыстың кейбір өңірлерінде бұл бағыттағы жұмыстар әлі де сылбыр жүруде. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында айтылды.
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” облыстық филиалының директоры С.Аймұхамбетованың айтуынша, екі жарым жыл ішінде қорда 233 млрд теңгеден астам қаражат жинақталған. Оның ішінде Қостанай облысының төлеушілерінен (353421 адам) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 9 млрд 614 млн теңге түсті. Медициналық сақтандырудың енгізілуіне байланысты облыста денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2019 жылы 40,7 млрд теңгеден 2020 жылы 50,67 млрд теңгеге дейін артады. Өсім 24% құрайды. Бұдан басқа, 2020 жылы ТМККК және МӘМС пакеттерін енгізу нәтижесінде медицина қызметкерлерінің жалақысын одан әрі арттыру үшін медициналық қызметтерге тарифтерді арттыру жоспарлануда. Ал, медициналық сақтандыруды енгізу мен тарифтердің өсуі есебінен облыстың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 57,4 млрд теңгені, оның ішінде ТМККК қаржыландыру 40,4 млрд теңгені, МӘМС қаржыландыру 17 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, сақтандыру медицинасын енгізу медициналық қызмет нарығында бәсекелестік ортаны едәуір арттырады. Егер денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында 2018 жылы жеке меншік нысанындағы ұйымдардың үлес салмағы 31 пайызды құраса, 2019 жылы 40 пайызды құраған. Жеке жеткізушілердің де саны ұдайы өсуде. Мәселен, биыл мәліметтер базасына “Мәсімов медициналық орталығы”, “Сосновый бор санаторийі”, “Оңалту медициналық орталығы”, “Adam” медициналық орталығы, “Жайлау КЗ” сияқты бес жаңа жеке жеткізуші қосылды.
-Келер жылдан бастап жаңа жүйемен жұмыс жасайтын боламыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар барлық азаматтарды белгілі бір санаттарға сәйкестендіру үшін мәртебелерді өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізуде. 2018 жылғы 1 қаңтарда мәртебесі өзектілеуді талап ететін 112,4 мың тұрғынның тізімі анықталды. 88,1 мың тұрғының мәртебесі өзектендірілді. Алайда, бүгінгі күнге дейін тізімдегі 24,3 мыңға жуық азаматтың мәртебесі әлі күнге дейін өзектендірілмеген. Мұндай тұрғындардың үлесі аздап Қостанай қаласы мен Қостаанй және Сарыкөл аудандарында байқалады. Сондықтан, бұл жұмыстарды келер жылы да тоқтатпауымыз керек, – дейді С.Аймұхамбетова.
Сонымен қатар, филиал директоры аударымдарды уақытылы төлемей отырған бірқатар мекмелер мен ұйымдарды да атап өтті. Облыс бойынша соңғы 12 айда аударымдар төлеген жалдамалы қызметкерлер саны 256,6 мың адам, сонымен бірге аударымдарды тұрақты төлемегендіктен МӘМС жүйесінен 32,9 мың жалдамалы қызметкерлердің “құлдырау” тәуекелдері бар. Аударымдардың тұрақсыздығы бойынша ең жоғары көрсеткіш Қостанай және Науырзым аудандарында. Жалпы, МӘМС үшін аударымдарды төлеу бойынша берешек 2,7 млн теңгені құрайды, оның ішінде Қостанай қаласы бойынша – 2,2 млн теңге, Меңдіқара ауданы – 212 мың теңге, Рудный – 168 мың теңге, Қостанай ауданы – 44 мың теңге, Әулиекөл – 41 мың теңге, Қамысты – 14 мың теңге, Науырзым – 11 мың теңге.
Сақтандырылмаған адамдар жарналарды тікелей медициналық ұйымға орнатылған төлем терминалдары арқылы төлей алады. Бұл механизм төлем уақытын қысқартады және төмен комиссиямен төлем жасайды. 2019 жылғы 25 желтоқсандағы жағдай бойынша 26 медициналық ұйымның 14-інде төлем терминалдары орнатылды, бұл емханалық қызмет көрсететін ұйымдардың 54% құрайды. Терминалдар Жанкелдин, Қамысты, Қарабалық, Қарасу, Науырзым, Бейімбет Майлин, Ұзынкөл, Федоров аудандары мен Арқалық қаласында, ішінара Қостанай қаласында орнатылмаған.
Жиын соңында облыс әкімі А.Мұхамбетов жаңа жүйеге көшу бойынша сылбыр жұмыс жасап жатқан өңірлерді сынға алды. Сондай-ақ, өңір басшысы өзінің орынбасарлары мен аудан және қала әкімдеріне МӘМС бойынша аударымдарды кешіктірген мекемелермен, ұйымдармен жұмысты қатаң бақылауға алып, жағдайды ай сайын емес, апта сайын қадағалап отыруды ескертті. Сонымен қатар, емхана ұйымдарында төлем терминалдарын қысқа мерзім ішінде орнату жөніндегі жұмыстарды да аяқтауды қадап тапсырды.