Кәсіпкерлікке серпін берген

Облыс әкімдігінде өткен селекторлық жиында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы О.Сапарбеков “Бизнестің жол картасы-2020” кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысын баяндады.
селектор
Бүгінде бұл бағдарламаның кәсіпкерлердің өз бизнесін ашуына, дамытуына ғана емес, сондай-ақ осы үшін қажетті білім алуларына да көп көмегі тиюде. Басқарма басшысының айтуынша, жалпы 2010 жылдан бастап бағдарламаны іске асыруға Қостанай облысына 15,6 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 2,1 млрд теңге биылдың еншісінде. Бөлінген қаражаттың барлығы да толық игерілуде. Бағдарлама іске асырылғаннан бері 151,7 млрд теңгеге 1451 жоба, оның ішінде биылғы жылы 16 млрд теңгеге 220 жоба мақұлданған. Мемлекеттің қолдауының арқасында субсидиялау арқылы кәсіпкерлерге жалпы сомасы 135,2 млрд теңге болатын 1033 несие бойынша пайыздық мөлшерлеме төмендетілді. Ал, биыл бұл тұрғыда 12,9 млрд теңге сомасына 140 өтінім түскен.
селектор1
-Орта есеппен бағдарлама кәсіпкерлерге қарыз қаражатын әдеттегі банк несиесіне қарағанда 7-10 пайызға арзан алуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, кепілмен қамтамасыз етудің жетіспеушілігінің өткір проблемасын ескере отырып, 418 несие бойынша жалпы сомасы 5471,3 млн теңгеге кепілдік берілді. Бұл ретте ағымдағы жылдың 11 айында кепілдік сомасы 1 226 млн теңге болатын 80 бизнес-кредит кепілдендірумен қолдау тапты. 2015-2016 жылдары қолдау құралдарын кеңейту мақсатында “Бизнестің жол картасына” моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде шағын несие беру енгізілді. Осы кезеңде бизнесті дамытуға жалпы сомасы 273 млн теңгеге 79 шағын несие берілді. Қазіргі уақытта аталған қолдау шарасы өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында ұсынылады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін облыс кәсіпкерлеріне өтеусіз негізде жалпы сомасы 276,9 млн теңгеге 122 грант берілді, оның ішінде ағымдағы жылы – 59,6 млн теңгеге 21 грант, оның ішінде 29,6 млн теңгеге 10 грант “Жастар – ел тірегі” жобасын іске асыру аясында жас кәсіпкерлерге берілді, – дейді басқарма басшысы Олжас Сапарбеков.
“Бизнестің жол картасы” бағдарламасын жүзеге асыру барысында кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға екінші деңгейдегі 27 банк пен лизингтік компаниялар қатысқан. Соның ішінде, “Банк ЦентрКредит” АҚ арқылы 393 жоба, “Қазақстан Халық Банкі” АҚ – 258 жоба және “Сбербанк” АҚ арқылы 191 жоба қолдау тапқан. Ал, өңірлердің белсенділігіне келетін болсақ, 2010 жылдан бастап жобалардың ең көп саны Қостанай қаласында – 541 жоба, Рудныйда – 278 жоба, сондай-ақ Қостанай ауданында – 172 жоба қолдау тапқан. Өндірістік инфрақұрылымды дамытуға да баса көңіл бөлінуде. 2010 жылдан бастап осы мақсатқа шамамен 12 млрд теңге бөлініп, оның есебінен облыс кәсіпорындарын қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету бойынша 30 жоба іске асырылған. Ағымдағы жылы төрт жобаға инфрақұрылым жүргізу жұмыстарына 526,9 млн теңге бөлінді.
селектор3-“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асыруды қорытындылай келе, бірінші кезекте оның әлеуметтік-экономикалық тиімділігін атап өткім келеді. Сонымен, бағдарламаға қатысушылар 2010 жылдан бастап 4757 жаңа жұмыс орнын құрды, сондай-ақ 58,6 млрд теңге салық аударымдары төленді. Осыған байланысты, бағдарламаның оң нәтижелері мен оның кәсіпкерлер арасында қажеттілігін ескере отырып, үкімет бағдарламаның қолданылуын 2025 жылға дейін ұзартты. Ал, оны іске асыруға жалпы ел бойынша 250 млрд теңге бөлінеді, – дейді О.Сапарбеков.
Жиын соңында облыс әкімі А.Мұхамбетов сала басшыларына негізгі бағыт кәсіпкерлерді қолдау екендігін, сондықтан кәсіпкерлікке серпін берген бұл бағдарлама туралы насихат жұмыстарын әлі де жалғастыру керектігін жеткізді. Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама шеңберінде гранттарды ұсыну үшін конкурсқа қатысуға жіберілетін жобалардың сапасына да ерекше назар аударуды қадап тапсырды.  

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓