Ер есімі ел есінде
Қостанай облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне ескерткіш тақталарын орнату жұмыстары жалғасуда. Облыста қызметтік борышын орындау кезінде 42 полицей қаза тапқан, оның 11-і қылмыскерді ұстау кезінде көз жұмған.
Қазіргі таңда полиция департаменті жас ұрпақты Отанға лайықты қызмет ету рухында патриоттық тәрбиеге ерекше көңіл бөледі. Жастар Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов пен Шалқар Ақымғалиевтің ерліктері мен жанқиярлығын үлгі тұтады. Бұған дейін обылстағы бес ауданда ескерткіш ашылған болатын.
"Бұл ескерткіш – ержүрек әріптестерімізге деген шексіз алғысымыздың дәлелі. Полиция қызметкерлерінің өз ісін жақсы көруі және нағыз кәсіби болуы маңызды", – деп атап өтті ПД арнайы жұмылдыру дайындығы басқармасының бастығы Ерлан МУСИН.
"Ескерткішті Жангелдин ауданының полиция бөлімі мен әкімдігі бірлесіп орнатты. Ізгі іске қолдау көрсеткен жерлестерімізге рахмет", – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғат Сәбитұлы.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Роза Аққалиева, Торғай ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жылқыбай Бәкіров, аудандық полиция бөлімінің ардагері Құдайберген Әміржанұлы, мектеп оқушылары және жергілікті тұрғындар қатысты.
Ішкі істер органдарының ардагері Құдайберген Әміржанұлының айтуынша, Жангелдин ауданы үшін ескерткіштің ашылуы ешкімді бейжай қалдырмайды. Өткенді еске алу – бүгінгінің ісі. Бұл жас ұрпақты құрмет пен патриоттыққа тәрбиелеудің ғажап үлгісі.
Іс-шара жергілікті әртістердің дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі