Үш бірдей ауыр қылмыс ашылды
Қыркүйек айының басында Қостанай ауданының Мичурин кентіндегі коттедждердің біріне ұрылар түсіп, қомақты қаржы, алтын бұйымдар, банк карталары және қымбат автокөлікті ұрлап кеткен. Қылмыскерлер өте әккі тәсілмен қожайындар ұйықтап жатқанда үй ішіне енген. Шығын көлемі – 10 миллион теңге. Кейін ұрланған «Тойота Ланд Крузер Прадо» автокөлігі Рудный қаласына кіре берісте аударылған күйінде табылды.
Бұл жөнінде аймақ тұрғындарымен есептік кездесу барысында облыстық полиция департамент бастығы полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов мәлімдеді. Кездесудің бейне-конференц байланыс режимінде өтіп, аймақтың ең шалғай елді мекендерінің де қосылғанын айта кетейік. Кездесу барысында өңірдің бас полицейі аймақтағы жедел жағдай туралы айта келе, ағымдағы жылдың қыркүйек айында жасалған үш ауыр қылмыстың ашылуы туралы баяндады.
– Затобол кентінде жеке аумақтың бірінде күзетшіге қарақшылық шабуыл жасалды. Күдіктілер бетпердемен тұмшаланған. Балғамен шабуыл жасап, күзетшіні байлап тастаған. Екі металл сейфті алып шығып, оларды көлікке тиеп, қылмыс орнынан ізін суытқан. Бір тәуліктен кейін Осинов ауылында аталмыш автокөлік пен сейфтер табылды, – деді Б.Аймағамбетов.
Үшінші қылмыс Қостанайда жасалыпты. Жеке үйден екі миллионғы жуық теңгеге бағаланған алтын бұйымдар мен техника, күзен тоны ұрланған.
– Осы ауыр қылмыстарды ашу үшін мүліктік қылмыстарды ашумен айналысатын тәжірибелі полиция қызметкерлері қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу барысында «Тойота» автокөлігін күдіктілер жол бойындағы барлық «Автоурогандарды» айналып өткендігі анықталды. Қылмыскерлер іздерін жасыруға барынша тырысқан, тіпті ұрланған автокөлікте саусақ іздері де қалмаған. Екінші дерек бойынша Қостанайдың солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері 32 жастағы екі күдіктіні ұстайды. Екеуі де бұрын ұрлық, тонау және көлік ұрлау қылмысымен сотталғандар. Біреуі Қостанай, екіншісі Рудный қаласының тұрғыны. Күдіктілердің бірі Рудныйдағы жалдамалы пәтерде заттай айғақтармен, яғни ұрланған мүліктермен ұсталды. Екіншісі Затобол кентінде ұсталды. Күдікті алтындарды өткізген ломбардты көрсеткен. Қазіргі уақытта олар қамауға алынып, тергеу жүргізілуде, – деді генерал.
Бас полицей ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы соңғы жылдары жақсарып, 8 айдың қорытындысы бойынша 81%-ды құрағанын атап өтті.
– Біз ауыр және аса ауыр зорлаудың, қорқытып алушылықтың, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 100% ашуға қол жеткіздік. 80%-дан астамын кісі өлтіру, қарақшылық, ауыр ұрлық, соның ішінде пәтер және автокөлік тонау, бұзақылықты ашу құрайды, – деп атап өтті полиция департаментінің бастығы.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ