Дара қасиет иесі
«Қостанай таңы» газетінің биылғы алғашқы санында «Тарихы – үш ғасырлық» деген атаумен мақала жариялаған болатынбыз (2019 жылғы 4 қаңтар, № 1-2). Үш жүз жылдан астам ұрпақтан ұрпаққа өтіп келе жатқан Жылгелдіұлы Нұрпейіс (ел арасында Тойған атанып кеткен) әулиенің қобызы жайында алдымен басылым беті мен сайтта жарық көріп, артынша облыстық телеарна арқылы көрсетілгені сол екен, аспап иесі Тойғановтар әулетіне жан-жақтан қоңырау шалушылар көбейіп кетті. Тойған емшінің бергі ұрпағы, көне қобызға ие болып отырған Асқар Мұсаұлына Тараздан хабарласқан азамат: «Қобыздың қасиеті барын сездім. Жамбыл жаққа алып келіңіз, осында аруақты төбенің басына апарып арнайы мал шалайын», – депті. Ал Алматыдан Жаппас шежіресін жазып жүрген Рахат есімді кісі қоңырау соғып, «сіздерді де ата тарихымызға қосайық» деген ұсыныс бірдірген екен. Ал күні кеше облысымызда өткен түркі халықтарының халықаралық фестивалінде Тойған бақсыдан қалған жәдігер көпшілік алдына алғаш рет шығарылып көрсетілді.
Құм бетіндегі белгісіз жазу
Нұрпейіс Жылгелдіұлы жайында білетін үлкендердің көбі дүниеден өтіп кетті де, аруақты баба берідегілердің жадында еміс-еміс қалып отыр. Биылғы қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні әулиеден тараған ұрпақтар Бейімбет Майлин ауданының Жамбаскөл ауылында мал шалып, Тойған бабаға арнап ас беріп, құран оқытты. Осы шараның ортасында болып, Жамбаскөл, Қайыңдыкөл (Белинский) елді мекендерінен әрі Әулиекөл ауданымен шектесетін Шилінің сыртындағы Майкөл жайлауында әулие жатқан зиратқа зиярат етудің сәті түсті. Әрі осы сапардан баба жайында бұған дейін айтылмаған біраз мәліметке қанық болдық.
Тамыз айында Майкөл жерін өрт шалған екен де, маңайды түгел шарпып өтіп, жалаңаш құмын ғана қалдырыпты. Қызыл жалын қорымды да айналып өтпепті. Осы жерде Жылгелдіұлы Нұрпейіс әулиеден бастап, негізінен Жаппас ішіндегі Сумұрыннан тарайтын марқұмдар жерленген. Бейіт басына бірнеше көлікпен барған біз өлілерге құран бағыштадық. Құданың құдыретін қараңыз, Тойған емшінің зираты осы-ау деген ескіше жазылған көк тасқа дұға бағыштап, орнымыздан тұрғанымыз сол еді, тегістеліп қалған қабір бетіндегі құмда әлдебір белгісіз жазу жазылып қалыпты. Бұл белгі құран оқығанға дейін болған жоқ. Осы зиратқа қайтара соққан әулиенің 11 жасар ұрпағы Алан Тойғанов алдыңғы шимайдың өшіп, тағы бір жазу белгі салынғанын көріп, біздерді шақырды. Қалай дегенмен, қасиеті бар адам жатқан орынның біз білмейтін тылсымы көп екеніне көзіміз жетіп отыр.
Қамшы қолда, қылыш көмулі
Бұған дейін Тойған бақсының қобыз, қамшы, қылышпен адам емдейтінін жазған едік. Қобыз – көріпкелдің ұрпақтарының қолында, қамшы – туыстарында, ал қылыштың қайда екені белгісіз. Бұл жөнінде баба ұрпақтарының бірі Мәншүк Оразбекқызы үлкендерден естіген әңгімелерінен баяндап берді:
"Қылышты бұрынғы үлкендер атам үйінің кіреберісіндегі кебежеде ұнның арасында жасырып ұстапты. Оны бізге көрсеткен емес. Бертінге дейін жатты. Анамның айтысы бойынша кеңес заманында милиция үйімізде қылыш сақтаулы екенін біреулерден естісе керек, күнде келгіштеп жүріп, суық қару деп алып кеткен. Тағы бір әңгімеде семсерді жасырып, Жалшы ауылындағы Бейсен деген атамыздың үйіне апарған, олар қылышты жерге көміп тастады деседі. Дегенмен, қылышты қызыл жағалы екі милиция қызметкерінің алып кеткенін көрген адамдар бар. Егер оны темірге балқытып жібермесе, бәлкім музейге өткізген болу керек, кім білсін", – дейді Мәншүк апа.
«Аруағы жебеді» деген осыдан қалды ма екен?..
Тойған әулие ХVІІІ ғасырда өмір сүріп, дүние салғаннан кейін, оның жерленген Майкөл жерінде көл пайда болған деседі. Қорымның сол жағы – Рахмет бөгеті, оң жағы – Титақ көлі. Ал Шиліден жеті шақырымда Жеменей өзені жатыр. Бір қызығы, ашаршылық, Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында елде тамақ жетіспей жатқан кезде әлгі көлден ақбалық шығыпты. Жұрт сол балықты талғажау етіп соғысты аяқтайды. Ал мына жағындағы сордан тұз шығып, оны жүк көліктерімен Магнитогорға тасыған ғой. Ол аз десеңіз, кезінде Тойған емші жайлаған шағын Жеменей өзенінің бойында жидек, қымыздық өсіп, жұрт соны қорек қылады. Бір сөзбен айтқанда, Шилі халқы соғыстың қиыншылықтарынан тарықпай шыққан.
Бірақ соғыс бітіп, ел еңсесін тіктей бастағаннан тұз да азаяды, балық та түгесіледі, қымыздық өсуін тоқтатады. Бүгінгі әулие ұрпағы қалай болғанда да «қиын күндерде ата аруағы жебеді» деп отырады. Енді ғажап, тоқсаныншы жылдары әлгі көлдерде тұз бен балық қайтадан пайда болып, жұртты тоқыраудан жұтатпай алып шықты дейді әулие ұрпақтары.
Қасиеті жайында әңгіме көп
Өзеннің арғы бетінен қаралуға келген ел бергі жағаға өте алмайтын жағдай болса, бақсы киіз үйдің ішінде отырып алып, қобызды тартқан кезде әлгі үй бір орнынан өзеннің арғы бетіне барып қонады екен. Нұрпейіс дүние салса да, оның шаңырағына түнеген бақсыларды бүйірінен қысқан күш ұйықтатпай, әлгілер түн ортасында кетіп қалатын болыпты.
Атаның емшілік қасиеті кейінгілердің бірқатарына қонғанмен, оны ұстай алмағандары да бар. Ал көне қобыз дертке шалдыққан біраз елге, соның ішінде ұрпақтарына дәру болыпты. Тікелей ұрпағы Мұса Тойғановтың 12 жасында екі көзі көрмей қалады. Оны қобыздың жанына жатқызып, бір айдан кейін көз жанары орнына келген. Қазір Мұса ақсақал 72 жаста. Одан бөлек, ауылдағы келіндердің бірі шизофрения дертіне шалдығып, көктем-күзде көтеріліп ауыра беретін болған соң Тойған бақсының көріпкелдігі қонған ұрпағы Ізбасар әлгі келінді қобызбен емдеп жазған деседі. Айтпақшы, сол Ізбасар ата 1982 жылы дүние салғанда, ілулі тұрған қобыздың қылы өзінен-өзі үзіліп кетіпті.
Ал Ізбасармен бірге туған Оразбектің қызы Мәрзия 1995 жылы жүрек ақауына шалдығып, ақ халаттылар жазып берген дәріні іше бергеннен бауырын отырғызып алады. Тіпті, дәрігерлер туыстарға «дайындала беріңдер» деген жаманат хабар да берген екен. Бірақ үмітін үзбеген Мәрзия апа қобыздың жанына жатып жүреді. Әулиекөл ауданында Төлеміс деген тамыр ұстайтын адамға барғанда, қолында биоөрісі бар ана кісінің емдеуімен келер жылында құлан-таза айығып кетеді. Одан бері 23 жыл өтті, Мәрзия 64-те, аман-сау жүріп жүр.
Осындай ерекше дарынға ие болған баба есімін ұлықтау – сіз бен бізге міндет. Алдағы уақыт Майлин ауданының Майкөл жерінде Тойған әулие жерленген қорым қоршауға алынып, баба есімі аудандық деңгейдегі қасиетті орындар тізіміне енгізілсе деген ұсынысымыз бар.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Бейімбет Майлин ауданы.