“Денсаулық фестивалі” өтті
Бүгін жылдағы дәстүр бойынша республиканың әр өңірінде әрі бір мезетте “Денсаулық фестивалі – 2019” мерекелік шарасы өтті. Елімізде он жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл шараның басты мақсаты – жұртшылықтың, бұқара халықтың назарын денсаулықты сақтау мен нығайтуға, саламатты өмір салтын ұстануға баса назар аудару болып табылады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі шара биыл қаламыздағы орталық стадионда жалғасын тапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы фестивалдің ерекшелігі, Жастар жылына орай мерекелік шараға тек жастар ғана жұмылдырылған көрінеді. Сондықтан да болар, орталық стадионға жиналған жастардың қарасында шек болмады. Қаламыздағы 13 колледж бен 4 жоғары оқу орнынан қатысқан жастар фестиваль аясында ұйымдастырылған спорттық шараларға белсене қатысты. Ал, шараны ашқан облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының атқарушы директоры А.Садуақасова мерекеге қатысушыларды құттықтап, жастарға сәттілік тіледі.
-Құрметті мерекеге жиналған жастар! Өздеріңіз жақсы білесіздер, жыл сайынғы дәстүрге айналған “Денсаулық фестивалінің” басты мақсаты денсаулықты сақтау мен нығайту, дұрыс тамақтану тәртібін сақтау, зиянды әдеттерден аулақ болып, саламатты өмір салтын ұстануға шақыру болып табылады. Денсаулық әр адам үшін ең маңызды әрі басты байлық саналады. Сондықтан, аталмыш акцияның көмегімен біз жастарға деніміздің сау болуы тек қана өзімізге байланысты екенін ұғындырғымыз келеді. Жалпы, жастарға айтарымыз денсаулықтарыңызды жас күннен күтіп, зиянды әдеттерден аулақ болып, саламатты өмір сүруге талпыныңыздар. Баршаңызға зор денсаулық, жақсы көңіл-күй тілеймін, – деді А.Садуақасова.
Мерекелік іс-шара барысында концерттік бағдарлама мен түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Спорттық сайыстардың жеңімпаздары кубоктармен және медаль, грамоталармен марапатталды.