Өркениетке ұмтылған ел – білімді алға қояды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында баса мән беріле атап өтілген жайт – білім беруді дамыту мәселесі. Рас, кез келген өркениетті мемлекет дамудың алғашқы сатысы ретінде білім-ғылымға өріс ашып, басымдық беретіні анық. Президент осы бағытқа зор көңіл бөліп отыр.
Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа – экономиканы дамытуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталу керектігін атап өткен Мемлекет басшысы әлеуметтік салада бірінші білім беру сапасын жақсартуға басымдық беруді айтты. Президенттің айтуынша, елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.
Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай, соның салдарынан жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайтыны нақты көрсетіліп отыр. «Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түседі. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс» деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз, кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр, осындай келеңсіз жағдайды жедел түзету керектігін атап өтті.
Біздің облысымыз педагогикалық, гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылық саласымен қатар, соңғы жылдары тау-кен, техника және технология, машина құрастыру, логистика мамандықтарына зор мән беруде. Мемлекет басшысының «оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет» деуі – заман талабымен үндескен заңдылық. Өзім кәсіби педагог маман ретінде бұл ұсынысты қолдаймын және оның жүзеге асуына зор сенім артамын.
Римма БЕКТҰРҒАНОВА,
Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ ректорның кеңесшісі,
педагогика ғылымдарының докторы.