Кәсіподақ “масыл” одақ па?

Тақырыпты бұлайша «айғайлатып» қоюымыз бекер емес. Ұстаздар арасында жүргізген сауалнама нәтижесі көкейге осындай күдік ұялатады. Мақала жазбас бұрын әлеуметтік желіде отыратын тұтас елдің мұғалімдерінің «тамырын басып» көрдік. Мұңдары ортақ қой – ұлардай шулап қоя берді. Мұғалімдер мәртебесін көтеруге мән берілгелі отырғанда, бұл мәселе де тасада қалмауы тиіс деп есептейміз.IMG_9795
 
Айтса даусы жетер ме?..
 
            Біз тілдескен мамандардың тоқсан пайызы Білім кәсіподақтарының жұмысына көңілі толмайтынын және одан ешқандай жәрдем күтпейтінін, ұйымның басшылығында жасы ұлғайған адамдар отырғанын айтып шағымданды. Дей тұрғанмен, олар қызметіне нұқсан келмес үшін өздері туралы мәлімет беруден ат-тондарын ала қашты. Әрине, «төбесінен тоқпақ кетпейтін» мектеп қызметкерлерін жақсы түсінеміз. Мұғалімдердің құқын қорғауға тиісті, сол үшін ай сайын жарна алып отырған ұйымның өзінен қайыр болмаса, басқаға не жорық?! Амалсыз «кәсіподақтың қызметіне 0 мен 10-ның аралығында қандай баға бересіз?» деген сауалымызды әлеуметтік желінің талқысына салуға тура келді.
            Фейсбук желісіндегі «Қазақстан ұстаздары» парақшасында сұрағымызға бір күннің ішінде екі жүзден астам мұғалім жауап берді. Сауалнамаға қатысушылар саны күн сайын өсті. Өкінішке қарай, ұстаздардың тоқсан пайызы кәсіподақ жұмысын 0 деп бағалайтынын көрсетті. Тіпті, бірнеше «нөл» қойғандар да бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін ұстаздардың пікірін сол қалпы, лексикасына дейін сақтап ұсынғанды жөн көрдік.
            Нағима Тұрниязова: "Ешқандай мұғалімді қорғайтын кәсіподақ жоқ қазір. Керісінше, мұғалімнің артынан қуып жүріп ақша жинайтын кәсіподақ бар".
            Жанна Нұрболатова: "Біздерде кәсіподақ бар. Бірақ немен айналысатынын біз түгілі өзі білмейді. Ақшаны мүлде сұрап көрмеппіз «қайда кетті?» деп. Мерекелерде өзіміз жиналамыз. Біреуіміз ақша берсек, біреуіміз тамақ пісіріп әкелеміз. Зейнет жасына толған ұстаздарға кәсіподақ атынан деп кеш ұйымдастырып, 10 000 (он мың) теңге береді әйтеуір. Оған да шүкір".
            Гүлнар Ризуанова: «Кәсіподақ дегенге ақша аударамыз ай сайын. Есеп бергенін көрмеппін. Ақшаны ұмытпай ұстап қалады. Оған да шүкір, «қарыз қылмайды» келесі айға».
            Баян Сембина: «Айлықтан жарна ұстауды ғана білетін кәсіподақты білем. Басқа жоқ біздің салада».
            Тілекқабыл Нұрышов: «0. Себебі кəсіподақ төрайымы – мектептің мұғалімі. Ол мектеп директорының айтқанын 100% орындайды. Асыра орындамаса… Кәсіподақ комитеті көмектесіп, бір мұғалімді арашалағанын көрген де, естіген де жоқпын. Мен өзім қызмет атқарған БҚО, Орал қаласындағы №47 мектеп туралы жазып отырмын…».
            Гүлнұр Наурызова: «0 деген баға беремін. Өйткені олардың жұмысын күнделікті өмірде жай мұғалімдер де бір кісідей атқарып жүр. Кəсіподақ жарнасын да ОҚО дұрыс ұйымдастырып қарастырмаған. Себебі 170 мың жалақы алатын ұстаз бен 60 мың жалақы алатын жас маманның жаңажылдық сыйлығы бір болады. Алайда ай сайын 1700 теңге төлеген ұстаз неге 400 т сыйлығын алуы тиіс? Одан да əр мейрамға сол жиналған ақшадан берсін. Сонда əділ болады деп ойлаймын».скрин
            Осы тақілеттес пікірлер тізбегін әлі де жүздеп келтіруге болар еді. Әйтсе де қоғамдағы ахуалды бағамдауға осының өзі жеткілікті шығар. «Теңіздің дәмін тамшыдан біл» деген ғой, жоғарыдағы ұстаздардың тұжырымы – кәсіподаққа деген сенімнің әбден әлсірегеніне айқын дәлел.
 
Әрекеттер бекер ме?
 
            Кәсіподақтың беделі неге мұншалықты деңгейге құлдырады? Заңды мөрі бар, өз алдына дербес ұйымның жұмысын, қоғамдағы ықпалын қайтсе арттырса болады? Тереңірек үңілсек, кәсіподақтың құзырын ешкім шектеген жоқ қой. Құқын дұрыс пайдаланып, ұстаздарға қорған болса, кім қолын байлап отыр? Әлде олар басты «міндетін» жыл сайын жаңа жыл мерекесінде «кәмпит беру» деп түсіне ме? Мұғалімдердің зейнетке шығу жасын ұзарту жайлы бастама көтерілгенде еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының қайсысы қарсылық білдірді? «Ұстаздардың жалақысы 30 пайызға көтерілді» деп шуылдағанымыз бар. Бұл «үстеме» тек жаңартылған білім мазмұнымен сабақ беретіндерге ғана қосылғаны ашық айтылмады. Білім реформасын жүргізетін негізгі тұлғалар – мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі, психологтар бейне бір оқу үдерісіне қатыссыз адамдардай, неге назардан тыс қалды? Кәсіподақтар неге олардың құқын қорғауға құлық танытпады? …Бақсақ, сырт көзге түсе бермейтін, мұғалімдер ортасында "бүлкілдеп қайнап жатқан" осындай сұрақтар тым көп екен…
            Сауалнамадан түйіп-білгендерімізді тағы ортаға салып көрейікші: Кеңес уақытында сауықтыру жолдамалары жүз пайыз берілетін. Қазір бар-жоғы 30 пайыз ғана. Оның өзі бұйырмайды. Жылына бір мектептен бір мұғалімге берілсе сол, болмаса ол да жоқ. Кәсіподақтар неліктен ашық түрде есеп бермейді? Бұл не, елемеушілік пе? Ай сайын жиналатын ақша қайда кетіп жатыр? Төтенше жағдайға тап болған, ауырып-сырқаған мұғалімдерге материалдық көмек жасала ма? Жә, бұл сұрақтардың жауабын жарнадан жиналған қаржыны «игеріп» отырғандардың еншісіне қалдыра тұралық. Мәселенің бір ұшығы ұйым басшыларының шынайы жанашырлығы мен іскерлігінде де жатқандай. Мысал керек пе, төмендегі пікірге назар салыңыз:
            «Мектептегі кәсіподақ ұйымы ұжымның қолында. Біздің мектебімізде де 10 жыл бойы кәсіподақ ұйымының жұмысы өте төмен деңгейде болған еді. Кезекті есеп беру жиналысында 1% жарнадан аударған ақшамыздың бар-жоғы 8% пайызын ғана алған екенбіз. Содан кезекті сайлауда төрағалыққа мен сайландым. Кәсіподақ ұйымын мектебіміздегі жастардың қолдауымен документтерін туралап жергілікті кәсіподақ ұйымын құрдық. Содан кейін мектебіміздегі ахуал жақсарды. Ай сайын 1% жарнадан түскен 140 000 ақшамызды 100 % өзімізге жараттық. Мұғалімдерге шипажайларға жылына 6 жолдама тегін бердік. Жылына 1 600 000 ақшаны мерекелік іс-шараларға, сыйлықтарға, әлеуметтік көмекке, төтенше жағдайларға, көңіл айтуға, құттықтауларға жұмсадық. ЭКСПО-2017 көрмесіне бір автобусты кәсіподақ есебінен жалдап барып қайттық. Аудандық кәсіподақ ұйымынан біраз қысымға ұшырадық, бірақ мойымадық. Менің айтпағым, кәсіподақ ұйымының жақсы жұмыс істеуі ұжымның ауызбіршілігіне байланысты екен. Төрағалықты жастарға беру керек және оны қиын жағдайда ұжым қолдау керек», – дейді Байғали Сыздықов (Байгали Сыздыков) есімді әлеуметтік желі қолданушысы.
            Өкініштісі, Байғали сияқты белсенділер сирек, олардың қатары көбею үшін «төрағалықты жастарға беру керек және оны қиын жағдайда ұжым қолдау керек». Ұйым басшыларының кей жағдайда жауапкершілікті елемеуі – ұстаздарымыздың өз құқын талап етпейтін жасқаншақтығында да жатқандай.
            Кәсіподақты Кеңестік жүйенің сарқыншағы деп санайтындар да жеткілікті екен. Сауалнама барысында мүшеліктен әлдеқашан шығып кеткен, яғни, жарна төлеуден бас тартқандар да көп екенін байқадық. Бірақ, мүшеліктен шығумен мәселең шешіле ме? Құзырын толық пайдаланса, кәсіподақ үлкен күш. Білім саласында әлем бойынша озық тұрған елдердің өзі одан бас тартып отырған жоқ. Сөзімізді Жанболат Зиятұлы (Zhanbolat Ziyatuly) жалғасын:
            "Финляндия елінде тағылымдамадан өттім осыдан бірнеше жыл бұрын. Кəсіподақ жүйесіне де үңілдім, өте қызық, тиімді жəне тəуелсіз. Ролі Парламенттен де күшті, нағыз халықтық ұйым. Қаржылық есептері де ашық. Біздегідей бір адамның өмірінің соңына дейін кəсіподақты басқаруы деген тіпті ұғымдарында жоқ. Қазақстандық кəсіподақ жүйесін реформалау қажет, бірақ біздің билік ондай батыл қадамға бара ма?" – дейді ол.скрин2
 
Не жай біздің мекенде?
 
            Материалдарды сұрыптап жатып, өзіміздің өңірдегі ахуалмен танысуды жөн көрдік. Сойтіп, облыс орталығындағы "Кәсіподақ үйіне" бардық. Бізді қабылдар адамдар түскі астан әлі оралмапты. Күзетшіден есітгеніміз – кәсіподағымыздың "облыстықтан" бөлек "локалды" деп аталатын "екінші басы" пайда болыпты. Екеуінің де нөмірін жазып алып кейін қайттық. Ет пісірім уақыттан соң нөмірлерге алма-кезек қоңырау шалып отырып, заңгерінің үстінен тап болдық. Мәселемізді түсіндірудеміз. Ол кісі басшыларының орнында жоқ екенін айтып, кейінірек хабарласуымды өтінді. "Локалды кәсіподақ" дегеннің қашан және қандай мақсатта құрылғанын білу үшін бір емес, екі емес, бес рет телефондарын "діңкелеттік". Осы жолы әйел адам тұтқаны көтерді: "Локалды дегеніміз – более заманауи…", – дегенге ұқсас "анықтамалармен" түсіндіруге тырысып жатыр. Ел-жұрт естіп үлгермеген, журналистерді былай қоялық, мұғалімдердің өзі толық білмейтін бұл не қылған жанама одақ? Әуелгісі жарамайтын ба еді, нені үлгірте алмады? Бәлкім, мұғалімдерді енді жарылқайтын болар: құқықтары қорғалып, курорттарға жіберіліп, жеке бас қиыншылықтарына демеу жасалып… Осындай позитивті ойға жүгіндік.
            -Басшыңыз бар ма?
            -Жоқ… Ол кісі шаруалармен жүр… Айтармын міндетті түрде…
            -Сайттарыңыз бар ма? Ссылкасын жіберіңізші…
            Көп ұзатпай ресми сайттарының мекенжайын "вацаппен" жіберді. Ішінде "локалдының" құрылғаны туралы материал бар екен, жаңа штаттар ашылыпты. Бірақ мұның жарна жинаудан басқа нақты немен айналысатыны көрсетілмеген. Жаңалықтар қорын қотарсаңыз, көретініңіз – семинарлар, жиындар, марапаттаулар (бұл жаңалық емес қой), доп ойындарынан өткізілген өңкей турнирлер. "Е-е, – дедік, – облыстық, құрығанда мектепаралық жарыстар өткізу үшін құрылған деңізсей…".  Айтасың-ау, үш медаль, бір кубок сатып алып, жарыс ұйымдастыру қай мекеменің қолынан келмейтін шаруа? Танысамын десеңіз,  http://prof.edu-kost.kz сілтемесі арқылы бұл сайтқа көз жүгіртіп шықсаңыз болады.
            Соңғы хабарласқанымызда әйел кісі атқарылған және атқарылмақ жұмыстар жоспарын әзірлеп қоятынын айтып сендірген еді. "Бәрі Татьяна Николаевнаның келісімімен ғана болады" дегесін мақұл дегенбіз. Басшысын "орнынан ұстай алмай" "сарғайдық". Бұлай сиырқұйымшақтай берсе, қолдағы материалдың да ескіріп кетер түрі бар. Сондықтан, сауалымыз сауал күйінде қалса да, мақаланы түйіндей беруді жөн таныдық. Бұйыртса, "локалдыға" әлі де айналып соғармыз…
            Жо-жоқ, мұнымыз ат-жөнсіз соқтығу емес, аты-жөнінен басқа дәнеңесі белгісіз, таңсық ұжымға "қызығушылық" таныту ғана. Түбі берекелі болғай да… Тек, өздерінің бар екенін білдіріп, тындырған істері жөнінде есеп беріп отырса, әр басқан қадамдары тиісті бақылауда болса дейміз ғой.
            Тоқ етері, қолданысқа енгелі отырған "Мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы" заңда осыншама түйткілдер ескерілуі қажет-ақ.
Р.S. «Ауруын жасырған өледі», сондықтан көкірек-көздің барында ақты "ақ", қараны "қара" деу қылмыс па?! Өйткені Білім кәсіподағы реформаны, қатаң қадағалауды, ашықтықты қажетсініп тұрғаны айдан анық… Мақаланың жалқы мақсаты – мін біткенге мінбердегілердің назарын аударту, келер күннен үмітін үзбейтін халықтың тілегін жеткізу. Айтқан жетіп, атқан тисе – сол мақсаттардың орындалғаны.

You may also like...

2 Responses

  1. Оқырман айтты:

    Нағыз шындық жазылыпты. Осылай өмірдегі нәрселер бүкпей айтылып тұрса екен болашақта. Жарайсың авторға рахмет!

  2. Қолқоюсыз айтты:

    Қызылорда облысының Кəсіподағына 147 мұғалімдері атынан алғысымыз шексіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓