Жедел ақпарат алақанда
«ССКӨБ» АҚ Бұрғылау және жару басқармасында негізгі жұмыстардың өзіндік құнын төмендетуге тағы бір қадам жасалды. Атап айтсақ, инвестициялық бағдарлама аясында бұрын Қашар кенішінде сынақтан өткен канадалық PortaMetrics аспабы сатып алынды.
Портативті құрылғы тау массасының түйіршікті құрамы туралы мәліметтерді жедел алуға мүмкіндік береді. Тағы бір артықшылығы – қосымша жабдық пен мәліметтерді өңдеуге арналған компьютердің бұдан былай қажеті жоқ.
– Жаңа аспаппен жұмыс жасау оп-оңай, күнделікті қолданып жүрген смартфонымыз секілді. Маман планшетті белгіленген параметрлер бойынша баптап, горизонталді бағытпен кенжардың толық түсірілімін жасайды. Сол сәтте-ақ қолдағы мониторға тау жынысының түйіршікті құрамы пайыздар бойынша көрсетілген ақпарат шығады. Бұл ақпарат бізге ұңғыманы бұрғылау орнын түзетіп, жарылыс заттарын барынша тиімді пайдалануға жол ашады, – дейді Бұрғылау және жару басқармасының басшысы Артем Коротыч.
PortaMetrics өз жұмысында стереоскопиялық 3D кескіндерді түсіру үшін патенттелген жүйені қолданады. Яғни зерттелген аумақты бірнеше өлшеуді қажет етпестен санаулы секунд ішінде материалдың бөлінуі туралы мәліметтерді береді. Құрылғы үшін түсіру бұрышы мен камераның орналасуы өте маңызды емес – басқару нүктесін таңдап, түсірсеңіз болғаны.
Қазірді өзінде мамандардың құрылғыға деген көзқарасы жаман емес. Алдағы уақытта бұл жаңашылдық жарылғыш заттардың шығынын азайтып, жарылыстан кейінгі тау массасының сапалық құрамын арттыруға мүмкіндік бермек.
Қуаныш ДОСПАН