ШЕТЕЛДІК ВАЛЮТА ШЕКТЕЛМЕК
Қазақстанда айырбастау пункттерінің жұмыс уақытын шектеу жоспарлануда. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы "2019 жылғы 4 сәуірдегі № 49 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулысы жобасында көрсетілген деп хабарлайды Kapital.kz сайты.
"Айырбастау пунктінің (автоматтандырылған айырбастау пунктінің) жұмыс режимін қолма – қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлға 10 сағат 00 минуттан 19 сағат 00 минутқа дейінгі уақыт шегінде жұмыс атқаратын болады ", – делінген құжатта.
Бұл ретте қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар бір заңды тұлғаның түрлі айырбастау пункттерінде түрлі бағамдарды белгілеуге жол берілетіні нақтыланады.
Құжатта әрбір жүргізілген айырбастау операциясы бойынша тізілімдер журналында клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың деректері (тегі, аты және әкесінің аты, құжаттың түрі, берілген күні, құжаттың нөмірі, қолданылу мерзімі), клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірі (бар болса) және клиенттің заңды мекенжайы тіркелуі тиіс екендігі атап көрсетіледі.
Қаулы жобасында автоматтандырылған айырбастау пункті үшін бір рет жүргізілген айырбастау операциясының сомасы айырбастау операциясын жүргізу бағамы бойынша 500 мың теңгеден аспауы тиіс.
"Жеке тұлғаға айырбастау пунктінде сатып алу немесе сату бағамдары белгіленген соммада ақша айырбастаудан бас тартқан жағдайда, айырбастау пунктінің кассирі жеке тұлғаның талабы бойынша айырбастау пунктінде жоқ валютаның түрі мен сомасын көрсетіп анықтама қағазын беруге міндеттеледі. Оған айырбастау пунктінің кассирі қол қойып, заңды тұлғаның іс жүргізу ережелеріне сәйкес белгіленген тәртіппен тіркейтін болады", – делінген құжатта. Бұл нормалар 2020 жылдан бастап күшіне енуі мүмкін деп болжануда.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңа талаптарға сай, айырбастау пункттері Қазақстан қор биржасының жұмыс істеген уақытында ғана, атап айтқанда, жұмыс күндері Алматы уақыты бойынша 8:00-ден 18:00-ге дейін бағамды өзгертуге құқылы болмақ.