Назарбаев даңғылы болады
Қостанай қалалық әкімдігінде облыс орталығындағы Гагарин көшесін Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, Гвардейская көшесін Юрий Гагарин деп атау жөнінде қоғамдық тыңдалым өтті. Тұңғыш ғарышкер атындағы көшені Елбасы есімімен атау туралы ұсыныс қаланың беделді азаматтары, «СарыарқаАвтоПром» зауыты мен Қостанай автокөлік колледжі ұжымдарынан келіп түсіпті.
"Елбасының кәсіптік-техникалық оқу орындарын жаңғырту, оларға басымдық беру жөніндегі бастамасының біздің оқу ордамызға да қатысы болып, қазіргі таңда колледжіміздің өңірде ғана емес, еліміздегі іргелі маман даярлау мекемесіне айналғанын айрықша атап өтеміз. Оқу орнымыздың материалдық-техникалық базасы толық, озық үлгідегі жабдықтармен қамтылған, замануи білім беруге бағытталып отыр. Құрылғанымызға алпыс жыл толған білім мекемесі алғаш рет халықаралық деңгейде әріптестік құрметіне ие болдық. Оқытушыларымыз алыс-жақын шетелдерден тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды, тегін білім алып келе жатқан студенттеріміз халықаралық байқауларға қатысу жолдамаларына ие болуда".
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басқарған тұста отандық автоөндірісті қолдап қана қоймай, оның дамуына зор еңбек сіңірді. Еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Тобыл жерінде қазақстандық көлік құрастыру өнеркәсібі қарқын алып, бұл жұмыстар алдағы жылдарға үлкен нарықтағы даңғыл жолды ашып беріп отыр. Бұл жөнінде «СарыарқаАвтоПром» ЖШС өкілі Сергей Могилатов баяндады:
"Біздегі машина өндірісі өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастау алады. Ал екі мыңыншы жылдардың басынан мемлекетімізде даму көрсеткіші жағынан зор жетістікке жеткен кәсіпорындардың қатарында «СарыарқаАвтоПром», «АгромашХолдинг» компаниялары тұр. Теңдессіз өндіріс алаңдары іске қосылып, әлемдік брендтер саналатын мыңдаған көліктер мен ауыл шаруашылық техникалары құрастырылуда. Көптеген мамандар еңбек етіп, жастарды жұмысқа тарту науқаны жалғасып келеді. Елбасы Қостанайға келген сайын машина жасау өндірісінің жұмысымен танысып кетіп жүреді. Біздің кәсіпорын дәл осы Нұрсұлтан Әбішұлы негізін қалаған көшенің бойында тұр. Сол себепті, Гагарин көшесін Ұлт Көшбасшысының есімімен атау қисынға да келетін өте құптарлық бастама".
Назарбаев есімі әлемдік деңгейдегі көшбасшылардың қатарында. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы Қостанайда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер, жоғарыда айтқан отандық машина құрастыру өнеркәсіптері, Назарбаев зияткерлік мектебі, Жастар сарайы, басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар Елбасының бастамашыл болуымен өмірге келді. Ал Гагарин көшесі Қостанайға Ресейден Қарабалық, Жаркөл өңірлері арқылы кіретін үлкен дәліз, қақпа. Әдемі, ұзын, кең, жаңа қалашығы бар көше Тұңғыш Президент есімін иемденуге әбден лайық деген пікірде Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сөйлеген Валерий Вишниченко.
Көше-даңғылдар, елді мекен, басқа да нысандардың атауын өзгерту, жаңа есім беру үрдісі тарихта үздіксіз жалғасып келе жатқан құбылыс. Мәселен, тек Қостанайда бірнеше мәрте өзгерген көшелер бар. Қостанай – кеңестік республикалар арасында Юрий Гагаринге алғашқылардың бірі болып көше атауын берген қала. Гагарин көшесінің өзі тұңғыш ғарышкер әуеге ұшып келгеннен кейін қазіргі атауға ие болды. Ол кезде қаладағы бұрынғы Ленин, Таран, Советский қатарлы бірнеше көшенің ғана келбеті жақсы болатын. Ал сол алпысыншы жылдары Гагарин оның алдында шетте тасада жатқан Колхозный көшесі деп аталатын. Үйлері де қамыстан, балшықтан салынған жатаған еді. Кейінгі уақытта, соның ішінде тәуелсіздік жылдары бұл көше айрықша қарқынмен дамып, көше мен оның айналасы қаншама ғимараттар, зауыт-кәсіпорындар, тұрғын үйлер, мәдени-спорттық нысандарға толды. Көше бойында бұлардан бөлек, шіркеу-храмдардың тұруы – ұлтаралық байланыс қана емес, конфессияаралық татулық нышаны. Ендігі жерде бұл даңғыл Елбасы есімін алып, идеологиялық маңызға ие болу керек. Көрші елден келген қонақтар Ұлт Көшбасшысының жасаған еңбегін көріп, сезіну қажет.
"Осыдан 140 жыл бұрын біздің ата-бабаларымыз қазақ даласына қоныс аударып келіп, осы орынға Ново-Николаев қаласының негізін қалады. Аз жылдан кейін қала Қостанай атауына ие болды. Ештеңе құлап қалған жоқ қой? Себебі, бастапқы қоныстанушылар бұл өлкенің қожайындары емес, қонақ болып келгендерін түсінді. Қазіргі ұрпағы – біздер ешкімнен кем болмай, байырғы халықпен тату-тәтті өмір кешіп келеміз. Бұған неге шүкір демеске!" – деді Қостанай қаласының құрметті азаматы Сергей Жалыбин.
Аслан Әлжанов есімді қала тұрғынының Гагариннің өзгермей тұра бергенін қолдаған да болғанын айта кетейік. Сондай-ақ, Қазақстан Коммунистік партиясы атынан шыққан Алпысбай Әлімбаев Гагариннің Тобыл өзенінен бастап К.Дөненбаева көшесіне жеткен темір жолға дейінгі бөлігін тұңғыш ғарышкер атында қалдырып, одан әрі жаңа қалашық бөлігін Назарбаев есімімен атау жөнінде ұсынысын білдірді. Ал Рәзия Тасмағамбетова болашақ даңғылға Тобыл өзені арқылы көпір салынып, қаланы қақ жарып өтіп кетсе деген ұсынысы бар.
Жиын қорытындысы бойынша сөйлегендердің басым көпшілігі мен дауыс берген депутаттардың барлығы Гагарин көшесінің Назарбаев даңғылы, ал Гвардейский көшесінің Гагарин болып аталуын қолдады. Енді бұл мәселе республикалық ономастикалық комиссияда қараталатын болады.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ.