Бақ шаба ма, бап шаба ма?
20-30 маусым аралығында мектеп түлектері кезекті Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Биылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет – қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізіледі. Ал мемлекеттік білім грантын алу үшін жас түлек маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысуы тиіс.
Облыстық білім басқармасы ҰБТ форматы биыл өзгерген жоқ дейді. Яғни, тапсыратын пәндер, ұпай саны және уақыты бұрынғы деңгейде қалады. Барлық аудиториялар ұялы телефон сигналдарын өшіретін құралдармен және бақылау бейнекамераларымен жабдықталған. Жедел ақпарат алмасу үшін министрліктің және Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтары тұрақты түрде жұмыс істейді.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар түлектерге жеке аудитория, сондай-ақ ҰБТ шеңберінде тапсырылатын пәндерден сабақ бермейтін көмекші, ымдау тілін білетін маман беріледі. Бұл үшін тестілеуге қатысатын түлек денсаулығы туралы анықтаманы ұсынып, өтініш беруі қажет.
Жалпы шекті балл көлемі де өзгермеген. Тек «Педагогикалық ғылымдар» саласы бойынша шекті балл барлық жоғары оқу орындары үшін 50 балдан 60 балға көтерілді. Бұл – болашақ педагогтарды сапалы іріктеу мақсатында жасалған шара. Ал ұлттық жоғары оқу орындары үшін ҰБТ нәтижесі кемінде 65 балл, «Педагогикалық ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім салалары бойынша – кемінде 60 балл, басқа ЖОО-ға – кемінде 50 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласы бойынша – кемінде 65 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы – оқу тілі бойынша кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл алуы қажет. Ал, қысқартылған оқу мерзімімен оқуға түсуші колледж түлектері білім гранты конкурсына қатысу үшін ҰБТ нәтижесі бойынша кемінде 25 балл, оның ішінде, жалпы бейіндік пән бойынша кемінде 5 балдан жинауы тиіс. Тестілеу нәтижесі сол күні ҰБТ тапсыру пунктілерінде жарияланады.
Одан бөлек, министрліктің Ұлттық тестілеу орталығының сайтында да ЖСН нөмірін теру арқылы немесе @edugovkz_bot телеграм боты арқылы тестілеу нәтижесін көруге болады. Сондай-ақ, мектеп бітірушілерге ҰБТ сертификатымен бірге арнайы ақпараттық парақ беріледі. Ақпараттық парақ арқылы мектеп түлектері өз мамандығы бойынша қанша грант барын, қандай шекті балмен грантқа түсуге болатынын біле алады. Бұл талапкерлерге болашақ мамандығын дұрыс және жинаған балл деңгейіне сәйкес таңдауға мүмкіндік береді.
21 маусымда Қостанай облысында ҰБТ сынақтары басталды. Өңіріміздің 10 тестілеу пунктінде емтихан сынақтары алынады дейді Ұлттық тестілеу орталығы филиалдарының Қостанай облысы бойынша базалық филиал басшысы Нұргелді Хасенов.
Грант санына келсек, 2019-2020 оқу жылына мемлекет 66 556 грант бөліп отыр. Оның 51 085-і бакалавриатқа, 13 159-і – магистратураға, 2 312-і докторантураға (PhD) беріледі.
Ш.АҢСАҒАНҚЫЗЫ