Кедергісіз орта құру – ортақ міндет

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді кедергісіз орта құру жөніндегі шаралар туралы айтып берді.
брифинг
Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 680 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр, оның 61%-ы – еңбекке қабілетті жаста, 26%-ы – зейнет жасында, 13%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар. Ал, Қостанай облысында 28 мың мүгедек тұрады, оның 10 пайызы – балалар мен жасөспірімдер.
"Бұған дейін Үкімет мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту және олардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеген болатын. Осы жоспарды іске асырудың нәтижесінде, яғни мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құру мақсатында облыс бойынша мыңнан астам әлеуметтік және инфрақұрылым нысандары паспортталды. Сонымен қатар, осы жұмыстар шеңберінде біздің департамент тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады", – дейді М.Мұратбеков.
Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құруда немқұрайлылық танытып отырған өңірлер де жоқ емес. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің сегіз аймағында (Алтынсарин, Әулиекөл, Денисов, Қарабалық, Қостанай, Таран аудандары, Қостанай және Рудный қалалары) жоспарланған 86 нысанның тек 25-сі немесе 30%-ы ғана талапқа сай бейімделген болып шықты. Облыстың барлық өңірлері бойынша осындай жағдай. Ал, өткен жылдың қорытындысы бойынша 179 нысанның 42-і ғана талапқа сай бейімделген. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша қалалар мен аудан әкімдерінің атына кемшіліктерді жою туралы хаттар жолданған. Нысандарды бейімдеу бойынша барлық жұмыстың қорытындысы ретінде айтар болсақ, облыстағы 756 білім беру объектілерінің 20 пайызы, 656 мәдениет объектілерінің 10 пайызы, спорт объектілерінің 20 пайызы, 215 денсаулық сақтау объектілерінің 38 пайызы ғана талапқа сай қолжетімді көрінеді. Объектілердің басым бөлігі ішінара қолжетімді деп танылған.
"Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі орталық, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірледі. Осы Жоспарды іске асыру үшін 2019 жылға арналған Қостанай облысы бойынша мүгедектердің қажеттіліктеріне әлеуметтік, көліктік инфрақұрылым объектілерін бейімдеудің өңірлік жоспары әзірленді. Осылайша, облыс бойынша 149 нысанды бейімдеу жоспарланған. Ағымдағы жылы департамент мемлекеттік бақылау аясында 118 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде 54 субъектіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам 28 әкімшілік айыппұл салынды және 89 объектіге қолжетімділік қамтамасыз етілді", – дейді департамент басшысы Мұрат Тілемісұлы.
Осы жылдың мамыр айында департамент ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті жанындағы “Қостанай – адалдық алаңы” жобалық кеңсесімен бірлесіп, “Үміт-Надежда” және “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен қаламыздағы ғимараттардың мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қаншалықты қолжетімді екендігін анықтау үшін арнайы рейд жүргізген. Аталған рейд барысында көптеген нысандардың мүгедектер үшін қолжетімсіздігі анықталған. Сонымен қатар, қолжетімді көлік ортасын қамтамасыз ету бойынша да рейд жүргізілген. Мұнда оң істердің бар екендігіне көз жеткізілді. Мәселен, №3 және №25 маршруттарға қызмет көрсететін қостанайлық автобус парктерінің бірінде арбамен жүретін мүгедектерге арналған жылжымалы пандустар пайда болған. Аталған автобус паркіндегі барлық 36 автобус осындай құрылғылармен жабдықталған көрінеді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓