«Ел үлесі – пәтерге»: 84-ші баспана берілді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша 84-ші баспана Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты Родина елді мекенінде берілді. Бұл баспана асыраушысы жоқ бес баланың анасы Гүлмира Жылқыбайқызына бұйырды. Бұл туралы ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойыншаөкілдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Үйдің кенже баласы Дінмұхамед – мүмкіндігі шектеулі сәби. Отбасы мүшелері балалардың жәрдемақысына күнелтіп, осы уақытқа дейін өмірдің ащы қиындығын көріп, пәтер жалдап көшіп-қонып жүрген болатын.
"Міне, Бас мүфтидің бастамасымен республика аумағындағы «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық шарасы аясында осы мұқтаж отбасының баспаналы болуына себепші бола алдық.
Аталмыш жоба мешіт имамдарының халыққа, жамағатқа түсіндіре, жеткізе білген насихаттарының нәтижесінде іске асуда. Бұл сауапты іс-шараға Қостанай облысының барша жамағаты атсалысты, сол үшін де халыққа, мешіт жамағатына Алла разы болсын", – делінеді хабарламада.
Сондай-ақ, жаңа қоныс иелеріне Арқалық қаласының әкімі Эльдар Қонысбайұлы теледидар сыйға тартты. Ал жергілікті «Әділ» дүкені 50.000 теңгенің сертификатын табыстады. Мұның сыртында, «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті кілем тарту етті. Ал ауыл әкімі Рүстем Асанханұлы баспана құжаттарын рәсімдеп беретінін жеткізді.
Облыс бойынша аталмыш шараның іске асуына себепші болған Қостанай облысының өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы жиналған қауымға қайырымдылық, мейірімділік жайлы тұшымды уағызын айтып, баспана кілтін табыстады.