Арқалықта өсім бар
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Арқалыққа келді. Аймақ басшысы қалаға келген сапарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құрылысы жаңғыртылып жатқан Шақшақ Жәнібек көшесі №107 үйдің жұмыс барысымен танысты.
Құрылыс мердігері «Алюминстрой» ЖШС бас директоры Абай Мұқанов мәлімдегендей 112 пәтерлі тұрғын үйдің жаңғырту жұмыстары қазіргі таңда 80% жүргізілген. Үйдің төбесі жабылып, сырты жылу ұстағыш материалдармен қапталу үстінде. Су, электр желілеріне қосылған.
Бұл үй негізінен көпбалалы отбасылар мен дәрігер мамандарға арналып жабдықталуда. Соған сай құрылымы жағынан 4 – 3 және 1 бөлмелі пәтерлерге басымдық берілген. Заманауи үлгіде салынып жатқан үйдің балаларға арналған 50 орындық шағын орталығы бар. Алдағы шілде айында пайдалануға берілмек.
Архимед Бегежанұлы келесі кезекте актив өткізіп, қала әкімі Эльдар Күзенбаевтың «Арқалық қаласының 2019 жылғы қаңтар – сәуірдегі әлеуметтік – экономикалық даму қорытындылары туралы» баяндамасын тыңдады.
Арқалық қаласында есепті кезеңде 2 млрд. 306 млн. теңге сомасына бюджет қаражаты толық көлемде игерілді.
Қала экономикасының маңызды көрсеткіші салық салу базасы және бюджетке түсетін түсімдер болып табылады. Жергілікті бюджет кірістерінің түсімі 545 млн. теңгені немесе 102%-ды (жоспар 530 млн. теңге) құрады. Жеке табыс көлемі 14,6 млн. теңгеге артық орындалды. Нысаналы трансферттердің түсімдері 2 млрд. 97 млн. теңгені (жоспар 2 млрд. 97 млн. теңге) құрады.
Өз кезегінде облыс әкімі алда қыруар жұмыстың күтіп тұрғанын алға тартты. Бір – ер жылда бокситке балама болатын кәсіп көздерін ашу қажет. Бұрынғы кен кешендері жаңа кәсіптерге жаратылады. Кен орнынан шығарылған тау құмдар тегістеледі.
Өңірде мал шаруашылығын дамыту өзекті мәселе. Оған айрықша мән беріп, мал басын көбейту қажет. Арқалық ет комбинатының өнімдеріне сауда нарығында жол ашу керек.
Қала қыстан қысылмай шығу үшін жағдай жасалады. Мазут мәселесі осы бастан шешілуі тиіс. Үкімет көмегін беріп отыр. Арқалық қаласының тасымалдаушылар алдында қарызы жоқ. Олай болса, қысқа ерте бастан қам жасаған жөн.
– Қаланы мазутпен жылытудың қымбатшылығы жоғары жаққа жиі айтылып жүр. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Алдағы жылдан бастап Арқалықтың жылу жүйесін көмірге көшіру шараларын қолға алатын боламыз,- деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
"Көпбалалы отбасыларды пәтермен қамтамасыз ету – елдік бетбұрыс. Бұл проблеманы да таяу жылдардың жүзінде шешетін боламыз". Осылай деген облыс әкімі қала әкімі есебінде айтылған Шақшақ Жәнібек көшесі №51 (24 пәтерлі )тұрғын үй нысанын да қайта жаңғыртудан өткізуге пәрмен берді.
Мұрат Жүнісұлы