«Олжа Агро» – ТМД аумағындағы жетекші компания

«Олжа Агро» ЖШС көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде аяқтады. Серіктестік биыл 632 мың алқапқа дән сіңірген. 1 000 000 гектар алқапқа ие алпауыт компания бүгінде 7000 адамды жұмыспен қамтып отыр. Холдинг құрамында 11 ауылшаруашылық кәсіпорын, 8 элеватор, «Олжа Агротехмаш» зауыты мен техника жөндеу орталығы бар. Сарыкөл, Ұзынкөл, Қарабалық, Федоров, Меңдіқара, Қостанай, Алтынсарин, Денисов, Қамысты аудандарындағы 60 шақты елді мекеннің тұрмыс-тіршілігі мен гүлденіп-өркендеуі осы «Олжа Агро» серіктестігімен тығыз байланысты.
Жуырда компания басшысы Айдарбек Қожаназаров бұқаралық ақпарат өкілдерімен  кездесіп, бірқатар сауалға жауап берді.     IMG_0464
 
Ең таза сүтті шығарамыз…
– Биыл механизаторлардың жалақысын 30%-ке өсірдік. Майлы дақылдардың мөлшерін көбейттік. Былтыр алқаптың 10%-і ғана майлы дақыл еді, биыл бұл көрсеткіш 20%-ке жетті. Алдағы 5 жыл ішінде майлы және дәнді-бұршақты дақылдың үлесін 60-70%-ке дейін жеткізгім келеді. Басты міндет – табыс мөлшерін көбейтіп, компанияның қуаттын арттыру. Шаруашылықтарда мал басы көбейіп жатыр. Биыл ет бағытындағы мал саны 2 жарым мыңға жетті. Мұның сыртында, сүт бағытындағы ірі қараның сапасын арттырып жатырмыз. Бұған дейін  сүт өндіру кешеніндегі бір сиыр жылына 5,7 тоннасүт беретін. Қазір «Олжа-Садчиковтағы» немістің голштино-фриз тұқымды сиырының әрқайсы жылына 6,7 тонна сүт береді. Мұны жыл аяғына дейін 7,2 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Біз күніне 25 тонна сүт аламыз. Алосы сүттен 20-дан астам өнім шығарамыз. Біздің айран, сары май, қаймақ, сүзбе, ірімшік тағы сол секілді көптеген өнімдерімізді дүкен сөрелерінен кездестіре аласыз. Экспорт жоқ. Біз өнімге ешқандай антибиотик немесе консервант қоспаймыз. Экологиялық таза өнім шығарамыз. Осыған орай, біздің тауарларымыздың сақталу мерзімі де қысқа.Мысалы, сүт 3-5 күннен артық сақталмайды, іріп кетеді. Ал экспортқа шығару үшін таза өнімге химия қосуға тура келеді. Бұдан әдейі бас тартып отырмыз. Себебі біздің өнімдерімізді көбіне  балабақшалар мен мектептер алады. Ешбір қоспасыз таза өнім ішіп-жеп өскен баланың денсаулығы да мықты болады. Жалпы сүт өнімінің тазалығын оның сақталу мерзімі арқылы анықтай аласыз. Сақталу мерзімі қаншалықты қысқа болса, сүт те соншалықты таза болады. IMG_5184
 
Жаңа техника – жоғары өнім
– Биыл 21 Жон Дир кешенін алдық. Осыдан екі жыл бұрын техниканың жағдайы өте төменгі деңгейде еді. Дені көп жыл бойы жөндеу көрмей, әбден тозған.Мұндай техникамен егін егіп, дұрыс өнім алу мүмкін емес. Сондықтан қомақты қаражат жұмсап, ескі техниканы түгелдей жөндеуден өткіздік. Қазір «Олжа Агро» меншігіндегі 2 мыңнан астам ауылшаруашылық техникасының 980-і 40 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан ескі техника.Сондықтан біз биыл мемлекет ұсынған субсидияны пайдаланып 40 шақты дән сіңіру кешенін сатып алдық.Мұның сыртында барлық дақылдар бойынша тұқымды жаңарттық. Бидай өндіру технологиясын жаңа деңгейге көтеріп, заманауи қалыпқа келтірдік. Алқаптарды тыңайту, зиянкестер мен түрлі өсімдік ауруларына қарсы күресу жолдарын жаңарттық. Қазірегін алқаптарын химиялық өңдеу жұмыстарына ұшақ пайдаланылмайды. Өйткені тиімсіз. Ұшақпен шашқан дәрі діттеген жерге дәл түспейді. Бидайдың тамырына, топыраққа қажетті мөлшерде бойламайды.
 
Цифрландыру – табыс кілті
– Былтыр «Олжа Садчиков» кәсіпорнын цифрландыруға 380 млн теңге жұмсадық. Нәтижесінде алқапты талғап өңдеу, бейнесараптама жасау, жанармайды бақылау, агросткаутинг  сияқты  заманауи жүйелерді енгіздік. Мәселен, агроскаутинг арқылы  әр алқаптағы өсімдіктің бойын бақылауға болады. Бұған дрондар да пайдаланылады. Жалпы, егін шаруашылығын цифрландыру арқылы біз жанармай шығынын 30%-ке дейін азайттық, тұқым шығыны 10%-ке кеміді. Техника жөндеуге кететін шығын 20%-ке азайды. Ал мал шаруашылығына үйірді басқаратын Dairi Plan, ірі қараның физиологиялық жағдайын бақылайтын Smax Tec, сондай-ақ мал азығын дайындау-үлестіру жүйесін енгіздік. Мысалы, Smax Tec мониторинг жүйесі сиырдың дене қызуын, белсенділігін, қарнының аш-тоқтығын, қанша су ішкенін бақылап, қатесіз анықтай алады. Осының арқасында біз сүт өнімін 25%-ке ұлғайттық. Бірақ цифрландырудың жөні осы екен деп, оны барлық жерге тықпалай берудің қажеті жоқ. Ең қажетті салаға ғана енгізу керек. Мәселен, Садчиковта сиырдың ішіне болюс енгіздік. Енді малшы әр сиырдың соңында жүріп, оның жай-күйін жеке бақылап, ыстығын өлшеп жүрмейді. Бұл ақпараттың барлығы компютерден қарай саласыз. Бір адамның күні бойы істейтін жұмысын жалғыз бағдарлама атқарады. Әлгі малшы шынымен жұмыс істеп жатыр ма, жоқ әлде бөлмесіне барып ұйықтап жатыр ма оны қайдан білесіз. Ал болюс мұндай адами факторды жояды. Қазір алқаптарды цифрландырып жатырмыз. Ендігі жылы күзгі жиын-терін аяқталған соң көрсететін бір жаңа бағдарлама болатын шығар деген ойдамын. Ол бағдарлама бойынша мен әрбір клетканы бақылауда ұстайтын боламын. Жердің сапасын, қай жерге, қанша мөлшерде  тыңайтқыш салу керек, қай жерге салмау керек,дән еккен кезде қай жерге тұқым мөлшерін көбейту, я азайту керек, соған дейін біліп отыратын боламыз. Алдағы бесжылдық меже осы.IMG_0484
 
Кадр саясаты өзгерді
– Ең бастысы, халықпен әңгімелесе бастадық. Жұмысшылар да ашылып сөйлей бастады. Бұрындары олар бірінші басшыны көргенде, ойын дұрыс жеткізе алмай, «бәрі дұрыс, жұмыс жақсы жүріп жатыр» – деп бас шұлғудан аспайтын. Қарапайым жұмысшы мен Холдинг басшысының арасы тым алшақ, әңгімесі тым бөлек болатын. Осы кедергіні жойдым. Қазір кез-келген адаммен, мейлі ол қарапайым механизатор болсын, бригадир болсын, ашық әрі еркін әңгімелесе аламын. Шаруашылықтағы үлкен проблема қашан да ұсақ-түйектен басталады. Қарапайым жұмысшы өзі көріп тұрған кішкентай кемшілікті дер кезінде түзеуге ұмтылып, ол  ойын басшылыққа ашық түрде жеткізе жағдайда ғана шаруашылық ілгерілейді. Қыс бойы тренингтер мен автомеханика және агрономика бойыншаоқу курстарын ұйымдастырып, өз жұмыскерлеріміздің біліктілігін жетілдірдік.
Мұның сыртында, шаруашылықтардағы ұрлық-қарлық пен керенаулыққа қарсы ымырасыз күрес аштық. Мәселен, 2018 жылы ұрлыққа қатысты 97 қылмыстық іс қозғалса, биыл жыл басынан бері 28 қылмыстық іс қозғалды. Ұрлық жасағандардың ішінде ЖШС басшылары, бас агрономдар, өңірлік агрономдар, механизаторлар бар. Өз міндетіне бардым-келдім қарайтын біраз адам, мықты маман бола тұрса да, жұмыстан шығарылды. Нәтижесінде әр жұмысшының өз міндетіне деген жауапкершілігі артып, жұмысқа деген көзқарасы өзгерді.
 
Ғылым дамымай, іс ілгерілемейді
Диқаншылық кәсіптің қыр-сырын білмейтін адамдар бізді Канада, Голландия сияқты мемлекеттермен салыстырғысы келеді. Меніңше, бұл түбегейлі қате салыстыру. Маған бір үлкен шенеунік:  – Айдарбек, Сен білесің бе, Голандияда ауыл шаруашылық саласының жалпы өнім мөлшері 100 млрд доллар дейді. Тек ауылшаруашылық саласында ғана. Ал Қазақстанда 3млрд доллар. Біздің алқаптарды қарашы. Сендер, ауылшаруашылық саласындағылар түк жұмыс істей алмайсыңдар, –  дейді. Мен оған: Сіз Голландияның ауылшаруашылық саласын зерттеуге қанша қаржы жұмсалатынын білесіз бе? Голландияның ауыл шаруашылығын зерттейтін  институттарға қанша қаржы бөлінеді? – деймін. – Білмеймін, – деп басын шайқайды. Миллиардтаған қаржы бөлінеді оларға. Өнімнің сапасы мен көлемі, сәйкесінше бағасы ғылымға бөлінген қаржыға байланысты.
Кеше бір кісі келді. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Қостанайдағы зертхананың бастығы. Айтуынша, бүкіл зерттеу жұмыстарына бөлінетін жылдық бюджеттің бас-аяғы 6-ақ млн теңге екен!? Оның ішінде химия, тұқым, 5 адамның  жалақысы бар. Одан қандай нәтиже аламыз сонда? Оған 60 млн аз. 600 млн бөлсең, әйтеуір бірдеме ғып жеткізуге болады. Қазір ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адам –  ғалым да өзі, агроном да өзі, зерттеуші де өзі. Агрономия деген ғылымға қаржыны аямау керек. Жерге құйған қаржының қайтарымы бар. Жер алдамайды, ол саған ешқашан қарыз болып қалмайды. Керісінше, аялап, күткен сайын, қаржыңды еселеп қайтарып беріп отырады. Ал біз  зерттеуді әлі күнге дейін өзіміз жүргіземіз. Бұл дұрыс емес. Әрине, өнім жоқ емес, бар. Бірақ деңгей төмен. Біздің алқаптардың әлеуеті өте жоғары. Өкінішке орай, сол әлеуетті толық пайдалана алатын ғылым жоқ.  
 
Сұқбаттасқан Нұрқанат Құлабаев
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓