ЖАЗБА АЙТЫС: Абылай мен Батырлан
"Құтты мекен – Қостанай!" республикалық жазба айтысын жандандыра түспек келесі жұппен таныс болыңыздар. Бүгін жерлестер, өңір мақтаныштары, өлең өнерінің дегдар өкілдері – Абылай Мауданов пен Батырлан Сағынтаев жыр жарыстырады. Рухани қанаттас ағалы-інілі азулы ақындар былтырғы додада жүлдегерлер қатарынан көрінген еді. Мойындалған майталмандардың осы жолы да оқырмандарымызға жазба айтыстың нағыз нақышты нұсқасын ұсынарына күмән жоқ. Олай болса, нәрлі сөз, құнарлы өлеңмен мейір қандырғыңыз келсе, бұл жұптың айтысын қапы жібермеуге кеңес береміз!
АБЫЛАЙ:
Тәңірім тағдырыма таңба қылған,
Қара өлең – қасиетім қанға тұнған.
Қанымнан жаным сүзіп жыр шығарды,
Қауызға мөлдір шықтай таңда тұнған.
Қазағым алтын құрсақ, аманбысың,
Асыл жұрт – хан да туған, нар да туған,
Жан едім «бар байлығым – Арым» деген,
Жолына мал да құрбан, жан да құрбан.
Ту қылған ақиқатты талапкер ек,
Тәлім ап Айбек сынды арлы ақыннан.
Қазылар қойды саған қарсы салып,
Ағаңа не істе дейсің, ал, Батырлан?
Дірдектеп талайлардың тілерсегі,
Өзіңдей сескенетін саңлақ ұлдан.
Биікте бауырыңды бұлтқа жуған,
Бірі едің ақиықтың алға атылған –
Айтысса аламаннан суырылып,
Жазбада жүлде бермес «жамбы атудан».
Құладай құлақ түбін тер қылмайтын,
Танбадың мәре түбін шаңдатудан.
Ал, сілте тұлпар боп та, сұңқар боп та,
Сескенбей «аға» деген «мандатымнан».
Ақыны ең Арқалықтың сенім артқан,
Екшелеп жазғаныңды ел ұнатқан.
Торғайдың түп тарихын терең қазып,
Кеудеңнен алтын көмбе кенің аққан.
«Сейіттен кейінгі бір биігім» деп,
Сыртыңнан етуші едім сені мақтан.
Сайыста қарсыласым болып тұрсың,
«Қимылға кезек беріп мені баққан».
«Тай, құнан» деп аяйтын жастан кетіп,
Бұл күнде бесті болдың белі қатқан.
Ендеше, сынап сені бір көрейін,
Екпіндеп соққан желдей Ебі жақтан.
Желкені қайырылмай жыр-кемеміз,
Өнердің мұхитында бір келеміз.
Қалайық халайықтың мұңын шертіп,
«Қостанай таңы» атты мінбеде біз.
Айтыста айтып еді Айбек ақын,
«Қазақтың кіндігі, – деп, – мұңмен егіз».
Тосылмай Торғай жақтың ахуалын
Еткейсің, Батырланжан, тілге негіз.
Жауырды жаба тоқып, өтінемін,
Жасырып, өтірікті шын демеңіз.
«Арқалық боксит бітсе құриды» деп,
Ақпарды телеарнадан білген елміз.
«Жиырма жыл әлі бұзып бітпей жатыр», –
деп және «Жайдарманға» күлген «ерміз».
Ауылдың мәселесін аттап өтіп,
Не пайда іліккеннен жүлдеге біз?
Бейімбет өсиетін ұмытпағын:
«Гүлденсе ауыл, бәріміз гүлденеміз».
Әзірге жан болсақ та қолы қысқа,
Ақтаңгер Айекеңнің жолы нұсқа.
Айтып көр ауыл жайын, бауыр жайын,
Арзуың жетер ме екен облысқа?
Облыс деген кезде еске түсті-ау,
Тарқатып мен айтайын соны ұлысқа.
Шешендер саясаттан «май асатқан»,
Алғандай уәдеге болып ұста.
«Торғайды қайта ашады» деп даурыққан,
Халық жүр «кенелем, – деп, – мол ырысқа» –
Бақ төрлеп, басыңа кеп қонбаған соң,
«Әттең» деп «ән салғандай» тоны қысқа.
БАТЫРЛАН:
Төгілсе сөз қоржынға толған ақыт,
Ақынға жырдан асқан бар ма жақұт.
Ассалаумағалейкум, нар қазағым,
Тіледім басыңа – бақ, ордаңа – құт.
Айналып алдарыңа қайта келдік,
Өлеңді өрге салып жорғалатып.
Баурынан балшық кешкен жандай болып,
Қалмайық енді жолда сорға батып.
Армысыз, Абылайдай ақын аға,
Асылсыз қор болмайтын қолда жатып.
Сізбенен айтысқаным бір өкініш,
Сізбенен сұхбат құру – ол да бақыт.
Ұмтылған бір асуға бір асудан,
Жаралған жампозымсың шын асылдан.
Барар жер, батар жүгің бәрі мәлім,
Жан едің қияларға құлаш ұрған.
Өлеңге кең сабаның қорындайсың,
Келелі көп кеңестің соңындайсың,
Қашаннан айтар сөзге балуан едің,
Қаймығып кім келсе де қорынбайсың.
От тілді Омарларға жалғас болған,
Қоздаған қара өлеңнің шоғындайсың.
Байыпты ой, байсалды сөз серік етіп,
Даңғайыр жырдың даңғыл жолындайсың.
Еп емес елдің қамы толғантқасын,
Жебе тіл, сөздің ұшқыр оғындайсың.
Жебеуші – Алла, демеуші – ел барында,
Ойға алған ісіңді де орындайсың.
Алдымда аға тұтқан, сая көріп,
Жотасы балқаш шыңның жонындайсың…
…Торғайдан толқын атса топан жырым,
Арнама арын қосар Тобылдайсың.
Тарихты сараптасам санамда арғы,
Жазылған қанша ғасыр-намаң қалды.
Тосылмай Торғай жайын жаз десеңіз,
Ініңіз қолға қағаз, қаламды алды.
Жәнібек, батыр Жәуке туған жер бұл,
Қорғаған қара шаңырақ, ақ ордамды.
Ыбырай алғаш рет мектеп ашса,
Алашқа арнап өткен адал жанды.
Ахмет, Міржақыптай перзенттері,
Қазақтың жүрегінде қалар мәңгі.
Ақ патша тұсында да асқақ тұрған,
Торғайдың даңқынан ел хабарланды.
Орнаған облысының шекарасы,
Бір шеті Орал, бір шеті Арал барды.
Ер Аман, әмір Ғапар заманында,
Қазаққа қайта тіккен хан ордамды.
Кеңестің кезінде де қиын-қыстау
Күндерде облысы аман қалды.
Еліміз еркіндікті алған шақта,
Қалдырып артта зауал замандарды,
Тарихын ғана айтпасаң бұл күндері,
Торғайдан естімейсің хабар мәнді.
Жоғалған облысын жоқтар деме,
Халықтың қайғысы бар одан зарлы.
Төбемнен гептил құйып, уын төгіп,
Құрсағы қуырылған далам зарлы.
Арзу ғып айтқанменен қанша мәрте,
Тыңдайтын жан табылмай нала, арманды…
…Жанарда жас боп ұйып қасіретім,
Жүректе жазылмаған жарам қалды…
Уынан тамызғасын ұртқа жалған,
Шайырмыз шер уызын ұрттап алған…
«Гүлденсе ауыл, бәріміз гүлденеміз»,
Бұл сөзін Би-ағаның ұқсақ арман.
Қазақтың түп тамыры ауылында,
Болмысы болатұғын ұлтқа қорған.
Езіліп, еңсе түсіп, ел тоқталмай,
Бұл күнде ұлтқа қорған рух тоналған.
Көңілін бөлмегесін ықыласпен,
Көзіме байқалмайды жұрт жаңарған.
Қорымы көп көрінер кей ауылдың,
Қоныста сирек қалып тіккен ордаң.
Қайғысы қарны тойған жерде қалып,
Қайрылмай кетіп жатыр сыртқа барған…
…Аңырап қобыз шанақ қорымдар тұр,
Ауылдың күйін шертіп «жұртта қалған»…
Ақтарған қойнауынан кен қоймасын,
Арқалық көтерген ед Торғай бәсін.
Қаланы боксит бітсе құриды деп,
Айтуда назар салып, ден қойғасын.
Бокситі біткенменен бел қалмай ма,
Сол белде берекемен ел жайласын.
Кетіріп берекемді пайда ойлаған,
Төкпесін ғаріп елдің көлдей жасын.
Айбектей ұстазымыз айтып еді,
Жаныған ел намысын, ер қайратын.
Үкімет Арқалыққа жаны ашыса,
Байлықтан байтағымды кем қоймасын.
«Жерінің астындағы кенін емес,
Жерінің үстіндегі елді ойласын».
Үмітті қылып елді үгіт қаптап,
Талайлар сыр тартып жүр суыртпақтап.
Шешендер саясаттан «май асатса»,
Келмей ме ел ішіне күліп, мақтап.
Көрінер кезең өтіп, кезек жетсе,
Кімдер бал, кімдер жұртқа у ұртатпақ.
Әкімдік әділдіктен биік болып,
Әзірге жүргендер аз үмітті ақтап.
Қайсысы бастап шығар елді ұшпаққа,
Қаптаған қақпан жатқан қырық соқпақ.
Адастырмай салатын ініні ізге,
Ағамыздың жазылды жыры бізге.
Деген рас «жеребе жолдас болмас»,
Бірімізді жұп қылды бірімізге…
Алысар жау, айтысар дау іздемей,
Үн қосатын інің ем үніңізге.
Сексеуілді ұрғандай сексеуілмен,
Жырмен қайрат көрсетер күнімізде.
Зерделі ақыл, түпкірлі ой танытқанмен,
Қалай болмақ бұл айтыс түбі бізге.
Алтын қазық ағам ең алдымдағы,
Ақылға азық сөзіңді айт ініңізге.
АБЫЛАЙ:
Ақиқат әрқашанда бет бұрарым,
Ақын ем көңілде жоқ кек, күмәнім.
Арыны «Аққукөктей» арқыраған
Қанғандай шабысыңа бек құмарым.
Дүбірің естілгенде етім қызып,
Қанымды шарпып бейне өтті жалын.
"Аға, – деп, – алтын қазық", ақыл сұрап,
Батошым кемелдігін етті мәлім.
Бүгінгі Ақтамберді сен деп білем,
Сусаған кеңесіне Кетбұғаның.
Бірақ та батыра айтқан кей сөзіңе,
Шырқырап шоқ тигендей кетті жаным.
«Қайрылмай жатыр, – дейсің, – сыртқа барған»,
Сырттаным, ұнамады тек бұл әнің.
Ауылдан алыс жүрсем алаңдама,
Алаштың қамын дәйім жеп тұрамын.
Ұлттық діл, рухымды қорған етіп,
Қазаққа қарсыларға шеп құрамын.
Тіліме түкіретін тексіздерді,
Тәубеге түсіруге серт қыламын.
Ойымда Омар ақын үлгі еткенім,
Бойымда басылмаған екпін, арын –
Төрінен Қостанайдың тұрақ тапқан,
Торғайдан түлеп ұшқан текті дарын.
Жүректі сыздатқанда жара, налам,
Қолыма сертке малып қалам алам.
Үдеріс – урбандану – тұрған дауыл,
Қасиет, қадіріңе қарамаған.
Шеті де Қостанайдың босап жатыр,
Қабындап қаптады да қалаға адам.
Тастыөзек, Өрнек, Жамбыл жұрты азайып,
Қара орман күрт үдерген Қараобадан.
Қаратал, Төлеңгіт пен Жарқайыңды,
«Жұмақ» деп алғаш көрсе қалар адам.
Кешегі дәурен көзден бұлбұл ұшты,
Мереке, берекесі тарамаған.
Еліңнің шекарасы босап жатса,
Қалайша бейқам жатар саналы адам?
Бейімбет бабам көрсе не дер еді,
Сауал көп сансыратқан сананы әман.
Торғайдың тоз-тоз болған ахуалы,
Жебеден бетер жанды жаралаған.
Тілегім – кие, киік көшпесе екен,
Жүрегім туып-өскен далама алаң.
Төбеден у төгілсе – ол саясат,
Шеше алмас шытырманын шамалы адам.
Байқоңыр – бақ пенен сор түйіскен жер,
Басқаша берем қалай бағаны оған?
Қарт Торғай қалдық түсер айлағы боп,
Сол үшін өтіп жатыр сан «аламан».
(Жер беріп саясатта есе кетсе,
Тұлпар да таяды ғой тағалаған)
Тарихты тамсандырып айтып өттің,
Өткеннен мен өнеге, сабақ алам.
Батош-ау, Торғай десе тіс батырып,
Тантықтар көбейіп тұр табалаған –
Атына қарсы шығып арс-арс етіп,
Алжыған иттей айға абалаған.
Халыққа қай бетімен сөз айтады,
Тарихқа тәу етуге жарамаған?
Түркістан, Тұранменен тең тұратын,
Өр Торғай – ерлік тұнған дара далам!
Даңқыңды дастан қылып жаттар ұрпақ,
Тұрғанда тек-тамырлы балаң аман!
Өрелі ой, есті сөзді ел күткесін,
Белгілі бармағымды мен бүкпесім.
Толтырсаң төрт түлікке төскейіңді,
Кемимін деп қамықпа кен біткесін.
Тоятын жемқорлардың жемсаулары,
Қоятын күнде келер шер нүктесін.
Тартылар сапалы жол түбінде бір,
Батыспен жалғап жатқан белдіктесің.
Облыс жайлы әңгіме – құр қауесет,
Халайық өнбес дауды өрбітпесін.
Меселі оған бола қайта қоймас,
Кешегі бастаған жұрт ерлік көшін!
Шақтарда ел жаныққан, ер қамыққан,
Аттанға айқай қосу – елдікке сын!
Ақыннан Абылайдай жөн сұрасаң,
Батырлан, осы боп тұр мендік кесім.
Қосылған «Мырқымбаймен» жыр көшіне,
Мұрасы Би-ағаңның – бұл несібе.
Сан түрлі образды сыбаға ғып,
Сап кеткен әдебиеттің бүрмесіне.
Жан алғыш билік басын жұтқанменен,
Жазғанын тыға алмады түрмесіне.
Өлген жоқ ол сомдаған кейіпкерлер,
Жүр әлі «үлкен үйдің» «іргесінде».
«Күлпаш» пен «Айт күндері» қан жылатып,
Дайрабай қоймас, сірә, күлмесіңе.
Желдібай Жындыбаев, Құрымбайлар,
Түседі науқан сайын күнде есіме.
Қаптаған «Арыстанбай Мұқыштары»,
Бүгінде шықты биік мінбесіне.
Раушан коммунистің «сіңлілері»,
Салады саясатта кімді есіңе?
БАТЫРЛАН:
Ел үшін ешқашанда бас бақпаған,
Ақын ең абыройы асқақтаған.
Бұйырды таланыңа «Тұлпар тағдыр»,
Шапқанда тағасынан тас батпаған.
Халықтан сілеу алмай тілеу алып,
Жан едің кеуде керіп, төс қақпаған.
Кең ойлы кемелімсің кеңес сұрар,
Жөн біліп, жолды тапқан хас соқтадан.
Айтыстың айшықты алтын туы болдың,
Айтуға елдің жайын бас тартпаған.
Жазып ем сіз айтқасын ауыл жайын,
Талайлар кетіп жатқан тастап қараң.
Ел жайлы еміреніп сіз де айтыпсыз,
Ақындар бола бермес жақсы атты әман.
Жалғайын жыр кезегін енді менде,
Берсеңіз сөз тізгінін тастап маған.
Жазылып жүректегі шер мен шемен,
Бір хабар жеткізіпсіз жанды өртеген.
Ел көшіп жатыр екен мекенінен,
Жайлаған шекаралық жерді ертеден.
Адырлы-Байтақты алған Кенесары,
Тобылға төніп тұрған көк желкеден.
Ор қазып, омақа үйіп Жазы би де,
Жол салып, шекараңа берген көлем.
Қазаққа алып қалған Қостанайды,
Ахаңдар өрден биік, елден төмен.
Енді сол шекарадан ел үдерсе,
Сұм көздер тігілмей ме көрден терең!
Келер деп шекараның шетіне кім,
Ауылдан бұрылыпты бетің, елім.
Аюдың апанының ауызында,
Алаңсыз неге сонша сетінедің?
Шынымен айтпай-білмей, ашпай-көрмей,
Сезбей ме сезіктіні көкірегің?
Жаның – жер, арың елдің намысы еді,
Бар еді одан асқан не тірегің?
(Осыны біле алмасаң, өкініштің
Өртейді өзегімді оты менің)
Қатерлі жерде отырсаң қаперсіз боп,
Қайғыға айналмас па ақыры оның!
Тамыры нәр бергендей қарағайға,
Төрт түлік талғажауға жарамай ма.
Кеніші бітсе де елдің өрісі бар,
Табылар тірлігіне амал-айла.
Сапалы жол тартылса, ел өркендеп,
Жақсылық жолына оны санамай ма.
Желігіп жел сөзге ерер ел емеспіз,
Облыс жайлы айтқанмен әр орайда.
«Жемсауы жемқорлардың тояр» депсіз,
Күдігім осы жайлы бар еді ойда.
(«Аттанға айқай қосты» деп сөкпеңіз,
Жол бастап барар деме және қайда)
Дүниеде ештеңе жоқ құлқыннан кең,
Ашкөздік енгеннен соң арам ойға.
Жемсауы толғанымен жарылардай,
Жер дүние аз көрінер қомағайға.
Тұрған соң қаламымды қармап ала,
Дейсіз бе бізге "қапы қалма, бала"?
Сіңлісін сұрасаңыз Раушанның,
Жөн болар өзін еске салған, аға.
Басқарып бір ауылды, Раушан еді
Әкелген жаңа өмірді маң далаға.
Оқуға Орынборға аттанғанда,
Орнына жары Бәкен қалған, аға.
Бәкенді қылмысты етіп жәдігөйлер,
Бейкүнә Раушан ғаріп қалды арада.
Табысқан бір тілекпен жақын жарды
Жат еткен – сұм саясат, тар замана.
Осыны ойласаңыз елеп-екшеп,
Опасыз жалған бөлеп зар, налаға,
Саясат сүйгеннен де айырғасын,
Толғандай жүрек – уға, жан – жараға.
Зер салсаң дәл осынау ғазал, жырға,
Басқаға көңіл бөліп, назар бұрма.
Сіңлісі Раушанның кім десеңіз,
Көлбеңдеп жүргенменен көз алдыңда,
Айқайлап «анау ед, – деп, – сіңлісі оның»,
Астарлап айтпай, ашып жазармын ба?
Біздерге түрін түстеп, атын айт деп,
Тек қана өтінерім, азар қылма.
Жазмыш па, басқа ма әлде, Бейімбеттің
Жазғаны өзгермепті, сезе алдың ба?
Дариға-ай, қанша уақыт өткенменен,
Дүние қалған сынды өз орнында.
Жан қалмай атқа қонып, атан мінген,
Көп жерде кеткендей ол қатар мүрдем.
Қабындап қаптағанмен қазақ барып,
Қала да көрінеді қатал мүлдем.
Қаңғырып жүргендер көп баспанасыз,
Басына пана болмай пәтер кірген.
Қалада жүрген жанның бірі өзіңіз,
Қозғалған атар таңмен, батар күнмен.
Ал, аға, бұл жайында не демексіз,
Қаламың тіл қатар ма қаһарлы үнмен?
Көшкенмен ауылдағы ел «жұмақ» көріп,
Көрмедім мейірімін шаһардың мен.
АБЫЛАЙ:
Батырлан, баурайда өскен балқұрағым,
Тарасын тамырыңа нәр-бұлағым.
Тап сендей бауыры бар менде арман жоқ,
Тап басар көкейімнің арғы жағын.
Саф сөзің іреуі жоқ сары алтындай,
Сандығы секілдісің сан мұраның.
Арыны арқан кермей басылмайтын,
Шабысы шалқұйрықтай арғымағым.
«Ұрғанда сексеуілге сексеуілді»,
Арбасып, аға сөзін «аңдымадың».
Құлшынып қос құлагер жарысқандай,
Тарқады бар құмарым, жан құмарым.
Нәрлі уыз жырға қанып, сырға қанып,
Балқымыз ішкен жандай балбырадым.
Тайжүзген қара саба, дара өнерде,
Қазақты қара өлеңмен қандырарым –
Таймасын тіл мен жағың әділеттен,
Жайнасын жыр-әлемде мәңгі бағың.
Жалғанда маза бермей жанға шыбын,
Тірліктің біз сүйреген арбасы – мұң.
Тарихтан тағы да ақпар беріп өттің,
Таңды таңға қосудан талмас інім.
Бекерге тілге тиек етпегенсің,
Қаһарман Кенесары – хан нәсілін.
Аруағы Жазы бидің разы болсын,
Тудырған тұлғалар ғой зар-ғасырым.
Таразы-уақыт өлшер замананы,
Екшелмей ердің ісі қалмас, інім.
Ахаңдар қорғаған жер қаңыраса,
Көңілдің басады екен арнасын мұң.
Бос жатқан жер қашаннан жау шақырар,
Қаупімді айтуға тіл бармас, інім.
Жер баптар деген ерім қалада жүр,
Айырып арба сүйреп бар нәсібін.
Бір шешім жасап билік, тию керек
Жағдайдың дәл бұлайша жалғасуын.
Соны айтар ағаларым жік-жік болып,
Өзара азайтпады арбасуын.
Жер қорғамақ түгілі, жерге бөлген
Танымы таяздардан сан жасыдым.
Сәті түсіп, сырымды саған айтып,
Батырлан, «қотырымды», ал, қасыдым,
Салса да қай қиырға қиып түсер,
Исфаһани қылыштай алмас-інім!
Иә, рас, қазақ қазір қалада жүр,
(Көбісі, қала ішінде «далада» жүр)
Басына басты уайым баспана боп,
Әркімнің босағасын паналап жүр.
Бейімбет жазған «Оңай олжадағы»,
Кейіпкер екендігін «даралап» жүр.
Көбінің жөні түзу жоспары жоқ,
Жанбағар жұмыс іздеп жағалап жүр.
Ат-тонын ала қашар ауыл десе,
Кеткендей індет кіріп санаға бір.
Қалада қарқ болса сөз айтпас ем,
Қамықпай қылықты қыз, қара нар ұл.
Тілімнен бал орнына зар тамызды-ау,
Бүгінгі қандас тартқан нала-зәбір.
Батырлан, ризамын ой-өрісіңе,
Білімнің бойлай бергін кенішіне.
Сұрақпен сынақ қылған тұспалымды,
Таңғалдым таспадай ғып өрісіңе.
Би-ағаң жазған Раушан бір бөлек-тін,
(Заманға сай болмай ма кебісі де)
Ол дәуір әйел оқып сауат ашса,
Саналды саясаттың жеңісіне.
Ал, бүгін аруларды сүйреп қосып,
Қойдық қой таластырып ер ісіне.
«Ат басын» отбасынан артық көрген,
Риза емен арулардың көп ісіне.
Бүгінгі биіктегі «Раушандарың»,
Бүлікті ой тастап жүр ел ішіне.
Осыны қоғам қалай қабылдайды,
Ызадан сыймай жүрген терісіне?
Халықтың датын айтып ханға ақырған
Бір сөздің салмағы артық сан «мақұлдан».
Бойымда батырлардың рухы бар-тын,
Бұрқанып «жын түкіріп, қан қақырған».
Бүлікке бастамайтын бірақ-тағы,
Ақынмын ақылымен алда тұрған.
Еңсені езген қара түнектен соң,
Жарқырап таңшолпандар таңда туған.
Мұңнан соң серпін берер сөзімді айтып,
Шайырдай ұсынайын шәрбатымнан.
Түйінде осы айтысты, зейінді інім,
Тамсантып, теңеуіңді ал да тыңнан.
Бастаған ұйқасыма иіп әкеп,
Осымен мен доғардым, ал, Батырлан!
БАТЫРЛАН:
Ағеке, сен де шері, мен де шері,
Кез қылған жырдың дода көмбесі еді.
Ауыл мен қала жайын қатар жаздық,
Қайтқасын ел тауаны, ер меселі.
Шеттегі шекараның қамын айтсақ,
Ұрпаққа жер қалады, ел көшеді.
Және айтсаң жерге бөлген ағаларды,
Олардың тиер ме екен елге себі.
(Көрсетпес келешекті күңгірт тартып,
Көздерін көмескі етсе перде шелі)
Кіндігі дүниенің кері айналар,
Бірлігін бөлсе елдің пенде есебі.
Қырқысып, қырық пышақ болып жатса,
Қазақтың сол емес пе сор, кеселі.
Ақын боп жүрген бізде арман бар ма,
Айта алсақ ұғындырып елге соны.
Болмаған бекзат айтыс алдамшы өнер,
Шешендер сөзден өрнек салған шебер.
Айтарға аз көрінбес жақсы істері,
Алатын асуын ел заңғар көрер.
Кем тұсын көрсеткенге біздер елді
Сүймес деп сірә қандай жандар сенер.
Кетті деп күңірентіп сөкпес бізді,
Көңілінде көргендердің ар болса егер.
Айта алмай кетсе айтарын аламанда,
Арманда ақын өтіп, арман сөнер.
Тұсында әр заманның бір сұрқылтай,
Тұспалды ұға білер жан болса егер.
Тайымнан деп жүргесін «талапты екен»,
Санаттан шығармадың санап бөтен.
Өзіңмен азды-көпті сөз сынастым,
Өлеңге дархан туған жомарт көкем.
Айтыста «арыны жоқ, айқасы жоқ»
деп бізден алмасын тек нәмарт секем.
Ағамен аңдысқандай жан емеспін,
Болса да қиял ұшқыр, қанат бекем.
Өзіңнен үлгі алғасын, мен де сендей
Жыртығы болса елдің жамап кетем.
Куәгер болсын осы жарастыққа,
Қалың ел, Қостанайдай абат мекен.
Айтыста батыра айтып балталасқан,
Жандар көп жағаласып, жанталасқан –
Дау басы – Дайрабайдың сиырындай,
Өзінің абыройын әнтек ашқан.
Сынынан сынбай өтсек жарар еді,
Сыртынан бұл айтыстың ел қарасқан.
Ереуіл сөз, ентікпе іс жоқ бізде,
Ел жайлы айтқанменен ерте бастан.
Тілерім – бақыт таймай, бірлікте елім
тұрса екен бастан базар тарқамастан.
Алланың нұры жауып, қызыр қонып,
Кетпесін құт-береке алты алаштан!
Екі ақынды ел біледі.Екеуі де осал емес. Айтыстарында нақты айтыстан көрі, сұлу сөз басым. Раушан мен ауылдан әрі аспаған. Бірақ ары қара көреміз. Менің ше екеуіне де тең ұпай беріп өткізіп байқау қажет. Абылайдың арыны мықты ғой, Батырлан ізденімпаз. Бір нәрсені дерек-мәнсіз жазбайды.
Рас, бұл қос мықтының айтысы – аталы сөзге аңқасы кепкендердің арманы. "Ырыздығым, несібем, кием – Сөз өнері", – дейтұғын десі басым бұл ілгерілердің екеуін де алдағы ақтық сында көрмеу – қиянат шығар?! Не десе де, "артпен бал ашпау" – артық. Білерім, қазылар қалың ойда) Ал, Абылайды асау арынмен ғана алдырмайды, Батырланды ізденімпаздығымен ғана ілгері деу – бұрыс. Қос қасиет екеуінде де бар. Жазары мен айтары бар жігіттер ғой, тек естір құлақ пен қонар көкей болса да!
Мақтауды жұрт қатырады. «Нестесе», мен «нетіп» көрейінші бір. Алдымен Абылайдың бірінші кезегі туралы айтайын.
«Ендеше, сынап сені бір көрейін, Екпіндеп соққан желдей Ебі жақтан». Екпінін бірінші кезектен күтіп едім, олай болмай шықты. Екіншілерде ғана сауыры суланған.
«Шешендер саясаттан «май асатқан», Алғандай уәдеге болып ұста». Кім ол шешендер? Ұлт па? Биліктегілер ме? Ол өзі Қостанайда жатып алып Торғай деген облыстың қайта ашылуына мүдделі болып отыр ма? Осы қайырымы түсініксіз. Пікірін ашық айтпай, жас баланы отқа қарай итеріп қоя салған.
Батырлан: «Сізбенен айтысқаным бір өкініш». Өкінішшш… Кәпір сөз. Точна осы жерде. Басқа сөз таппаған ба? На то пошло, өзі бипаздап мақтап отырған ағасымен айтысқаны да сұхбат құрғаны емес пе! Айтыстары шынымен де сұхбатқа ұқсаған.
«Ұмтылған бір асуға бір асудан, Жаралған жампозымсың шын асылдан. Барар жер, батар жүгің бәрі мәлім, Жан едің қияларға құлаш ұрған». Осы кезге дейін дәптеріне жинап, осындай бір адамға айтам-ау деген сөз (шумақ). Оның Абылайға арналғанына қуаныштымын. Осылайша жау емес екенімді білдіріп қойып, әрі қарай жалғайын.
«Тарихты сараптасам санамда арғы» – Жапсырғанда да түкіріктеп тұрып жапсырған.
«Ер қайратын» мен «кем қоймасын» ұйқас емес. «Ұқсақ арман» мен «ұлтқа қорған» буын-бунағы келгенмен, онша ұйқаспаған. «Жұрт жаңарған» деп келеді де «тіккен ордам» деп тіптен құртады.
Бұл кезекте Батырлан «орда» сөзін төрт рет ұйқаста қолданыпты.
Екінші кезең. Абылайдың ұйқасы мығым, тірі. Өзімнің есебім түгел дегендей, Батырланға ескертпеген, сын айтпаған, шымшымаған.
«Атына қарсы шығып арс-арс етіп, Алжыған иттей айға абалаған». Қатты сөз. Әбден кіжінген. Ондай адамдар болса, неге аттарын атап, түстерін түстемеген? Халық өз «геройларын» білуі тиіс.
Батырлан «сетінедің» мен «ақыры оның» деген сөздерді «ұйқастырыпты».
Бұл кезеңде ағасының ойын жалғап қана отырған. Жеке өзі болып, мәселе көтермеген.
Үшінші жауаптасуда Абылай «балқұрағым», «арғымағым» деп өте кептіре мақтаған. Жас жігітке артық. Оқығанын көрсеткісі келген. Анау айтарлық басымдық көрсетпепті. «Айтыста «арыны жоқ, айқасы жоқ» деп бізден алмасын тек нәмарт секем» депті оған Батырлан.
Екеуі де барынша мағыналы, айшықты айтысуға тырысқан. Десек те, айтыстың бірінші шарты сөзден ұстау еді…
Мақтаудан жалыққандар үшін жаздым. Екеуіне де жеке қастығым жоқ адаммын. Альтернатив пікір деп қабылдарсыздар. Айтпақшы, келіспеген тұстарыңыз болса, осы жерге оралам.
Есболат Қабылда,өмірде бар адам болсаңыз ризамын. Әдемі талдапсыз. Айтыстың бірінші шарты – сөзден ұстау? Ол қай жерде жазылыпты? Екінші шартын да біле отырайық.
Ассалаумағаликум! Жалпы біреуге пікір жазарда, пікір созің жақсылап зеріттеген дұрыс секілді… Жалпы ақындарымыздын ойы, уақыты, шеберлігі, жүйесі, сөз табу өнерін бағалайтын болсақ, бұл жерде жалпы бір ойдын өзін пікір ретінде жазып қалдырып кету артық сияқты… Айтарым ақындарымыздын әлсіздігін алға тартпай жақсы тұстарын тізіп алып тіршілікте жақсылыққа жетелегеніміз дұрыс сиякты… Өз басым екі ақынғада разымын Аллаһ өнерлеріне берекет берсін.
Есболат Қабылда, қай жақтансыз? Неге осы кезге дейінгі басқа айтыстарға пікір айтпағансыз?
Кейбір сөзіңізбен келіспеймін. Мысалы, "дәптеріне жинап қойған шумақ" дегеніңізбен. Сыйластық лебіз білдіру бұрыннан бар ғой. Айтыстым екен деп, беттен алу міндетті емес. Меніңше, екеуі айтыстың тамаша бір үлгісін көрсеткен.
Ағасы мен інісі жақсы айтысыпты.Бұл жерде ағасы мен інісінің бір-бірінен ілік іздемей, естір құлаққа күрделі мәселерді көтергені көрініп тұр.Арқалықтың бокситі таусылғанмен. қазір қала жабылып ел көшіп кеткен жоқ, кен біткенемен асулы бел, болашақтан үміті үзілмеген ел қалды емеспе.Шалғайдағы Торғай түгелі, шекара маңындағы ауылдардың елсізденуіне билікпен халықтың назарын аудару деп түсіндім.