ДӘУІР ЖЫРШЫСЫ

Халық ақыны Омар Шипиннің туғанына 140 жыл
 
ХХ ғасырдағы ұлы өзгерістер тоғысында қазақтың азаттығы мен қоғамның мұң-мұқтажын жоқтап,  заман қалпын жырға қосқан  дәуір жыршысы – халық ақыны Омар Шипин. 1879 жылы дүниеге келген ақынның кіндік қаны тамған жер – Торғай уезіне қарасты Қайдауыл болысы. Омардың әкесінің аты – Шымболат. Кедей болғанмен еті тірі, өнерлі адам болған екен. Жасында Торғай қаласында тұрып, Ыбырай Алтынсаринге атқосшы болған. Халық жырлары мен ескі һисса-дастандарды көп білген, домбыра тартып, ән салған. Кез-келген аң-құстың даусын айнытпай салатын сирек өнер иесі болған. Сонысын жақсы көрген Ыбырайдың орыс жолдастары Шымболат Жәнібекұлына  өздерінше Шип, Шипа деп ат қойып алған. Осылайша, оның азан шақырып қойған есімі ұмыт болып қала берген.IMG_0500
Омар Шипин Ыбырай Алтынсаринге арнап көлемді дастан жазған ақын. Бірнеше бөлімнен тұратын дастанда  Балғожа бидің немересін оқуға беруі, Ыбырайдың Орынборда 84 ай білім алуы, Петерборға сапары,  елге оралып мектеп ашуы, Есжан есімді жетім балаға қамқорлық жасап, оны білімге тартып, оқытуы жырланады. Аталған дастан ағартушы өміріне қатысты нақты деректі баянымен құнды:
Ыбырайдың жалпақ елге жаны ашыған,
Кетіріп таласты елдің арасынан.
Оқуға облыстың ордасы деп,
Торғайдың қоныстанды қаласына.
 
Үгіттеп Тоңқаймаға салды мектеп,
Шықпады ешкім бұған шегіншектеп.
Панасыз бұта түбін етіп мекен,
Көп жиды жүргендерді елден шеттеп.
 
Баласын оқыттырды Ақтөбенің,
Ырғыздың Кербаладай кезді шөлін.
Орск, Әйет, Тобыл, Обағанның,
Аралап ат сабылтты төңірегін.
 
Үй салды бала оқитын елді жиып,
Қыс суық, жаз шілдеде күнге күйіп.
Ыбырайдың бір мектебі Қостанайда,
Іркілмей 500 бала отыр сыйып.
Омар Шипин – арабша сауатты. Өлеңдерін қағазға араб қарпімен түсіріп отырған. Ол 1909 жылы Аманкелдімен танысады.  Бұл туралы кейін «30-да Имановты іздеп таптым» – деп жырға қосады. Омар Аманкелді жасағына кіріп, батырмен бірге «сан жерде тар жол тайғақ кешіп», сенімді серіктерінің біріне айналады. Батырдың хатшысы болып, Аманкелді жасағына келген сарбаздардың тізімін жасап отырған. Аманкелді әр сарбаздың күш өнерінің қай түріне бейімі бар екенін байқап, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, белдесу сияқты ойын жарыстарын өткізіп отырған. Соған қарай мергендерді, найзашыларды, т.б. сарбаздарды жеке-жеке жасақтап отырған. Омар сол жасақ құрамында өзінің рухты жырларымен елді азаттық жолындағы күреске үндеген.  1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан сарбаз ақынның қаламынан «Арман», «1916 жыл», «Амангелдінің айбаты», «Торғай соғысы» атты толғаулар туған.  Омар ата
О. Шипин Кенесары қозғалысын жырға қосып, ол туралы ел аузынан мол мағлұмат жинаған. Кеңестік кезеңде ақынның Аманкелді көтерілісі туралы жырлары көп насихатталғанымен,  Кенесары қозғалысына арнаған шығармалары цензура сүзгісінен өтпеді. Бұл шығармалардың ұзақ уақыт бойы әдебиеттанушылар назарынан тысқары қалуының себебі де осы.  Омар Шипинді ел тәуелсіздігін аңсаған, ақындық қуатын осы мұратқа арнаған азаттық жыршысы екенін көрсететін туындыларының толыққанды зерттеле бастауы бертінде ғана.  Бұл бағытта жемісті еңбек етіп, тың ізденіс, толымды толғамдарымен көпке танылып келе жатқан ақын әрі ғалым Батырлан Сағынтаевтың еңбегі ерекше зор. Жас ғалым: «Омардың «Наурызбайдың Досбол датқаны шақыра барғанда жолбарысты шанышқаны», «Кенесары, Наурызбайдың Адырлы мен Байтақ қаласын алғаны», «Иман батыр» жырларында көтеріліс барысында болған оқиғалардың барлығы дерлік қамтылған. Қара сөзбен өлең аралас жазылған «Жеті батырдың қысқаша тарихы» жазбасы да тарихи дерекке толы. Омар өз жырларында  айтылатын жайлардың көпшілігін көтеріліске қатысқан куәгерлерден не болмаса олардың әңгімесін естіп, білген  жақын туыстарынан жазып алып отырған. Кезінде «халық ақыны» атағын алып бірнеше мәрте жыр жинақтарын шығарып зор даңққа бөленсе де, Омардың Кенесары жайлы жазғандары Кеңестік кезеңде жарыққа шықпады. Дегенмен ақын бұл тақырыпқа арнап өлең-жырлар жазуын тоқтатпаған. Ақынның осы турасында Алматыда үлкен ортада жүрген Мәриям Хакімжановадан кеңес сұрап хат жазатыны да  бар. Онда былай делінген: «Мәншүк батырың кітапқа шықты ма, шықса бір данасын маған жібер. Омаров Ілиястың дені сау ма, қызметке орналасты ма? …Зеңбірекпен Кенесарыны Арқадан …тауға асырғаны туралы, Кенесарының Балғожаны қалай шапқаны туралы өлең жазсам қандай маңызы бары-жоғын Ілияспен ақылдас…» Омар Шипин 3/ІІ-1952».
Омар Шипин Кенесары жайлы жазған жырларын әр уақытта түрлі тақырыптармен қолжазба қорларына өткізіп отырғанын айта келіп, ақынның «Наурызбайдың Досбол датқаны шақыра барғанда жолбарысты шанышқаны» деп аталатын жырына кеңірек тоқталады: «Жырдың тақырыбында батыр Науанның дала тағысын жеңгені туралы аңызға сілтеме жасалғанымен, шын мәнінде бұл жырдың идеялық мазмұнында ел бірлігі мен ұлт азаттығы мұраты жатқандығын аңғартады. Алайда  өз мүдесін күйттеген ірі шонжарлар Кенесары туының астына бірігудің орнына, шен-шекпенге қызығып, сатқындыққа барады:
Алтыбай, Жанғабылмен жаппастағы,
Олардың іздегені – бастың қамы.
Датқалық бастарына шенді беріп,
Азғырды ол екеуін Қоқан ханы.
 
Екеуі Кіші жүзді шенге сатты,
Датқалық жұртын сатып алды атты.
Қазақтан зекетті жинап беріп,
Қоқанның бегі боп тұр инабатты.
 
Жоғары, жері қашық ұлы жүздің,
Естимін олардан да кеткен тізгін,
Жер бермей Алатаудан Орман, Жантай,
Қоқанда бір жағынан шабад құзғын»[ОҒК: 1337].
Жырда Кенесарының азаттық үшін күресіндегі ойы мен мүддесі ғана емес, ханның үш жүздің басын бір тудың астына біріктіру жолында атқарған істерінің саяси астары да айқын көрінеді. Оны Наурызбайды Сыр бойына жібергелі тұрғандағы ханның мына сөздерінен байқауға болады:
Елімен Досбол мұнда көшіп келсе,
Ұлы жүз, Кіші жүзбен келеді анық.
Омардың хан Кенеге қатысты ойларының жалғасы кейін жазылған Аманкелді жайлы  дастанында да көрініс тауып жатады. Ақын 1916 жылғы көтерілісті Кенесары көтерілісімен ұштастырып жазған. Мұнысы сынға ұшырағандықтан кейін қысқартулармен қайта жарияланған» – деп тұжырымдайды.  Омар ата 2
            Омар Шипин Торғайдағы Аманкелді ауданының 7-ші ауылына мұғалім болып қызмет еткен. 5 жыл бойы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Бұл туралы ақынның немересі Мұхаметқали Шипин: «Атам мұғалімдік жұмыс қиын жұмыс, әркімнің қолынан келе бермейді, – деп жазған. Ұстаздық ете жүріп, балаларға арнап өлең-тақпақтар жазып, сабақты мазмұнды өткізуге тырысқан. Атамның ұстаздық жолын қуып, мен де отыз бес жылдан астам уақыт қазақ тілін оқытып келемін, – дейді.
Омардың әкесі – Шымболат та қара жаяу адам болмаған. Ескі аңыз-әңгімелер мен жыр дастандарды жатқа айтатын шежіре, қазақтың ата салт-дәстүріне жетік кісі екен. Кенже ұлы қайтыс болған соң, әкесі Омарды әмеңгерлік жолымен інісінің әйелі Қалимаға үйлендіреді. Қалима әжейден  ақын Мырзағали және Әбдеш деген екі ұл сүйген.
– Қалима әжеміз өте мінезді кісі еді. Бізге қатты-қатты сөйлеп, кейде жұдырық алып жүгіретін кездері болатын. Әжемнен атам туралы сұрасақ: «Әй сол шалды қойшы. Ол шал туралы кітаптарда жазылған. Артынан оқырсыңдар» – деп келте қайырып, мандытып ештеме айтпаушы еді. Әжем атам жайлы кейде көңілі түскен кезде ғана шешілетін. Әжемнің айтуы бойынша, ол кісі өте көңілді, терең білімді, жады ерекше мықты болған. Жастайынан «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы көрпеш – Баян сұлу»  жырларын, көптеген ескі хисса-дастандарды жатқа айтып өскен. Ауылда жиын-той болса, той иесі Шымболатқа үнемі баласын ерте келуді сұрап отырады екен, – деп еске алады ақынның немересі Мұхаметқали.  
Халық ақыны сұрапыл соғыс жылдары жасы егде тартып қалғанына қарамастан, майданға барып, жауынгерлерге жыр арнап, рух берген. Отан үшін от кешкен батырларға елдің ыстық сәлемін жеткізген. 1943 жылы ол Қостанай облысының еңбекші делегациясының құрамында Ленинград майданына барады. Бораған оқ пен оттың өтінде 13 күн болып, майдангерлердің алдында рухты жырларын оқиды. Жауды жеңіп, елге жеңіспен қайтыңдар деген тілегін білдіреді. Қазақ жауынгерлері ақын өлеңдерін орыс тіліне аударып, ол өлеңдер майдан газеттерінде жарияланады. Сол кездің өзінде ақын 64 жаста екен. Жасының егделігіне қарамастан 23 сәуірде шыққан делегация 1 жарым ай жүріп,  5-ші маусым күні елге оралады. Ақынның майданға сапары һақында Кеңес одағының батыры Илья Сиянов өз естелігінде: «Сіз майданға келіп өзіңіздің өлеңдеріңізбен біздің рухымызды көтеріп, намысымызды жанып тастадыңыз. Бізге күш-қуат бердіңіз» – деген жазба қалдырады.
Омар Шипин – айтыс өнерінің дамуына орасан зор үлес қосқан. Ол ең алғаш ұйымдастырылған айтыста бас ақын атанады. Халық ақыны 1943 жылы Аламатыда өткен І-ші Жалпықазақстандық халық шығармашылық олимпиадасына қатысып, 2-ші орынға ие болады. Бірінші орын Жамбыл Жабаевқа бұйырады. Ақынның немересі Мұхаметқалидың айтуынша, Омар Шипин бұл айтыста негізі бірінші орынға лайық деп танылған екен. Бірақ ақындық өнері мен жасын сыйлап, жолын Жамбылға берген. Соған риза болған Жамбыл өзінің үстіндегі шапанын шешіп, атамның иығына жапқан екен. Ол шапаны қазір облыстық өлкетану музейінде ілулі тұр. «Омар Шипиннің Жамбылдан алған сыйлығы» деп жазылған.
Әкеден 10 жасында жетім қалып, тұрмыс тауқыметін ерте тартқан дәуір жыршысы кейінгі ғұмырын кіл қуаныш-шаттыққа толы өткізді деу қиын. Қартайған шағында тұңғыш ұлы – Мүсілімнен айырылған Омар ұзақ уақыт қайғы-құсадан арыла алмайды. Ерекше жақсы көрген тұла бойы тұңғышының мезгілсіз өлімін 40 күн аза тұтады. Қазақта өлім-жітімге байланысты азаға қатысты айтылатын «Көңілі суымады» деген сөз бар. Омар да 40 күн ұдай аза тұтқанмен, тұңғышы Мүсілімге деген көңілін суыта алмайды. Көкірегін ұлына деген алапат сағынышқа толы күйік өрті дендеген ақын тұңғышының дидарын ақырғы рет бір көріп, көңілін суытуға бел буады.
– Қалима әжем мен  өзімнің анамның айтуынша, атам баласын сағынып, 40 күннен кейін зираттың басына барып, молдалардың рұқсат бермегеніне қарамастан қабірді ашып, баласын көрген екен. Ақіреті сарғайған. Денесі енді бұзыла бастағанмен, сол қалпында жатыр екен. Содан баласының тас маңдайынан сүйіп, өзі құран оқып, қайта жерлеген екен, – дейді ақынның немересі Мұхаметқали Шипин.
1954 жылы О.Шипин өз фотосуреттерін облыстық өлкетану музейіне әкеліп тапсырады. Кейіннен, 1963 жылы дүниеден өткен жылы жұбайы Қалима әжей ақынның  бірсыпыра қолжазбасын, марапаттарын – Ленин орденін, депутаттық белгішесін, өзі тұтынған жеке заттары – бөркін, қаптал шапаны мен күрең қызыл матадан жасалған кемер белбеуін музей қорына тапсырады. Бұл қолжазбалардың көбі араб қарпімен жазылған. Ақынның қолжазбалары туралы немересі Мұхаметқали: «Өзімнің алғашқы мұғалімім Жұмағали Шымбаев ұстазым атамның хатшысы болған. Атамның араб қарпімен жазған өлеңдерін кирил жазуымен көшіріп беріп отырған. Ағайдың еңбегі өте зор. Музей қорында Жұмағали ағайдың қолымен жазылған бірталай шығармалары, оның ішінде әлі  жарық көрмеген жиырма шақты өлеңі бар екен. 2017 жылы Алматыда атамыздың кітабы жарық көріп, қуанып қалдық» – дейді.
            Омар Шипин Қостанай ауданындағы Темірқазық ауылында ұзақ жыл тұрды. Эпостық дәстүрді жаңғыртып, көлемді дастандар жазды. Еңбекшілерге рух беретін шағын тақпақ өлеңдері арқылы тың жанр қалыптастырды. Заманының заңғар жыршысы болған халық ақыны өз дәуірінің ең жоғарғы атақ-марапаттарына ие болып, Ленин, Еңбек Қызыл ту ордендерін омырауына тақты. Оның өлеңдерінде заман тынысы мен туған жерге деген перзенттік махаббаты айшықты суреттелген. Ақын қазыналы Қостанай топырағының қасиет-киесі мен әсем табиғатын, қарапайым халқын жырға қосады.
Омар Шипин артына мол әдеби мұра қалдырған. Жас ғалым Батырлан Сағынтаев Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институы мен орталық ғылыми кітапханадан ақынның ел тарихына қатысты жинаған мол деректі материалдары мен жарық көрмеген шығармаларын тауып, ғылыми айналымға енгізуге талпынып жүр. Батырлан тапқан ақынның күні бүгінге дейін белгісіз болып келген шығармасының бірі – Омардың Сойдақ Байғабыл ақынмен болған айтысы. Ғалым аталмыш айтыстың 1911 жылы болғанын айта келіп, оның шығу тарихын туралы мағлұмат береді: «Қараторғай болысының атаулы адамдары Түркебаев Смайыл, оның баласы Мұхамеджан болыс күнінде сол өзіне қарайтын жиырма үй Бегімбет деген ел болған. Солардың жерін тартып алмақ болып жатқанын Аманкелді естіп, 1911 жылы көшіп барып сол ағайындарымен қыстап шығады. Аманкелдінің ағайыны Атамбеков Ыбырайды Мұхамеджан болыс жігіттеріне сабатады. Болыстың ағайыны болып келетін Сойдақ Байғабыл ақын Ыбырайды арашаламаған соң, Аманкелді барымтаға Байғабыл ақынның жүйрік байталын алдырды. Байғабыл ақын байталдың соңынан қуып келгенде Омармен айтысқан».
Жас та болса, әдебиет тарихының тоң астында қалған тұстарын күн көзіне алып шығып, кесек ойлы, кескекті тұжырым  жасап жүрген Батырлан Сағынтаевтың тың ізденісі Омар Шипин мұрасының әлі де жүйелі зерттеле қоймағанын дәлелдейді.Омар Шипиннің Д.Қонаевқа жазған хаты
Жуырда ғана Алматыдағы Қонаев музейінен ақынның біртуар мемлекет қайраткері Дінмұхаммет Қонаевқа жазған құттықтау хаты табылды. Тарихи хатты кездейсоқ тауып алған – ақынның жиен шөбересі, Алтынсарин ауданындағы Омар Шипин атындағы орта мектептің директоры Рүстем Сейілбеков. Хатты «Қымбатты жолдас Қонаев!» деп бастаған ақын, Республика басшысын Х партия съесімен құттықтап, ел байлығының еселене беруіне тілектестік білдіре келіп, Қонаевты үйіне қонаққа шақырады.  Хат соңында «…Осы жылдың жаз айларында менің үйіме қонаққа келіп кетуіңізді өтінемін. Мүмкіншілігіңізге байланысты келетін уақытыңызды хабарлауыңызды сұраймын. Шипин Омар. 15 март, 1960 ж. Обаған ауданы, Маяковский  совхозы» – деген жазу бар. 
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓