Нигерия азаматына көмектесті
Нигерия азаматын қостанайлық полицейдің ағылшын тілін жеті білуі таңдандырды. Бейбарыс Мұхаметқалиев Қостанай жол-патрульдік полициясы батальонында қызмет етеді. Жас жігіт төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын және немісше еркін сөйлейді. Оның бұл қабілеті Нигерия тұрғынының Алматы қаласына жетуіне себепші болды. Белгілі болғандай, оның шетелдіктерді құтқаруы алғаш рет емес екен…
Алматыда жұмыс істейтін Нигерия тұрғыны EkeStanleyOdnako Қостанайға қыдырып келген. Басты кедергі – тек өз тілінде ғана сөйлей алатын. Ол облыс орталығында адасып қалған. Көмекке келген полиция қызметкерлері шетелдікпен тілдесе алмағандықтан, кезекті демалысында жүрген Бейбарысқа хабарласуды жөн санайды. Ол нигериялықтың мәселесін тыңдап, оны үйіне қондырып, келесі күні Алматыға шығарып салған.
Полицияның кіші сержанты Бейбарыс әріптестері арасында полиглот ретінде танымал. Ол Рудный индустриялық институтын электр энергетикасы мамандығы бойынша бітірген. Студент шағында шет мемлекеттерге оқуға және тәжірибеден өтуге екі рет жіберілген. 2014 жылы «Эразмус» бағдарламасы бойынша Германияның Висмар қаласында төрт ай болып келіпті. Бұл – студенттер алмасу жөніндегі Еуропалық одақтың коммерциялық емес бағдарламасы.
Ол кезге дейін Бейбарыс ағылшын тілін еркін білген. Студент интерұлттық топта өз мамандығының сыртында Халықаралық бизнес негіздері және іс жүргізу курсында оқиды.
-Шетелде оқу менің тілдерді үйренуіме ықпал етті, оған достық атмосфераның септігі мол. Топта Испания, Мексика, АҚШ, Франция және Ресей елдерінің студенттері оқыды, – дейді Бейбарыс.
Ол оқуын бітірісімен, германиялық оқытушылар қазақ баласының қабілетіне оң баға беріп, хат жазған. Алайда, Бейбарыстың арманы ішкі істер органдарында жұмыс істеу болды. Сондықтан институтты аяқтасымен, 2016 жылы Петропавл қаласындағы әскери-техникалық мектепке құжат тапсырады. Ол мақсаты жолында табандылық танытты. Спорттық қабілеті жағынан да оған теңесер ешкім жоқ-тын. Ол қоян-қолтық ұрыс жекпе-жегінен спорт шеберлігіне үміткер, кикбоксинг, аралас жекпе-жектен сан доданың жүлдегері. 2017 жылдың тамыз айынан жол-патрульдік полициясы батальонында тәжірибеден өте бастады.
Кіші сержант, еңбек өтілі аз болса да, өзін сауатты қызметкер ретінде көрсете алды. 2018 жылы Қостанайда адасып кеткен Сауд Аравиясының азаматына көмектесті. Шетелдік азамат қостанайлық жұбайына келген. Ерлі-зайыптылар кешкісін дәмханада тамақтануға барғысы келіп, келеңсіздік сол жерде басталыпты.
-Кезекшілік бөліміне Карбышев көшесіндегі кеңселік ғимараттардың бірінің күзетшісінен қоңырау келіп түседі. Ол жұмыстан тыс уақытта шетелдік азаматтың жүгінгенін айтқан. Бейтаныстың бір ауыз сөзіне түсінбей, "102" нөміріне хабарласуды жөн таныпты. Радиоэфир арқылы ағылшын тілін білетін қызметкер қажет екені туралы хабарлама тарады,- деп еске алады Бейбарыс.
Сауд Арабиясы азаматымен тілге келген ол, шетелдіктің адасып кеткенін түсінген. Ол дәмхананы іздеп, ағылшын тіліндегі атауы бар бизнес-орталықты кездесер орын деп ойлапты. Бейбарыс мәселені оңай шешіп, шетелдікті тұрғылықты жеріне жеткізіп тастайды.
Бейбарыстың пікірінше, қазіргі таңда тілдерді білу – кәсіби қажеттілік. Ол күнделікті қазақ және орыс тілдерінде сөйлейді. Ал ағылшын және неміс тілдерін бұрынғы әріптестерімен қарым-қатынас орнатып тұру үшін пайдаланады екен…
Нигерия тұрғыны көрсеткен көмегі үшін Бейбарысқа алғысын білдірді.
Қостанай облыстық ПД баспасөз қызметі