Елбасы “100 жаңа есім” жеңімпаздарымен кездесті
Елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі жеңімпаздарымен кездесті. Шара «Қазмедиа» орталығында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Естеріңізге сала кетсек, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына үміткерлерден өтінім қабылдау өткен жылдың қыркүйегінде басталды. Жоба кәсіби салада жетістікке жеткен, дара жолдары өзгеге үлгі болатын адамдарға арналған. Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған жобаның ерекшелігі – үміткер өзін ұсынуға және үміткерді ұйым атынан ұсынуға мүмкіншілік берілді. Өтінімдер 2018 жылдың қазан айының ортасына дейін 100esim.el.kz сайты арқылы қабылданды, одан әрі қараша айы бойы онлайн дауыс беру жалғасты. Жалпы, екі жылдың ішінде жобаға қатысуға 4 мыңға жуық өтінім түсті. Дауыс бергендердің саны 100 мыңнан асып жығылды.
Айта кетерлігі, жобаның бірінші кезеңінде 2 мыңнан аса өтінім қабылданды. Оның 302-і іріктеуден өтіп, 102 үміткер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды. 2017 жылдың 1 желтоқсанында олармен Президент Нұрсұлтан Назарбаев кездесіп, қатысушылардың жеткен жетістіктерімен танысты. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының мақсаты – Тәуелсіздік жылдарында заманауи Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан адамдардың нақты мысалында қоғамда табыстылық идеяларын, меритократия, бәсекелестік принциптерін, білім және прагматизм культын насихаттау және дамыту.
«Барлықтарыңыз Тәуелсіздік ұрпағысыздар. Қазақстан Тәуелсіз болмаса мұндай жастардың өсу-өспеуі екіталай еді. Сондықтан, барлығы Тәуелсіздіктен басталады. Ата-бабамыз аңсаған, бабаларымыздың қанымен, аналарымыздың ақ сүтімен келген Тәуелсіздікті қолымызға алып, аяғынан тік тұрғызған ұрпақпыз. Бізден ары қарай жалғастыратын сіздерсіздер. Соны ұмытпау керек», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы жақында Жастар жылының жариялануына орай жастармен кездескенін еске алып өтті.
«Қаншама жалындаған жастардың ойын, сөзін естідік. Қазіргі уақыттағы басқа жұрт желетін болса, біз шабуымыз керек. Себебі біз қалып қалған елміз. Ол біздің кемшілік емес. Тарих, тағдыр бізді солай етті. Көп жылдар Ресейдің қол астында болдық. Басты мемлекет өзінің шаруасын шешіп, бізге де көмегі тиген шығар. Бірақ, біз екінші орында болдық. Одан кейінгі саясат та бізге жол берген жоқ. Бірінші орынға бізді шығармады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚР Президенті еліміз енді ғана қанатын жайып, дүниеге қазақтың кім екендігін, қазақ деген мемлекеттің бар екендігін таныта алғандығын баса айтты.
«Тәуелсіздігімізге 27 жыл болды. Түк емес, тарих үшін, дүние үшін бір мезет қана. Соның ішінде осыншама жастарды тәрбиелегінімізге мен өзімді өте бақыттымын деп санаймын», – деді Елбасы.