Бағын сынаған балғындар
Бүгін Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы облыстық байқауы мәресіне жетті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін игі шараға өңіріміздің әр түкпірінен үмітін үкілеп келген жиырмаға жуық өрендер қатысты.
Бұл байқаудың мақсаты – ең алдымен, сөз өнерін дамытуға, кейінгі ұрпақты көркем әдеби шығармалар оқуға ынта-ықыласын арттыру. Сондай-ақ, қазақ сөз өнерінің сүлейі Оралхан Бөкей шығармашылығымен қалың оқырманды таныстыру. Мұны біз:
– Біз кейінгі толқынды, болашақ ұрпақты кітап оқуға, бойындағы тұма талантты танытуға осындай мәдени игі іспен көрсетеміз,– деген басқарма басшының орынбасары Қазымбек Ахметовтің құттықтау сөзінен байқадық.
Сонымен сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Рудный қаласынан келген жас талант Жансая Мұратбаева жеңіп алып, Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды. Кейінгі жүлделерді арқалықтық Жансая Сексенбай мен аманкелділік Асыл Кәрімжан бөлісті.
Қазылар алқасының мүшесі І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театрының талантты жас актері Нұрлыбек Кенжеахметов көркем сөз оқуға ең алдымен таңдаған шығарманың мән-мазмұнын жақсы білу қажеттігін және сол шығарманы орындауға әртістік қабілеттің керектігін барлық өрендерге баяндап берді.
Арғын Қалыбек
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков
























