ДОСТЫҚҚА СЫЗАТ ТҮСІРМЕЙ…

Кімдікі өтімді?
Соңғы уақытта еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейдің ветеринарлық және фитосанитариялық федералды қызметімен қырын қабақ. Алакөздіктің қай уақытта және неден басталғаны беймәлім. Анығы – өткен жылдың күзінен бері екі елдің құзырлы қызметтері бір-бірінің тауарларының шекара асуын шектеумен келеді.
Жоғарғы жақтың мұндай текетіресі қарапайым халықты арзан және сапалы өнімнен, ал кәсіпкерді қыруар пайдадан қағары анық. Оның үстіне көрші мемлекетпен сауда-саттықтың шектелуі Еуразиялық экономикалық одақтың қарарына қайшы екені айтпаса да белгілі. Әзірге, бұған бас қатырып отырған біздің жақ қана. Ортақ шешім ұсынып отырған да – біздің тарап.102
 
Неден басталды?
Екі елдің саудасына алғашқы сызат түсірген – картоп пен консервілік өнімдер. Нақтылар болақ, өткен жылдың қыркүйегінде қазақстандық тауарды Ресей тарабы белгісіз себептермен өз еліне енгізбей тастады. Қазақстандық тарап қарап қалған жоқ. Көрші мемлекеттен кіретін дәл сондай тауарлардың бірқатарына шектеу қойды. Бұдан кейін, біздің мемлекетке аттандырылған тағы бір партияның шекара асыратын тиісті құжаттары болмай, ресейлік тауар сәл кешігіңкіреп, бері өткен болатын. Техникалық себептерге байланысты болған жағдайды көршілеріміз «сауда соғысы» есебінде қабылдап, бірден қарсы әрекетке көшкен еді. 
Төбе түйістіріп ортақ шешімге келудің орнына, ресейлік тарап сауда шиеленісін одан әрі ушықтырып жіберді. Атап айтқанда, Ресей ветеринарлық және фитосанитариялық федералды қызметі қазақстандық «J.F.M. company» кәсіпорынының балық өнімдеріне шектеу қойды. Сондай-ақ, «Кублей» ЖШС, «Ижевский» ЖК, «Арай East-Food» ЖШС іспетті тауар өндірушілердің ет консерві өнімдерін ерекше сынамаға алып, біраз әбігерге салған еді.
Қазақстандық тарапқа қарымта жауап қайтарудан өзге амал қалмады. «Магнитогор құс өсіру кешені», «Токарев құс фабрикасы» ААҚ өнімдеріне шектеу қойды. Сондай-ақ, ресейлік «Продо» АҚ, «Сібір-Урал бройлері» «Царицино» іспетті компаниялардың тауарларын ерекше сынамаға алды.infografika keden odagi(2)
 
Тәубеге түсірудің амалы
Тауарларына алма-кезек шектеу қойып жатқан тараптардың әрекетін кездейсоқтық немесе сәйкестік, амалсыздық деп айта алмайсыз. Олай дейтініміз, осыған дейін қырғыз ағайындарымыз да Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған бірер кездесулерінен соң, Қазақстанның кейбір тауарларына шектеу қойып, кеуделерін керген еді. Ол жолы отандық бақылаушы органдар қарап қалмады. Бірден, қырғыз елінен әкелінетін бірқатар тауарларға жауапты шара қолданды. Қазақстан тарапынан мұндай әрекетті күтпеген Қырғыз Республикасы бірден тәубесіне түсті. Қазақстаннан келетін құс пен ет өнімдеріне қойылған шектеуді алып, сауда-саттықтағы қарым-қатынасты қайтадан қалпына келтірді.
Адам саны алты миллионнан аспайтын қырғыз мемлекетіне қолданылған шараның халқы 147 миллионнан асып жығылатын Ресейге  қолданғаннан абырой таппасымыз анық еді. Десек те, болар іс болды. Екі мемлекет арасындағы сауда сапырылысы басталды.
Өткен жылдың қарашасында көрші мемлекеттің бақылаушы органы АҚШ-тан қазақ еліне жол тартқан тауық етінің жолын кесті. Транзиттік шектеу – отандастарымызды 170 мың тонна арзан өнімнен қақты.
Ауылшаруашылық министрлігінің Kapital.kz порталына берген ақпаратына жүгінер болсақ, елімізде (құс шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп жатқанына қарамастан) жыл сайын осыншама мөлшерде өнім жетіспейді. Қазақстан мен АҚШ тарапымен жасалған келісімге сай, жеткіліксіз көлемдегі тауық еті біздің елімізге арнайы квотамен жөнелтіліп, арзан бағамен сатылады. Ведомство өкілдерінің уәжіне құлақ асар болсақ, арзан өнімнің жеткіліксіздігінен халықтың әлжуаз тобы зардап шегуде.   
Халықаралық талаптарға сай, транзиттік өнімге шектеу қойылған жағдайда, тексеруші тарап, яғни Ресей Федерациясы шектеудің себептерін түсіндіретін тиісті құжаттарын ұсынуы тиіс. Ол аз десеңіз, тауар Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына кіретін мемлекетке бағыт алған жағдайда, шектеу құжаттарының бір данасы осы ұйым қарауына да жолдануы қажет. Өкінішке орай, көрші мемлекет қалыптасқан қағиданы да көзге ілмеді. Жауап күткен үш тарапқа да тұшымды, тиісті уәж келтірмеді.
   Kapital.kz порталының мәліметтеріне жүгінер болсақ, Ресей тарабы қазақстандықтарды ЕАЭО тауарларды бақылау, тасымалдау саясатын ұстанбай отыр деп айыптап отырған көрінеді. Шын мәнісінде, мұндай рұқсат қағаздары сол Ресейдің өзімен, Беларусия және Армениямен жасалған. Тек, Қырғыз мемлекетімен арадағы келісім дұрыс болмаған. Осыны қаперге алған Ресей тарапы қазақстандықтарды АҚШ-тың тауығынан қағуды жөн көріпті.
  Әрине, Одақ құрамында болғандықтан, оның қағарлары мен қаулыларын бұлжытпай орындау –  осы ұйымға мүше елдердің міндеті. Десек те, ұйымға мүше елдердің бесеуінің де тәуелсіз мемлекет екенін естен шығармағанымыз абзал.  Яғни, әр мемлекет өз бетінше  әлеуетін арттырып, экономикасын күшейтуге құқылы. Тек, онысы заңды жолмен жүргізіліп, одаққа мүше өзге елдерге кесірлі болмаса болғаны. Ресей тарабының қазақ елін АҚШ өнімінен қағуы одақтың да, жалпы қазақ елінің де осы қағидаларына қайшы келуде. 
 
Екі атанның арасы
«Үшінші дүниежүзілік соғыстың қандай қарумен жүргізілерін нақты білмеймін, бірақ төртіншісінде адамзаттың таяқпен шайқасарын болжау қиын емес», – деген  Альберт Эйнштейн теориясындағы «белгісіз қаруды» ақпарат майданымен алмастыруға толық негіз бар. Олай дейтініміз, жұмыр жерді мекен еткендерді бірнешеге бөлшектеп, АҚШ пен Ресейді, Еуро одақ пен Ұлыбритания, Түрік пен Сирияны, тіпті Кореяның оңтүстігі мен солтүстігін бір-біріне қырын қараттырып қойған да осы ақпарат майданы. Күштілері қаруын шошаңдатып, әлсіздері атом бомбасымен қорғанып отырған мемлекеттер әзірге сөз жарыстырып қана отыр. Кейбір мемлекеттер ғана аракідік оқ атып, әлемді шулатып қояды. Тек, Сириядағы қақтығыс – қантөгіске ұласып, ауқымы жағынан Араб елдерінен асып, Еуропа мен Азияға жайылғаны белгілі.
АҚШ пен Ресейдің арасындағы текетіреске айтулы Сирия мәселесінің себепкер болғанын айта кеткен жөн. Алпауыт елдер арасындағы қақтығыс Қырым тұсында тіптен ушыға түсті. Содан бері Ресеймен істес болғандар АҚШ-қа, Америкамен істес болғандар Ресейге жаудай көрініп жүр. Екі жақ та бір-бірінің кәдесіне жарауы тиіс мемлекетаралық жобаларының жолын кесуге әзір. Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы да осы бір текетірестің  салдары болуы бек мүмкін.
 
Көршің соқыр болса…
Халықаралық талаптарға сүйенер болсақ, Еуразиялық экономикалық одақтың құрамындағы елдердің өзара қарым-қатынас жасауына жол ашық. Сондай-ақ, тысқары мемлекеттермен байланыс орнатуына да шек қойылмайды. Тек, одақтың құрамында жоқ мемлекеттермен тауарлық байланыс Еуразиялық кеңестің келісімімен жүзеге асырылуы тиіс. Біздің мемлекет осы талаптардың барлығын да бұлжытпай орындауда. Жалпы,  Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы Қазақ елі  Ресей Федерациясының ыңғайына жағатын 17 кедендік кеңеске қатысып, алпауыт мемлекеттің мүддесіне қолдау көрсеткен.
Осыған қарамастан Қазақстанның құқығы шектеліп жатады. Атап айтар болсақ, 2016 жылдан бері Қазақ елі Қытайда шығарылатын ауыр салмақты көліктерге қажетті дөңгелектерді жоғары кедендік салықпен енгізуде деп хабарлайды Kapital.kz порталы.Nikakoy-torgovoy-voyny-s-Rossiey-net-–-Minekonomiki-Kazakhstana
Кедендік одақ аясындағы қарама-қайшылықтарға қарамастан, Қазақстан үкіметі көршімізді қысымға алып, оңтайлы шешім я болмаса елден ерек тамаша жағдай жасауға талпынып жатқан жоқ.  Тек, Ресей тарапынан ертеректе қабылданған кедендік, Еуроазиялық одақ қағидаларын сақтауды, екі жаққа да экономикалық тиімді ұсыныстарды қабылдап, сенім мен құрметті сақтауды талап етеді.
Айтпақшы, ішкі сұранысты реттеп, бағаны оңтайландыру мақсатында, биылғы жылдың 9 қаңтарынан бастап көрші мемлекеттің жағар майын тасымалдауға үш айға шектеу қойылды.  Еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаев қол қойған бұйрыққа сүйенер болсақ, 3 ай бойы темір жол желісімен тасымалданатын мұнай өнімдеріне шектеу қойылады. Бұйрықтың орындалуын Ұлттық қауіпсіздік және кеден қызметтері қамтамасыз етуі тиіс. Бұл – екі ел арасында алдын ала келісілген, ішкі экономикалық себептерге байланысты жасалып отырған қадам. Мұнымызды көршіміз дұрыс түсінсе жарар…
 
Жұматай КӘКІМЖАНОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓