Салық салмағы кемиді
Қостанай облысында 2800 кәсіпкер салықтық амниястияға ілігеді. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлайды.
Салықтық рақымшылық Қазақстан бойынша осы жылдың 1 қаңтарынан басталған болатын. Жалпы алғанда, республика бойынша 90 077 орта және шағын бизнес субъектілері рақымшылыққа ілігеді. Оның 31 210-ы – заңды тұлға, 58 867-сі – жеке кәсіпкер. Ал Қостанай облысында 2 800 кәсіпкер жалпы сомасы 3,6 млрд теңге болатын салық міндеттемесінен босатылады.
"Бұл жоба 2018 жылдың 1 қазанынан бергі негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанға дейін өтеген жағдайда, шағын және орта бизнес салығының өсімақысы мен айыппұлдарын алып тастауды көздейді, – деп түсіндіреді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жібек Сейітова. – Мұнымен қоса, 2018 жылдың 1 қазанынан бергі негізгі қарызға қосылған өсімпұл да салық төленгенге дейін есепке алынбайды. Біз барлық кәсіпкерлерді мемлекет ұсынып отырған қолдаудың игілігін көруге шақырамыз".
Сарапшы сөзінше, ірі салық төлеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар (жерасты суларын және емдік балшықтарды қолданушылардан басқа), сондай-ақ акцизделетін өнімдерді өндірушілер бұл рақымшылыққа ілікпейді.