Автоөндіріс аясындағы әріптестік
11 қараша күні Қостанайда автокөлік құрастыратын AllurGroup пен қытайлық Genertec (ChinaGeneralTechnologyGroup) тобына енетін СМС (ChinaNationalMahcinery IMP.& EXP. CORP) компаниясы автоөндірісті дамыту және импорт пен экспорт мәселесін бірлесе отырып реттеу туралы инвестициялық келісімге қол қойды. Енді «AllurGroup» автохолдингі акциясының 51%-і қытайлық компанияға тиесілі болмақ. «Genertec» отандық автоөндіріс саласына 10 жыл ішінде жалпы көлемі $1,1 млрд. қаржы салуға ниетті.
Осыған орай, қытайлық компания басшылары Қостанайға келіп, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-інің өндіріс алаңдарымен танысты. Одан кейін облыс әкімімен кездесіп, бірлескен жобаны жүзеге асыру жолдарын талқылады. Архимед Мұхамбетов автокөлік өнеркәсібі елімізде соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан сала екенін атап өтіп, былтырғымен салыстырғанда, биыл Қостанайда автокөлік өндірісі екі есеге ұлғайғанын айтты.



«Genertec» пен «СарыарқаАвтоПром» автоөнеркәсіп әлеуетін арттырып, автокөлік құрастыру саласындағы қазақстандық үлесті 50%-ке жеткізуді көздеп отыр. «Genertec» компаниясының басқарма төрағасы Лу Йимин ашық қабақ танытып, бірлескен жобаға қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне алғысын айтып, қостанайлық автоөнеркәсіпті дәуірлеу кезеңі күтіп тұрғанын, болашақта өндіріске жаңа технологияның ең озық үлгілері енгізілетінін айтты.


Нұрқанат Құлабаев
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков