Қоржында – 5 алтын және 2 қола медаль
Ағымдағы жылдың 1-7 желтоқсан аралығында Астана, Алматы және Қостанай қалаларында WorldSkills Кazakhstan-2018 чемпионаты өтті. Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінен 300-ге жуық колледж студенттері 30 құзыреттілік бойынша үздік атақтары үшін күресті. Біздің өңірден 15 құзыреттілік бойынша 16 қатысушы бақ сынап, нәтижесінде студенттер облыстың қоржынына 5 алтын және 2 қола медаль түсірді.
Атап айтар болсақ, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің студенттері Константин Огнев “Дизельді қозғалтқыштарға қызмет көрсету” құзыреті бойынша, Кирилл Булат “Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету”, Андрей Степанюк пен Григорий Лепетин “Желілік және жүйелі басқару”, ал Қостанай тұрмыстық қызмет көрсету колледінің студенті Надежда Титенко “Киім дизайны және үлгілеу”, Қостанай политехникалық жоғары колледжінің студенті Гүлзайра Ерішева “Астық және оны қайта өңдеу өнімдерінің сапасын анықтау” құзыреттері бойынша алтын медеаль иеленді. Сондай-ақ, политехникалық жоғары колледжінің студенті Никита Минеев “Веб-дизайн”, ал Қостанай политехникалық жоғары колледжінің студенті Татьяна Прусакова “Кондитерлік іс” құзыреттері бойынша қола медальды қанжығаларына байлап қайтты.
Республикалық чемпионатта бірінші орын алған жеңімпаздар 2019 жылдың тамыз айында Ресей Федерациясының Қазан қаласында өтетін WorldSkills-2019 әлем чемпионатында Қазақстанды таныстыратын болады.