Денсаулық мекемелері қайта құрылмақ
Қостанай облысы әкімінің қаулысына сәйкес Арқалық перзентхана үйін қаладағы аймақтық ауруханаға қосу жоспарлануда.
Арқалық психоневрологиялық диспансері Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығының филиалына айналады. Арқалық жедел жәрдем станциясы Қостанай облыстық жедел жәрдем станциясына қосылады.
Жедел байланыстарды қамтамасыз ету үшін 2018 жылдың 6 тамызынан бастап "KӨMEK" бағдарламасы жүзеге асуда. Қазіргі уақытта 103 нөмірлі барлық қоңырауларды облыстық клиникалық жедел жәрдем медицина орталығы қабылдайды. Сондай-ақ, Арқалық туберкулезге қарсы ем қолдану диспансері де жыл соңына дейін қайта құрылады.
Бұл ақпараттар «Арқалық аймақтық ауруханасы» ММ бас дәрігері Нұрлан Ержановтың қала әкімі аппаратының кезекті жиынында жасаған баяндамасында айтылды.
Көп профильді аймақтық аурухана қала тұрғындары мен қалаға қарасты ауылдарға, облыстың оңтүстік аудандарына (Аманкелді және Жангелдин аудандары), сондай-ақ, Ақмола және Қарағанды облыстарының көршілес аудандарына төтенше және жоспарлы стационарлық, сонымен бірге, балаларға стоматологиялық көмек көрсетеді.
Денсаулық сақтау министрінің өткен жылғы «Қазақстан Республикасында шұғыл медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы» бұйрығына сай, емдік жүйені қайта құру және штаттық кестені кеңейту көзделуде.
Жалпы, қала бойынша 86 дәрігер жұмыс істейді, қосымша 33 дәрігер қажет. Арқалық аймақтық емханасы қаланың түрлі бөліктеріндегі 4 ғимаратта орналасқан, олардың 2- і жалға алынған.
"Барлық емханалық қызметтердің үйлесімді жұмыс істеуі және халыққа медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін бірыңғай емхананың болуы қажет. Алдағы қайта құру нәтижесінде аймақтық ауруханаға қосылуына байланысты перзентхана ғимаратын емханаға қаратуды ұсынып отырмыз", – деді бас дәрігер өз сөзінде.
Қала әкімі Эльдар Күзенбаев қаладағы дәрігерлердің жетіспеушілік проблемасын түбегейлі шешу қажеттігін алға тартты. Дәрігерлерді баспанамен қамту бірінші кезекте шешіледі. Қалада салынғалы жатқан көпқабатты тұрғын үйден 25 пәтерді жаңадан келетін денсаулық сақшыларына бөлу жоспарланғанын жеткізді.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.
(Иллюстрациялық сурет)