Сот – өш алудың құралы емес
Елімізде Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен жыл басынан бері жобалық менеджмент әдісімен жеті топ жұмыс істеуде. Соның бірі – “Татуласу: сотқа дейін, сотта” жобасы шеберінде жұмыс істеп жатқан топ өңірге келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Облыстық филармонияның күмбезді залында өткен кеңейтілген жиынға ҚР Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен, “Бірлесе даму” әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қоры қоғамдық қорының президенті Нұргүл Қарағойшина, облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев және сот төрағалары мен судьялар, құқық қорғау саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосуда медиация институтының жұмысын жандандыру, елімізде татуластыру орталықтарын көптеп ашу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Жиын барысында Жоғары сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Болатбекұлы өз сөзінде елімізде жыл сайын сотта қаралатын істер санының еселеп өсіп жатқандығын алға тартты. Статистикалық мәліметтерге сай, өршіп тұрған даулардың көпшілігі – отбасылық даулар. Оның ішінде: некені бұзу, баласын, ата-анасын, жұбайын асырау үшін алимент өндіру сияқты даулар. Мәселен, 2013 жылмен салыстырғанда 2017 жылы сотқа түскен істер мен арыздар саны 2 есеге, яғни 1,4 миллионнан 2,7 миллионға дейін өскен. Сондай-ақ, елімізде адам басына шаққанда әрбір төртінші азаматтың дауға тартылып, соттасып жүргені байқалады. Қостанай облысында да басқа өңірлермен салыстырғанда даукестік деңгейі жоғары көрінеді. Мұның сыртында, елімізде ажырасу көрсеткіші де жоғарылаған. Мәселен, орта есеппен әр отбасында 2 бала деп алсақ, бір жылда 100 мыңнан астам бала әке не ана тәрбиесінен айырылып, әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған жетім балалардың қатарына қосылуда. Біздің облыста да 2017 жылы 3562, ағымдағы жылдың алты айында 1624 отбасының шаңырағы шайқалып, жылына алты мыңға жуық бала отбасында толыққанды тәрбие алмауда.
-Ежелден аталы сөзге тоқтап, сөз қадірін білген, аңғалдығы мен адалдығын жоғалтпаған дана халық едік. Осы қасиеттеріміз бола тұра ұлттық санамыздың улануы ма, әлде жаһандану толқынының әсері ме, жылдан жылға даукес болып барамыз. Дәстүрлі құндылықтар құнсызданып, материалдық игіліктер көбірек дәріптелетін бүгінгі қоғамда адамдарда бір-біріне деген мейірім мен сыйластық азайып, қатігезденіп барады. Бізде ажырату оңай шешілетін шаруаға айналған. Ажырасуды қоғамымыз қор көрмейтін болған соң жасы да, кәрісі де оған арланбайтын болды. Сондықтан, бұл әлеуметтік құбылыспен қоғам болып бірігіп күресуіміз керек. Ал, тағдыры қыл үстінде тұрған ондай отбасыларға ақсақалдардың кеңесі, медиаторлар мен кәсіби психологтардың, жастар саясатымен айналысатын ұйымдардың жүйелі көмектері қажет. Қынжылтатыны, бүгінгі буын ұсақ-түйек даудан көз ашпауға айналды. Ата-бабамыздан мирас болған келісім мәдениеті өз мәнін жоғалтқан. Жан-жағындағы ағайын туыс дауды басудың орнына олардың қолтығына су бүркіп, мәселені ушықтыруға бейім болып барады. Қазір ел ішінде “сотқа беремін”, “соттатып жіберемін” деген сөздерді жиі естиміз. Жер дауы, мүлік дауларының түбіне үңілсек, жанжалдасып қалған жандар бір-бірінен жеңілдім деп, ымыраға келмей соттың есігін тоздыруда. Сотты адамдар өш алудың құралына айналдырған. Соттың аренасынан шыққанда бір-біріне күш көрсетіп, ақысын алғысы келеді. Осылайша, екі жақ болмашы даумен қас жау болып шығады. Жауласып отырған әкесі мен баласы, анасы мен қызы, ағайындылар, достар, көршілер, серіктестер. Олар сотта бітімге келе бермейді. Себебі, олар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер айтады. Ызалары ұлғайып, болмашы даулар үшін соттасып, әуре-сарсаңға түсіп, моральдық-материалдық шығынға ұшырайды. Сол себепті, жандалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, оны ушықтырмай бітімгершілікпен, ымырамен шешу жолдарын көрсетуіміз керек, – дейді Сағатбек Сүлеймен.
Фемида өкілдерінің сөзінше, көбіне дау-дамайлардың дені сотқа жүгінуді тіпті де қажет етпейтін көрінеді. Оған дәлел, 2017 жылы барлық қабылданған сот актілерінің 7,1 пайызына ғана шағым келтірілген. Жалпы, дамыған елдерде даулардың 80-90 пайызы бітімгершілікпен аяқталады екен. Оларда бітіммен шешуге келмейтін ауыр даулар ғана сотта қаралады. Сондықтан, фемида өкілдері медиацияның жеке тұлғаларға берер жеңілдігінің мол екендігін айтады. Біріншіден, азаматтар қағазбастылықтан арылып, уақытты үнемдейді. Екіншіден, ұзақ уақытқа созылатын сот істерінен арылып, дай-дамайлар тез шешіледі. Осылайша, тараптар тез арада келісімге де келе алады. Елімізде өткен жылы қаралған азаматтық істердің 5,6 пайызына жуығы ғана татуласу рәсімдерімен аяқталған көрінеді. Дегенмен, бұл көрсеткіштің өзі де соттардың көмегімен, күштеуімен ғана осы пайызға жетіп отырған көрінеді. Өйткені, халықтың көпшілігі дауларды сотсыз шешіп, келісімге келудің әдістерін біле бермейді. Татуласу арқылы жасалған келісімге, оның орындалуына сенімдері аз. Сотқа дейінгі татуласу жобасының ең негізгі мақсаты да халықтың санасын өзгертіп, қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендетіп, дау-дамайларды келісім арқылы тиімді шешу болып табылады. Бүгінде Қоғамдық даму министрлігімен бірігіп қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету және медиация институтын жетілдіру мақсатында “Жол картасы” әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек, Кәсіподақтар федерациясымен жасалған меморандум аясында өңірлерде татуласу кабинеттері ашылып, насихат жұмыстары жүргізілуде. Татуласу орталықтары еліміздің кейбір өңірлерінде жұмыс істеп те жатқан көрінеді. Мұндай орталықтарда медиаторлар, психологтар, зеңгерлер, ақсақалдар бірігіп дауды шешеді, кеңестер беріледі, кешенді көмек көрсетеді.
Конференцияда облыстық сот төрағасы А.Мерғалиев өңірде бітімгершілік бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, Қостанай облысының медиаторлар қауымдастығының сайтында дауларды шешудің түрлі аспектілері бойынша бөлімдер жасалған. Сайттың басты парағында облыс судьяларының медиация мәселелері бойынша мақалалары жарық көрген. Медиация арқылы дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдістері де тиімді көрсетілген және осы сайт арқылы облыстағы медиаторлармен танысып, байланысқа шығып, ақпарат та алуға болады. Сондай-ақ, өңірде жергілікті атқарушы органдардың ықпалымен 43 медиация кабинеті ашылған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, облыстық сотқа ағымдағы жылдың мамыр мен қазан айы аралығында түскен 176 істің 41-і бітімгершілікпен аяқталған. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап “Соттағы бітімгершілік рәсімі” пилоттық жобасына Рудный, Арқалық, Лисаков қалаларының соттары да қосылған. 2018 жылдың 9 айында облыс бойынша барлығы 23713 іс аяқталған, олардың 2755 немесе 11,6 пайызы татуласу рәсімімен аяқталған.
Ал, мұнан кейін сөз алған зиялы қауым өкілдері мен сот ардагерлері де тұрмыстық ұсақ дауларды сотқа жеткізбей, өзара шешу керектігін, бұрынғы билер институтын жаңғыртып, жас ұрпақты соған тәрбиелеу керектігін айтты. Жиын соңында медиаторлар даулар бойынша сотқа дейінгі медиацияны заңнамаға енгізетін болса, онда дауларды сотсыз жылдам шешуге мүмкіндік туып, қоғамдағы даукестіктің деңгейі де азаяды деген байламға келді.