Облыс әкімінің құттықтауы
Құрметті ардагерлер!
Ардақты ақсақалдар, ақ жаулықты аналар!
Қазақ халқы ежелден қариясын құрметтеп, ардагерін ардақтаған ел. "Ауылыңда қарияң болса, жазулы тұрған хатпен тең" деген бабалар сөзі де бекер айтылмаса керек-ті. Біздің қарттарымыз – елдің алтын қазынасы, салт-санамыздың тұғыры, отансүйгіштіктің үлгісі.
Сіздер қалтқысыз қажыр-қайрат пен ақыл-парасаттарыңыздың арқасында еліміздің жан-жақты дамуына өлшеусіз үлес қостыңыздар. Аймақтың индус-триалды-аграрлық қуатты өлке ретінде танылып, болашақ дамуына берік негіз қаладыңыздар. Бүгінде атқарылып жатқан ауқымды істерге қатысты келелі ақыл-кеңес қосып, тілекші болып отырасыздар.
Үлкенге ізетпен қарап, қарттарын қамқорына алу – біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп келе жатқан сарабдал саясаттың басты бағыты да алдыңғы буын аға ұрпаққа құрмет танытып, қамқорлық көрсету. Ендеше, осы жолды жалғастыра отырып, ардагерлер, қарттар мен зейнеткерлердің өміріне қолайлы жағдай жасау біздің үнемі назарымызда. Біз Сіздердің еңбектеріңіз бен ерліктеріңізді әрқашан мақтан тұтамыз.
Қадірлі жерлестер!
Осынау мереке күні зор денсаулық, ырыс пен береке, баянды ғұмыр тілеймін! Өмірлеріңіз жарқын, мағыналы сәттерге толы болсын!
Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов.