Байтұрсынов атындағы білім жарысы
Тобыл төрінде тұңғыш рет ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы респуликалық байқау өтті. Игі шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған. Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылған байқауға еліміздің әр өңірінен келген 14 оқытушы қатысты. Олардың барлығы өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытып жүрген тәжірибелі ұстаздар. Білім мен біліктілік сынға түскен оқытушылар байқауының алғашқы күні қатысушылардың әрқайсы Ахаң атындағы университет қабырғасында ашық сабақ өткізді. Сайыс екінші күні «Мирас» мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда ұстаздар өздері алдын ала дайындап келген электронды әдістемелік құралдарымен таныстырып, көпшілік алдында қазақ тілін оқытудың заманауи әрі тиімді үлгілерін көрсетті. Сондай-ақ байқау шарты бойынша берілген педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмаларды орындап, қазылар қойған сауалдарға жауап берді. Байқауға елімізге белгілі ғалым-ұстаздар қазылық етті. Қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұловтың айтуынша, еліміздің әр түпкірінен келген тіл үйретушілер байқау барысында өзара тәжірибе алмасады. Ұстаздық тәжірибесін байытып, әдістемелік қоржынын молайтады. Бұл байқауда біз әр өңірдегі тіл басқармаларында, тіл дамыту орталықтарында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытып жүрген оқытушылардың іс-тәжірибесін, сабақ берудегі шеберлігі сарапқа салынды.
Байқау қорытындысы бойынша, Қарағанды облыстық тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Қуанбаева бас жүлдені жеңіп алды. Ал бірінші орынды Қостанай аудандық тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Тоты Айтмағамбетова иеленді. Екінші орын «Орал-Сервис» технологилық колледжі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Әділхан Сұлтановқа бұйырса, қызылордалық Перизат Ізбасарова мен алматылық Шолпан Әбділда үшінші орынды өзара бөлісті.
Қазылар алқасының құрамында халық ақыны Қонысбай Әбіл де бар. – Еліміздің ең үздік оқытушысын анықтайтын ірі байқаудың Ахаң туған күн – 5 қыркүйекте, Ахаң туған топырақта өтуі тегін емес. Бүгін ерекше күн. Өте тебіреніске толы күн. Бұрын 22 қыркүйекте тойланып келген Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі былтырдан бастап, үкімет басшысының бекітуімен, Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылды. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, – дейді айтыстың әй-әй ақыны.