Лисаковтағы қос мереке (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Лисаков шаһары қала күнімен қатар, "Тың-Целина – 2018" облыстық спартакиадасының ашылу рәсімін өткізді. Биыл бұл қаланың құрылғанына 47 жыл. Ал облыстағы басты спорт бәсекесі осымен 33 рет ұйымдастырылып отыр. Тұрғындар қос мерекені де кең көлемде атап өтті.

Лисаков XXXIII облыстық спартакиаданы қабылдау үшін тыңғылықты дайындалған. Қала көшелері жаңарып, орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Осынау спорт бәсекесіне облысқа қарасты барлық аудан мен қала спортшылары қатысады. Олар спорттың он түрінен бақ сынамақ. Жыл сайын спартакиадаға қатысушылардың саны артып келеді. Мәселен, өткен жылы 26 мың спортшы қатысса, биыл 27 500 адамға жеткен. Алғашқы құттықтау сөзін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов алды.






Лисаковтағы стадионның жөндеу жұмыстары мен облыстық спартакиаданы өткізу үшін облыс бюджетінен 700 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл игілікті жұмыстың жемісін балғын спортшылар көріп отыр. Жасанды футбол алаңы мен жеңіл атлетика жолағы барлық талапқа сай.
Жаңа стадионда дәстүрлі карнавал шеруі жүріп, жиналған жұртшылыққа ұмытылмас әсер сыйлады. Шеруді үрмелі аспаптар ансамблі бастап, қалалық мекемелер түрлі кейіпкерлерді сомдап шықты.

Бұдан соң жергілікті өнерпаздар мен қазақ эстрадасының жұлдызы Қайрат Нұртас өнер көрсетті. Шара таңғажайып отшашумен тәмамдалды.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.