БІЛІМ НАУҚАНЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ
Еліміз бойынша ҰБТ толықтай аяқталмағанымен, Қостанай облысының көрсеткіштері белгілі болды. Облыстық білім басқармасының басшысы Бәтима Даумованың сөзінше, осы жылы білім науқанына облыстың 2858 түлегі қатысты. Бұл былтырғы көрсеткіштен 5,6%-ға артық. Оның ішінде 1396 түлек – мемлекеттік тілде, ал 1459-ы орыс тілінде тапсырды. Жалпы, өңірдегі 311 мектептің 277-сі ұлттық тестілеуге қатысуға өтінім берді. Бастысы, білім сапасы жаман емес.
– Облыс түлектерінің тестілеудегі орташа баллы – 86,7. 2017 жылғы көрсеткіштен 4,8 баллға көбірек жинады. Ал ҰБТ-ның Республикадағы орташа көрсеткіші қазір 83 баллды құрап отырғаны мәлім. Рудный, Арқалық қалалары және Аманкелді, Таран, Жанкелдин, Алтынсарин аудандары ҰБТ-дағы деңгейлерін жақсартты. Әулиекөл ауданындағы Көктал орта мектебі мен Аманкелді ауданындағы Аманкелді орта мектебі облыс бойынша үздік нәтиже көрсетті. Аталған аудандардағы сынақтың орташа ұпайы, тиісінше, 111,8 және 110,9 болды. Тестілеу көрсеткіші Науырзым, Қарабалық, Сарыкөл, Федоров аудандарында төмен, – деді басқарма басшысы.
Биылғы жылдың басты жаңалығы – 3 оқушы сынақты ағылшын тілінде тапсырды. Олардың орташа ұпайы – 97. Айта кетейік, елімізде небәрі 7 түлек ағылшын тілінде тестілеуден өткен болатын. Сондай-ақ, 142 «Алтын белгi» иегерінің 26-сы ҰБТ-ға қатысқан жоқ. Олардың оны Қостанай қаласының мектептерінде білім алды. «Алтын белгі» үміткерлерінің 56%-ы ғана 100 баллға ие болып, білімдерін қорғады. ҰБТ нәтижесінде Жанкелдин ауданы Торғай орта мектебінің түлегі Ажар Кенжебай облыстағы ең жоғарғы баллға ие болды. Ол 140 сұрақтың 134-не дұрыс жауап берген. 133 балл алғандардың ішінде қостанайлық Маржан Малкенова, Арқалық түлегі Гүлім Жаңалық пен аманкелділік Еркебұлан Жұмағазин бар.
Архимед Мұхамбетов ҰБТ қорытындысы бойынша өңірдің оңтүстік аудандарының жетістіктеріне тоқталды. Облыс басшысы білім сапасы төмен аудандардың әкімдеріне сын айтты. Архимед Бегежанұлы инновациялық мектептердің басшыларына да білім беру сапасын қолға алуды тапсырды.
Еске салсақ, ҰБТ 1 шілде күні толықтай аяқталады. Оның қорытындылары педагогтардың тамыз конференциясында белгілі болады.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ