ЕР ЕҢБЕГІН ЕЛІ ҰМЫТПАЙДЫ
Туған жерге абыройлы еңбек етіп, бүгінгі ұрпаққа ұлтжандылық пен азаматтылықтың үлгісін көрсете білген аға буын өкілдерінің игі істерін насихаттап, жастардың бойына Отанға, еліне деген патриоттық сезімін қалыптастыру мақсатында Меңдіқара ауданы әкімі Ерлан Теменовтың бастамасымен елімізге танымал тұлғалардың жастармен кезедсуі ұйымдастырылды.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерге тағзым етіп, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу, туып өскен мекеніне қызмет ету – қазақ халқының көнеден келе жатқан игі дәстүрі екені айтылған. Ел игілігі үшін тер төгіп, халықтың құрметіне ие болған азаматтар Меңдіқара өлкесінде де баршылық. Олардың есімдері қашан да ерек. Осы кешке арнайы шақырту алған құрметті қонақтардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов, «Азат и Д» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Ахметов, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі Лидия Садвакасова сынды аудан, облысымызға белгілі азаматтар болды.
Кеш шымылдығын құттықтау сөзімен аудан әкімі Ерлан Олжабайұлы ашып берді. Еліміздің өркен жайып, қарыштап дамып, жетістікке самғау жолында еңбек етіп, бүгінде еңбектерінің жемісін көріп отырған аға буынға алысын білдірді. Ел ағаларының осынау ғибратты өмір жолын бүгінгі жастарымызға үлгі етті. Сондай-ақ, бүгінгі күні жалпы ауданымыз бен облыс аумағындағы атқарылып жатқан игі істер мен ауқымды бастамалар жайында кеңінен тоқталды. Сонымен қатар Ғ. Жұмабаев атындағы Боровской орта мектебінде мемлекеттік тілде шағын орталықтың ашылғандығын хабарлады. Мұндай қуанышты жаңалықты ата-аналар кұтпеген еді. Сөз соңынан Ерлан Олжабайұлы салтанатты түрде Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов пен облыстық мәслихаттың депутаты Марат Ахметовке жас ұрпаққа қолдау көрсетіп, жанашырлық танытқандары үшін облыстық ҮЕҰ-ның атынан Алғыс хат табыс етті.
Басқосу сұхбат түрінде жалғасын тапты. Төрдегі қонақтарға қойылған әр сұрақтың жауабын жас буын ұйып тыңдап, құнды, тәжірибелік маңызы зор рухани байлыққа кенелді.
Атадан көрген кеңдіктің арқасында туған елге өлшеусіз еңбек етіп, бірі ауылшаруашылығының қарқын алып, қарыштап дамуы жолында аянбай тер төксе, енді бірінің білім беру саласындағы еңбегі өлшеусіз, ұшан теңіз. Осы орайда жетістікке жету жолы, Отанға деген адалдық, туған жерге деген сезім, «осындай ерекше қасиеттерді бір адамның бойына сіңіре білудің сыры неде?» деген сұраққа қонақтар тарапынан жан-жақты, әрбір жас ұрпақты терең ойға жетелейтін жауаптар беріліп жатты.
– Туған елдің қандай бір рухани құндылығын мақтан етесіздер, Іздеріңізді жалғап келе жатқан жас буынның туған жерін түлету жолында қандай қадам жасағанын қалар едіңіздер? – деген, нақты әрі маңызды сұрақтар қонақтарға үсті-үстіне жолданып жатты. Ал, өмірлері өнегеге толы ел ағалары мен апалар қашанда жас ұрпақтың саналы, тәрбиелі, білімге озық, заман ағысына ілесе білетін, кез келген қиындыққа төтеп бере алатын, адал да абыройлы, еліміздің ертеңіне бей-жай қарамайтын ұлжанды азаматтарды көруді арман ететіндерін және соған тілекші екендерін де жасырмады. Бұл кеште әрбір құрметті қонақ жиылған жастармен кеңінен әңгіме өрбітіп, жеткен жетістіктерінің қыр-сырымен бөлісіп, білген-түйген өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Өмір бойы туған елдің төсінде еңбек етіп бүгінде құрметті демалыстағы ел ағалары ауданымыздың әрбір жақсы жаңалығына қуанып, хабардар болып отыратындықтарын да жасырмады. Бүгінгі таңда Қостанай қаласының халықаралық «Исма» фирмасының ауданымыздың мектеп жасындағы балаларды арнайы жабдықталған кабинетте ментальді арифметикаға толық оқыту жүйесін жүргізіп жатқандығы және Ғ. Жұмабаев мектебінің күрделі жөндеуден өтіп, акт залы мен асхана жүйесі, технология кабинетінің толық жаңартылғаны, музыкалық аппаратпен қамтылғаны осының бәріне көңіліміз толып, қуанышқа кенеліп отырмыз деген тілектерін білдірді олар. Ауданымыздағы осындай заман талабына сай жаңашылдық пен өркендеудің бастамашысы бола білген аудан әкімінің еңбегі өлшеусіз екенін де жасырмады. Осындай тәрбиелік мән-мағынасы зор, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған ауқымды шараға бастамашы болып отырған аудан әкімі Ерлан Олжабайұлы мен іс-шараға қолдау білдіріп, мұрындық болған аудандық білім бөліміне кеш қонақтары мен жиылған қауым алғыс айтып, әрбір бастамаларымен еңбектеріне сәтті қадам тіледі.
Ауқымды іс-шара барысында арнайы даярланған концерттік бағдарламаға да орын берілді. Сахна төрінде көтерілген бір топ жас патриоттық әндерін шырқап, өлеңдерін оқып көптің қошеметіне бөленді. Өнерпаз Әсем Искакова мен шәкірті Сабина Темірхан жетіген аспабымен орындаған әнмен сахнаның сәнің келтірді. Мерекелік концертте ереше дауыс иелері Марат Омаров, Ражановтар отбасы да әннен шашу шашты.
Іс-шараның қорытынды сөзін алған білім бөлімінің басшысы Айымгүл Балтабаева арнайы ат терлетіп келген қонақтарға алғысын білдіріп, жас ұрпаққа өмірлік сабақ болар осынау киелі кездесудің маңызын атап, жастарға осындай мүмкіндік туғызып отырған аудан әкіміне алғысын білдірді.
Дәл осы кеште Сайран Балкенұлының бірнеше жыл бұрын жариялаған білім грантымен медицина саласы бойынша білім алған Ерназ Құлтаевтың диплом алып, еліне еңбек етуге келгелі жатқаны белгілі болды. Аудандағы маман тапшылығын шешу мақсатында қолға алынған игі істі Марат Жұмасұлтанұлы жалғастыруды жөн көріпті. Олосы басқосуда ауылшаруашылық саласы бойынша екі бірдей грант ұсынып отырғанын жеткізді.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ