Келесі жұп – Марғұлан мен Ернұр (ЖАҢАРТЫЛДЫ)
Ақын болып осылайша жыр арнадым,
Қашанда қара өлеңге құмар жаным.
Облыстық газетім ерлеп тұр ғой,
Ұлы өнердің орындап бір арманын.
Жазба айтыс деген айдар ашып бізге,
Ақындардың жариялап тұрар бəрін.
Тайсалмай топқа түсіп жас болсам да,
Елімнің ақ үмітін тұмарладым.
Қасиетті Рамазан айы келді,
Үстем қып пенделердің тұрар бағын.
Оразаның сауабы тиіп елге,
Қабыл болсын жасаған дұғаң да мың.
Бұл айтыста он алты ақын боп ед(і),
Есімде əлі іріктеуде сыналғаным.
"Алла" деп, іріктеуден іркілмедім.
Шүкіршілік қыламын бұған да мың.
Негізінде, ұстазыма жол берген ем,
Финалға өтуге де сұранбадым.
Қазылар мені өтсін деп шешім қыпты,
Шығарған шешіміне қуанғаным.
Бағын сынап көрсінші деген шығар,
Марғұландай ағамды сыңарладым.
Не де болса, көрейін бір тартысып,
Ел қолдаса, жетеді бұған да əлім.
Ассалаумағалейкүм, сəлем бердім,
Орындар ел емес пе ұл арманын.
Бұқара жұрт, бармысың оқитұғын
Бұқаралық ақпарат құралдарын?
Мен емес ақтаратын жалған жайды,
Інің қалай ісіңді аңғармайды?
Астана елі болсын деп баспаналы,
Ағамда осындай бір болған қайғы.
Иə, рас, баспанасыз қазақтар жүр,
Тауға да тасқа соғып сор маңдайды.
Сөзіңізге толықтай қосыламын,
Ақын қалай ел жайын толғанбайды?
Астанада бір адам үйлі болса,
"Үйлі болсам" деп мың адам армандайды.
Ағасы, сенің бұндай айлаң құрсын,
Байқасам, бəсекеге сайлаулы ұлсың.
Іріктеуде ұстазыммен айтысып ем,
Енді Ернұр саған өзін сайландырсын.
"Күшік едің, бөрі боп шықтың" дейсің,
Бұл сөз қалай көңілімді жайландырсын?
"Ұстаздан шəкірт озар" деген нақыл,
Ағасы, санаңызда сай жаңғырсын.
Білмеймін, бəрі ақылшы осы күні,
Құшағын ешкім де жоқ жайған бір шын.
Бұрын-соңды менімен айтыспап ең,
Ағам да маған қарсы майдан құрсын?
Менімен шықпаған соң көбі сыншы,
Ернұр да ақындарды ойландырсын.
Өзінің қолымен ұстап көрмегесін,
Сəби оттың ыстығын қайдан білсін?
Мен емес отыратын мүлде жасып,
Шабыттанып тастайын бір бел асып.
Айбек ұстаз өктемсіп сөйлемейд(і) деп,
Шешендей сөз бағасың тілге машық.
"Ауызыңа абай бол, лақпа" дейсіз,
Тастағандай төр көріп, мінбені асып.
Айбек ағай тəлімін берер маған,
Сондықтан да жасқанбай жүргем асып.
Мықтымын деп мұрныңды шүйірмегін,
Бұл айтыста кетсең де кімнен асып.
Ағайым батыл бол деп дем береді,
Берекеңіз, білмеймін, жүрме қашып.
Қаншалықты қалықтап қанат қақсын –
Қыран да ұша алмайды күннен асып.
Ендеше, көрсетпейік көшті аласа,
Сөз бастап таныттыңыз бəс тамаша.
Көкжиегін кеңейтсек айтысыңның,
Тұмандана қоймайды-ау аспан аса.
Ойыңыздың тереңдігін көрсеткейсіз,
Жел сөзге ере бермей жас балаша.
Абыройлы бола алмай жатыр екен,
Озық ойды танытпай жастар аса.
Бұл айтыстың кішісі,ең жасы мен,
Жарар еді "жассың" деп жасқамаса.
Айтысты созбалақтап жібердіңіз,
Қол тимей, шаруаңыз бастан аса.
Əй, бірақ, жұмысыңыз дөңгелеп тұр,
Жүргенмен біздерге де кеш қараса.
Қала әкімі жақында ақын ұлды
Қызметінің қылыпты мақтаны аса.
"Алғыс хат" берер ме еді ескерілмей,
Əкіміңіз еңбегіңді қоштамаса?
Бұныңызбен қалмаңыз елді елемей,
Жақсы боп көрінгенмен басқаға аса.
Елдің жайын сөз етпесе несіне жүр,
Ақын боп ақиқатты растамаса?
Ақ сөйлеп, елдің мұңын жырла енді,
Би өкілі ойды өзгертіп, ластамаса.
Əкіміңіз бір қағаз алғыспенен
Ауызыңызды қоса жауып тастамаса…
Байқасам, жауабың жоқ сенің ұтқыр,
Мен емес қалатұғын жеңіліп құр.
Ініңе "өркөкірек баласың" деп,
Жан-жүйең жыламсырап егіліп тұр.
Батылмын, батырмын деп бөскенім жоқ,
Өзіңнің өлеңіңнен өріліп тұр.
Барынша сабырлықты мен сақтағам,
Сабырсыздық сенің ісің кері қып тұр.
Ініңе ауыр сөздер айтқаныңша,
Əлмағамбет атаңдай серілік құр.
Өзіңіз өткен жайды ақтарыпсыз,
Деуші едім дүлей ақын сені мықты ұл.
Архивті неге қозғап отыр десем,
Атқарар жұмысыңның жөні боп тұр.
Экспонат емеспіз ғой соншалықты,
Жырыңнан кешегі айтыс төгіліп тұр.
Неменеге өткенді қазбалайсың,
Осы бір істеріңнің жөнін ұқтыр?
Музейде, аға, жұмысты жасайтының
Шаң басқан сөздеріңнен көрініп тұр.
Мұндайда қайтаратын жырымыз бар,
Ендеше, түспесінші құныңыз дəл.
"Парасатпен өлшенер,- деп,- озғандығың",
Сіз жақтан байқалады суық ызғар.
Оздың деп растаған қазылар ғой,
Ернұрдай қостайтұғын ұлыңыз бар.
Озсаң шəкірт дайында дейді өзіңдей,
Қалмайды ұстазға да ініңіз зар.
"Құнанбайдың əңгімесін есіңе ал" деп,
Құбылды-ау сөз таба алмай жүзіңіз дəл.
Құнанбаймен тең қылсаң ұстазымды,
Ақымақтық болады-ау мұныңыз дəл.
Ол Құнанбай, мен Абай бола алмаймын,
Сөзіме де мойынды бұрыңыздар.
Құнанбай, Абайларың қайта келмес,
Өтсе де неше ғасыр, жүзі жылдар.
Шіреніп, аға, сүйек жұтқаныңда,
Шығар жерін өлшемес қырыңыз бар.
Сондықтан өктем етіп сөз сөйлеме,
Бірімізге боп қалмайық біріміз зар.
Аңдамай сөйлей берсең дəл осылай,
Ауырмай өлетұғын түріңіз бар.
Ақынға артылған бұл сының анық,
Отырсыз бар деректі біліп алып.
Қытайлық қандастарды кінəлі ғып,
Жастарды салды дейсіз бүлік анық.
Жалған ақпар бергеннің сөзін қоштап,
Ағамның боп отыр ғой күні ғаріп.
Желөкпедей жел сөзге ере бермей,
Деректі ақтарғайсыз біліп алып.
"Жалғыз Айбек ағайың жақ ашты" деп,
Ернұрға кінə тақты-ау мұның анық.
Ағайымнан мен асып қайда барам? –
Жүрмін ғой тасасында білім алып.
Қандас келсе, құшақты жаямыз ғой,
Біздерге бауыр дейтін ұғым анық.
Ал енді қарақытай қолымыздан
Жатыр ғой жерімізді жұлып алып.
Бұл жалғыз Арқалықтың жайы емес,
Ел болып қытайларға жұмылалық.
Қытайға қазақ жері өтіп кетсе,
Қор болар қызың менен ұлың анық.
Ақиқатты бұрмалап не көрінді,
Шындықтың да естілмей дүбірі анық.
Бар қазақтың мəселесі емес пе бұл,
Қоймайық мəселені жылы жауып.
Ал сіз болса, ағасы, отырсыз ғой
Үй ішінен үйшікті құрып алып.
Ағасы, қаша қоймас құтым менің,
Демеймін сауалыңмен ұтымды едің.
Жағасын ініңіздің жыртқаныңша,
Жыртық-жамау ойыңды бүтіндегін.
Бүлікшіл жалған топқа еріп кетпей,
Тобырды тоқтатшы деп үкімдедің.
Ініңе құр байбалам салып отсың,
Жарытып сен де ештеңе бітірмедің.
Кіндік қаның тамған жер Торғай еді,
Неліктен Марғұландай құтырды ердің.
Ендеше қатысыңыз бар боп тұр ғой
Тоқтатын жалған жай үкімге мың.
Жақ ашып сондықтан да тоқтау айтқан
Түзу қып қараша үйдің түтіндерін.
Ал өзің Қостанайда отырып ап,
Қатысы жоқ маған деп шүкір деуің.
Асын ішіп кіндік қан тамған жердің,
Астауына жарамас түкіргенің.
Додада тіл сүрініп, жақ сынған ба,
Ағамда ақ інісін жатсынған ба?
Қостанайдың айтайын жайын мен де,
Ернұр да елдің сөзін рас құндауда.
Көлік жүрер жолдарың бұралаң ед(і),
Күн сайын жауған жаңбыр, тасқыннан ба?
Көктемнің келуімен, қадамыңды
Көшелерді жөндеуге бастыңдар ма?
Жолдарың былай тұрсын, көше атауы
Таланды орыстардай қасқырларға.
Орысша атауларға назар салса,
Тұрғындардың көзіне жас тұнған ба.
Таран менен Герцендей коммунисті
Бұрынғы əкімдерің дос қылған ба?
Архимедтей əкіміңіз келгеннен соң
Қазақы атауларды қош қылған ба?
"Тəуелсіздік" деп атауын өзгертіпті,
Таранды айналдырып бас құрбанға.
Герценді Қобыланды батыр қылды,
Ел үшін айналып ед(і) рас құрбанға.
Таран менен Герценді əлі атайды екен,
Неліктен қала жұрты жатсынбауда?
Авиацонный атауын өзгерткізіп
Шығармақ Кəмшаттайын жақсымды алға.
Өлген соң тұлғаларды құрметтейтін
Əдет қалмай, ауруың асқынған ба?
Елдің жайын айтатын ақынсың ғой,
Əкімге ақылыңды қос тыңнан да.
Көшелері өзгеріп жатқанменен,
Көсегені көгерте алмай жатсыңдар ма?
Марғұлан:
Молда ата, дін таратқан Әлмағанбет,
"Сері" деп айту сізге дәл бағаң ба ед(і)?!
Ұстаз боп, медресе ашқан едің,
"Бұл уақыт – сана дімкәс, сал қоғам" деп.
Кей ұрпақ бірақ сізді түсінбепті,
"Серілік құрып жүрген шал болған" деп.
Мешітке атыңызды берді Арқалық,
"Ғұмырын Хақ жолына арнаған" деп.
Әйтпесе, серілердің атын бермес
"Кезінде дін жайында салған ән" деп.
Санасы жетпеген соң сары бала,
Шамасы жеткен жерге шарлаған кеп.
Ұғымы солай болса бұл баланың,
Ойлаймын мешітке де бармаған деп.
Ағайын, ақындарың мұндай болса,
Сіздерде де шымшитын қалмаған бет!
Айтыстым Арқалықтың сотқарымен,
Бұлардың уәжге, білем, тоқтары кем.
Бүгінгінің жастары көзсіз батыр,
Көбелектей күмп еткен отқа кілең.
Қаймықпай қарсы шабуыл жасайды ылғи,
Болса да ақылы аздау, жоспары кем.
Сен мана жоғарыда аңқауланып,
Сырыңды қуаныштан ақтарып ең.
«Ұстазым жеңсе екен» деп тілеп тұрып,
Финалға өткеніңмен мақтанып ең.
Тілегіңнен өзгеше ниетіңді
Жаратқан қабылдапты Жаппар ием.
Көшесін Қостанайдың сынға аласың,
Көп жылап көз жасыңыз құрғамасын.
Аянып әкіміміз қап жатқан жоқ,
Елімнің көркейтем деп бір қаласын.
Көрдің бе, көшелерді жауып тастап,
Тас жолдың төсеп жатыр үр жаңасын.
Шамасы, көптен бері көрмегенсің
Құлпырған Қостанайдың гүл даласын.
Тізуге жамандықты құмарсыңдар,
Келгенде жақсылыққа жым боласың.
Көгермей көсегесі жатыр деме,
Еңбектің берген дұрыс шын бағасын.
Әйтпесе, дым бітірмей жатқан жоқпыз,
Тығып ап түйеқұстай құмға басын.
Миыңа құйып тұрып айтар едім,
Әй, бірақ, белгілі ғой тыңдамасың.
Жан едім кекшілдіктің атына қас,
Шындыққа шын мұсылман шатынамас.
Бәріміз қызып алсақ, пендеміз ғой
Артық айтып жатқанын бақыламас.
Бір ағат менен кетсе, айып етпе,
Қылығым болса кешір тосын, оғаш.
Ене тепкен құлынның еті ауырмас,
Қабырғаң, мен қатты айтсам, қақырамас.
Аман бол, айналайын Ернұр інім,
Қосылсын жасыңа жас, басыңа бас.
Тонның ішкі бауындай үндесейік,
Бауырсың атың Қазақ, затың Алаш.
Өмірде, өнерде де жұп жазылмас,
Саңылақ інім боп қал сахналас.
Ернұр:
Ақын ең өлең-жырын өте əрлеген,
Ағаммен тайталасып қатар келем.
Сізді ұрпақ кереғар түсінді деп,
Ойыңыз құбылып жатар неден.
Молда екенін білуші ем ол кісінің –
Үмметі пайғамбардың атанды ерен.
Ақының осындай болды ғой деп,
Ағасы, түзетілмек қатаң неден?
Өзіңіз инстадағы парақшаға
Ол кісіні салыпсыз фотоңменен.
Сал-сері ақын болған кісі ғой деп,
Мақтанам деп жазыпсыз атамменен.
Өз сөзіңді өзің жалған етіп отсың,
Олайша ойнамағын атаңменен.
Айтпақшы, сізді мықты сазгер дейді,
Келістірген əндерді мақамменен.
Əнді де келістіріп айтқаныңда,
Төреғали Төреəлімен қатар көрем.
"Тотыдайын", "Айтыс" дейтін əн беріпсің,
Ол да өрлеп жүр ғой сенің батаңменен.
Ақындықтан сазгерлігің басым боп тұр,
Шен жапсаң да айтысқа шапанменен.
Жалған сөйлеп елге ақын болғаныңша,
"До, ре, ми" деп жүре бер нотаңменен.
Қолдауы керек бізге бар алаштың,
Демеймін құшағыңды маған аштың.
Інім деп ізеттілік қылар десем,
Жағамнан алып, аға, жағаластың.
"Сотқарсың,батырсың,ақылы аз" деп,
Ағасы, неге сонша қара бастың?
"Уəжге тоқтары жоқ" деп ініңе
Келмейді өзің мүлде жаза басқың.
Үш кезек бойы айттың ұстазымды,
Мұныңды ұтқаның деп санамаспын.
Ұстазымды ортаға қыстырумен
Ат-тоныңды айтыстан ала қаштың.
Жарытып жарамды ойды айтар деп ем,
Тауықтай қаза бердің табан астын.
Ініңнің деп жүрмегін сағы сынды,
Оңайлықпен бермеспін намысымды.
"Жамандықты тізуге құмарсың" деп,
Ініңе артып қойдың тағы сынды.
Əкіміңіз қызметінің шебері ғой
Еліне айтатұғын əр ісі үлгі.
Жаны қазақ ер боп тұр осы күні,
Олайша кері етпегін шабысымды.
Егінді жыл сайын өнімді етіп,
Арттырып та жатыр ғой табысыңды.
Игеріп алюминий,темірді де,
Байытып кенішті де қор ұсынды.
Елді өзіне əкіміңіз тартып жатыр,
Архимедтің тартылыс заңы сынды.
Белгілі бəсекенің басталғаны,
Ернұрдай қаша қоймас жас тарланы.
Гүл-көктемнің келуі былай тұрсын,
Жазда ерте уақытымен басталмады.
Табиғатым танытты тосын мінез,
Қара бұлт секілденіп аспандағы.
Жазға қол жетеді ме деп жатқанда
Қылықты көрсетті ғой ақпандағы.
Мамырдың мамыражай уақытында,
Өскеменде ақ қардың рас жауғаны.
Дүлей жел қыспағына алған жоқ па
Астанадай еңселі басты орданы.
Сəулетін желге ұшырып, бас қаланың
Жағдайын қара қазақ бос қамдады.
Алматыны неге құмға көмді екен,
Алатауым тау еді асқардағы.
Сең де көшіп жатыр ғой, тау да көшіп,
Табиғат түрлі мінез ақпарлады.
Тау көшкенге шыдармыз, ең бастысы,
Қазақтың көшпесе екен бастан бағы.
Шыңына шыға бергін асқарыңның,
Мен де айтыс беттерін ашқан ұлмын.
Мені де артық кетсем кешіргейсіз,
Ашықтығын тілеймін аспаныңның.
Ағалар аман болсын өзіңіздей,
Болуын қалайтұғын асқақ ұлдың.
Финалға өтіп жатсам Алла қолдап,
Əлі айтысын қарарсыздар жас дарынның.
Осыменен, ағайын, сенде аман бол,
Болайын жанашыры басқа кімнің?
Мағжанның сөзі еленбей қалмаса екен,
Еңсесін көтеретін жастарыңның.
Марғұлан:
Өнерім басымдағы бағым әман,
Сол үшін бәле арттың ба тағы маған?
Айтысу, ән жазу мен өлең айту –
Алланың берген сыйы бәрі маған.
Ел қолдап тай күнімнен топқа түскен,
Бесті едім бес түн шапса арымаған.
«Архимедтің «тартылыс заңы» дейсің,
Деп пе едің оқырманның бәрі надан?
Физикада «эврика» «аштың-ау» сен,
Рөліне кіріп алып «ғалым адам».
Дерексіз сөзді сайрап, көзді байлап,
Халықты адастырар залым адам.
Бұл айтыс бітпей жатып финалды айттың,
Аударсам назар салып зарыңа мән.
Есіктен кірмей жатып төрді аңсайды,
Бесіктен тәрбиеге жарымаған.
Қарамай осы астам пиғылыңа,
Деп айттың «ұстазымнан тәлім алам».
Көбейді-ау жастарымыз бәйге түссе,
Жұлқынып әкесін де танымаған.
Дарыны ағайыңның жұққанымен
Тәлімі, шамасы, әсте дарымаған.
Інілер «бетке айтқан» боп, беттен алса,
Жаныңда жер қала ма қарымаған?
Қартаның шайнай берсе дәмі кетер,
Көп созсаң сөзде қалмас мағына, мән.
Танитын шын жүйрігін шабысынан,
Болсыншы әділ қазы халық аман!
Ернұр:
Берілсін ақындардың бағасы дөп,
Айтыстың ақыл айтар ағасы көп.
"Бесіктен тəрбиеге жарымат" деп,
Өшіккен ағамыздың наласы көп.
Ағалар дəл осылай жаратпаса,
Қалай жүрем елімнің дарасы боп?
Ел қолдаса өтерміз финалға да,
Ойының қарасы мен аласы көп.
Ақылшы қалай, аға, болмақшысыз,
Жалған сөйлеп жүргенімен шамасы жоқ.
"Əкесін танымайды" деп айтады,
Қалса да атасының табасы боп.
Ағалардың жайы осы, не қылайын,
Інілердің аға үшін санасы жоқ.
Алла қалап, ел қолдаса болды бізді,
Жас дененің жазылмас жарасы жоқ.
Ернур бауырым алар асуын алда керемет жазыпсын, !
Ернар мыкты екен.
Ернұр тамаша ақын екен.
Үлкен деп,үлкен ге болыспаса игі еді
Жарайсың,Ернұр оқ бойы алдасың
Марғұлан айтарлықтай мықты екен,
Дегенмен Ернұр жас болсада,өресі тым биік екен.Сөзсіз ойының ұшқырлығы,ұйқасы,тапқырлығы керемет.Өз ойым қарсыласына қарағанда Ернұр ақынның айқын жеңісі көрініп тұр.Қазылар əділ шешім қылса,Ернұрды алдағы айтыстарда көретін түріміз бар
Марғұланның сөздері мықты екен.
Марғұлан- сауатты ақын. Ернұрға əлі тəжірибе керек-ау…
Марғұлан- сауатты ақын. Ернұрға əлі тəжірибе керек, әсіресе үлкенді сыйлау тұрғысынан…
Марғұлан мықтының мықтысы
Жарайсың Ернұр тек алға осы бетінен тайма
«Өмірімнің жартысы болмаса да,
інілер көңілімнің бөлшегі еді» деп тұрған ағаның жағасына жармасу айтыс мәдениетіне де, адамдыққа да томпақ. Айтысты ұрыспен шатастырмау керек. Қарсыласын жеңу үшін кедейлігін, шыққан тегін, елін, жерін, күйеуі мен қатын-баласын кемсітіп бетке басатын заманнан әлде қашан өтіп кеттік емес пе?! Салғыласу, шарпысу, тәсіл қолданудың да деңгейі болады.
"Тəуелсіздік" деп атауын өзгертіпті,
Таранды айналдырып бас құрбанға.
Герценді Қобыланды батыр қылды,
Ел үшін айналып ед(і) рас құрбанға.
Таран менен Герценді əлі атайды екен,
Неліктен қала жұрты жатсынбауда?
Тізесі шыққан тақырып екенін былай қойғанда, мұндағы ала-құла сөздерді қайда қоямыз? «Құрбан» дейтіндей Таран қайбір қимасымыз еді? «Рас құрбанға» айналып тұр дегені кім? Герцен бе, Қобыланды ма? Қазақта «неліктен жатсынбауда?» деген сұрақ қойылатын ба еді?
«Бас құрбанға,
рас құрбанға,
жатсынбауда,
жақ сынған ба,
жас тұнған ба,
қасқырларға,
жақсымды алға,
дос қылған ба,
қош қылған ба,
қос тыңнан да,
Жатсыңдар ма, деген «ұйқаспен» шұбырта» беру – айтыстың деңгейіне сын. Ернұрдың көпшілікке «өткір» болып көрінген кей түйіндерінен «Маржан сөздің» «исі» шығады. Тиісінше, Марғұлан тың ұйқастар қолданған. «Жүргенде бауырыңды күстәналап, Кетпесін сыртымыздан дұшпан орап. Онсыз да дінімізді дүдәмал қып, Көбейді қаба сақал, қысқа балақ. Қазақтың қазанының қақпағы ашық, Болған соң ит те қонақ, құс та қонақ. Қонақжай, дархандығын пайдаланып, Кетеді келімсектер ішті аралап. Мұндайға бой алдырмас тектілік пен Рухымызда бар еді күш ғаламат. Жастарымның ішіне жын кіргізіп, Сананы улап, арбаған мыстан-арақ. Аузын – ошақ, мұрынын – мұржа қылып, Темекіден кеудесін ыс қамалап. Неліктен әбестікке әуес болдық, Алғандай атасынан істі аманат. Адамға Алла артық қып ақыл берді, Самғасын деп бергендей құсқа қанат» дегені маған ұнады. Уағыз түрінде қолданса болғандай екен. Алайда, «Аламанда» Меліс Қосымбаевпен айтысқан тәжірибелі ақынға «"Ұстазымнан оздым" деп мына бала, Енді менің басыма өршеледі» деу жараспайды. «Өршеленді» дей салса өлең ұйқасы одан бұзылмас еді. «Сіздерде де шымшитын қалмаған бет!» дегені де оғаштау. Сондай-ақ, екі ақында да «артық» әріптерді жақшаға алған жерлері көп. Жазба айтыста мұндай кемшілік жібермеу керек. Мен үшін шектен шыққан болып көрінген біраз жәйтті термей-ақ қояйын. Сосын тағы бір айта кететін нәрсе «Тарлан» сөзіне қатысты. Тарлан – жылқының түсін білдіреді. Боз, бурыл, баран деген тәрізді. (Табаны тарлан боздың гулер желдей деген ән сөзін еске алыңыз.) Тарлан тартты деп жасы келіп, сақал-шашы ағарған адамды айтады. «Ернұрдай қаша қоймас жас тарланы» деген сөзі мағынасын ашсақ «Ернұрдай қаша қоймас жас ақсақалы» болып шығады. Ақындар үшін тіл тазалығы, әр сөзді орнымен қолдану ең басты талап болуға тиісті.
Қалам ұстап, сөз ұштаған жанға «жас-кәрі» деген «кешірім» жүрмесе керек. СӨЗ алдында, ӨНЕР алдында бәрі жауапты.
«Өлеңді айт дегенде айтқан қызық, болмайды өлең айтқан кісі бұзық» дейді қазақтың қара өлеңі. Өнерге жақын жастар азайып кеткен уақытта Ернұр сияқты жас талаптың шығуы қуантады. Бірақ, айтысу, өлең өру – «ит қырылған жылғы» «проблеманы» езіп, мақал-мәтелді ұйқасқа келтіріп ұра беру емес екенін ескерткім келеді. Жеңімпазды анықтау қазылардың міндеті. Менің көңіл таразымда ақынның мықтылығы елшілдігімен өлшенеді.
Абылай, тезге салып тұрып керемет сараптапсыз! Негізінде, әуел баста ұйымдастырушылар сіз секілді тәуелсіз сарапшылар тағайындауы керек еді. Шешім шығарылмай тұрып, осындай объективті пікірлер айтылып отырғанда, жазба айтыстың ашықтығы, әділдігі көзге ұрар ма еді! Әйтпесе, қазылардың өзі жеңімпазды қалай анықтап жатқаны туралы пікір айтпайды. Оның үстіне, айтыс басталғалы бері газетке де жөндемді талдамалы материал шыққан жоқ. "Кім не айтты? Ұтымды-ұтымсыз тұстары қардай? Деңгейі ше?" деген сияқты сұрақтарға жауап қатылып отыруы керек еді. Сіздің мына жазбаңызға қарап ойға түскен соң айтып отырғаным ғой. Мойындау керек, келтірген уәждеріңіздің бәрі дөп! Мынау жас балалардың этика-эстетикадан мақұрымдығы "әттеген-ай" дегізеді. Өздерінің бет бақтырмайтын бетпақтықтарын қайтерсің және?! Тәрбие жоқ. Тәрбие жоқ жерде өнерің де, білімің де көлге барып жауған жаңбырмен тең емес пе! Қостанайдың 5-6 көрермені бар сахнасында айтысып жатса бір жөн. Құдай-ау, мұны интернет арқылы мұқым ел, керек десең, көршідегі қандастар қарап отыр ғой. Сүйекке таласқандай ырылдасқаннан не ұтпақ екен? Ернұр біресе сыйлап, біресе боқтап, мың құбылып, шеңбірек ата берді. Көз сүрінетін кемшіліктерін де теріп беріпсіз. Ұйқасқанның бәрі өлең еме қой. Сөзсіз, бұл айтыста тәжірибе алға озып тұр,Марғұлан сауатты жазды. Формалық та, мазмұндық жағынан да. Жеңіс соған берілуі тиіс. Керісінше жағдай орын алып жатса, енді көрмегенім осы айтыс болсын. Әділетсіздіктен онысыз-ақ та "ықылық атып" жүрмін…
Абылай ақын жақсы талдапты,
Марғұланның да,Ернұрдың да кем кетігін көрсеткен.Болар баланың бетін қақпа,белін бу дегені барғой қазақтың.Ернұрдың жасында бұлай топ жарып,үлкендермен үзеңгі қағысу екінің бірінің қолынан келе бермес.Марғұлан тəжірибелі ақын бола тұра,ондай қателіктер жіберуі үлкен сын.Ал Ернұрдың тайсалмайтындығы көз сүйсіндіреді.Қателектеріде көзге оғаш боп тұрған жоқ,жас болсада айтысқа машықтанып алғаны соқыр адамғада көрініп тұр.Сондықтан басымды деп жеңісті Ернұрға берсе,елде қуанатыны анық.Алдағы уақытта аз маз қатесі түзеліп тəуір ақын болатыны көрініп тұр.Ернұр алға.бағытыңнан тайма.Жеңіс сенің еншіңде қалуы керек.
Жарайсың Ернұр…
Ернұрдың талабы таудай екен,оқып отырып біздің өңірде Ернұрдай жас баланың бары бізге үлкен қуаныш тудырды.Алдағы уақытта үлкен экраннан көріп қаларымыз анық сияқты.дегенмен осындай айтыстардан баланың бетін қақпаса,жолын кеспесе екен дейміз.қанаты қайырылып жігері жасып қалмасына кім кепіл.Марғұланмен үзеңгілесе отырып,бірінші-екінші кезекте ,үшінші кезектеде басымдылығы айқын көрініп тұр Ернұр ініміздің.Егерде Ернұрдың жолын кесіп жатса,айтыстағы əділетсіздік былай тұрсын,үлкен өнерге қастандық жасағынымен пара пар болады.Адамгершілік тұрғысынанда жат нəрсе болады.Ернұрдай жас айтыскері бар өңірдің,алдағы уақытта байрағы желбірейтіні анық.Алла жолын оңғарып,сəттілік тілейміз.
Ернұр жарайсың!
Біздідің айтысымыздан көрі, Жырсүйер мен Ғасырдың айтысы қызығырақ болғалы тұрған сияқты.
Біздің
Epнұр жарайсың!
Тəрбие көрмеген дегені артық сіздіңде,жыр сүйердіңде.Тəрбие əке қанымен,ана сүтімен келетін нəрсе.Сондықтан айтыс басқа нəрсе өмір басқа нəрсе.Бұл жөн білетін аға апалар үшін ең өрескелі.