Бабалар рухына тағзым
Арқалық қаласындағы Алаш арысы А. Байтұрсынов алаңқайында қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митнинг өтіп, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Театрландырылған қойылым қойылды.
Қала әкімі Амантай Балғарин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасұлы, саяси қудалау құрбандарының ұрпағы Жұпар Жармұқанбетқызы сөз сөйлеп, қалалық мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы мен қасиетті Рамазан айына арнайы Түркия елінен келген құран қари Кокен Амре әруақтарға құран бағыштады.
Қазақ үшін тым ауыр кезеңде екі бірдей ашаршылық халықты теңтіретті. Ұлт тарихындағы ең қасіретті оқиға қолдан жасалды. "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" – деген жалаң ұранның салдарынан мал шаруашылығы күйреді.
Ал, саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алашарыстарын тұтқындаудан басталды. Оларға "ұлтшыл" деген айып тағылып, әртүрлі мерзімге түрмеге қамады, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт зиялыларына негізінен "кеңес билігін құлату үшін жасырын ұйымдар құрды" деген айып тағылды. Тіпті, коммунистік идеяға қалтқысыз сенген, сол жүйеге адал қызмет еткен қайраткерлердің тағдыры да қайғылы аяқталды. Заман озып, дүние дөңгеленген сайын тарих тағылымы халық жадында сақтала бермек.
Митингке жиналған ел ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым жасады.
Мұрат Жүнісұлы